Home » Балабақша » Келді міне, Алтын күз!

Келді міне, Алтын күз!

«Алтын күз» мерекесіне арналған ертеңгілік

Мақсаты: Балалардың күз туралы түсініктерін кеңейту. Күз мезгілінде болатын ерекшеліктер мен күз байлықтарын түсіндіру, күз айларының халыққа молшылық әкелетінін, қуаныш сыйлайтынын жеткізу. Табиғатты сүюге тәрбиелеу. Өнерге қызығушылықтарын дамыту, сөздік қорларын байыту.

Өтетін орны: музыка залы мерекеге орай безендірілген.

Көрнекіліктер: түрлі-түсті жапырақтар.

Кейіпкер: Күз ханшайымы.

Табиғаттың баяу үні шығарып тұрады. Балалар орман көрінісімен безендірілген залға кіреді.

Тәрбиеші: Балалар, біз күзгі орманға серуендеп келдік.

  • Қазір күз мезгілі, ал күзде ауа райы қандай болып тұрады?

Балалар: Күзде салқын болады, жаңбыр жауады, жел болады, жапырақтар сарғайып жерге түседі.

Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар, күзгі орманның жапырақтарының түсі қандай екен? Қане, қарайықшы.

Балалар: Сары, қызыл.

Тәрбиеші: Өте әдемі екен иә, балалар?!

(Осы кезде ызғар жел болып, сықырлаған дыбыс естіледі)

Тәрбиеші: Балалар, естисіңдер ме, бір дыбыс естілетін сияқты?

(Күз ханшайымы залға кіреді)

Күз ханшайымы: Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Тәрбиеші: Сәлеметсіз бе, сіз кім боласыз?

Күз ханшайымы: Мен Күз ханшайымы боламын.

Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы, бұл Күз ханшайымы ғой! Қане, балалар, барлығымыз Күз ханшайымымен амандасайықшы!

Күз ханшайымы: Мен сендерді көргеніме қатты қуанып тұрмын! Мен сендердің дауыстарыңды естіп, осында келдім.

Тәрбиеші: Күз ханшайымы, біз орманға серуендеп келіп едік, сені кездестіргенімізге біз де өте қуаныштымыз!

Күз ханшайымы: Сендер қандай тәп-тәтті, сүйкімді балақайсыңдар?!

Тәрбиеші: Сіз білесіз бе, Күз ханшайымы, біздің балалардың барлығы да ән айтып, би де билей алады. Солай ма, балалар?!

Күз ханшайымы: Апайларын рас айтады ма, балалар? Қане, ендеше өнерлеріңді көрсетіңдерші?!

Тәрбиеші: Балалар, Күз ханшайымына өлеңдеріңді айтып беріңдер.

Дильназ:

Қуандырып біздерді

Мерекелі күз келді

Кел, жемісті алтын күз

Кемелденсін халқымыз.

Аружан:

Алтын сары, қызыл, көк,

Алуан-алуан жапырақ.

Күзгі бақта күлімдеп,

Көз тартады жалтырап.

Алима:

Кездескен сон күзімен,

Бұтағынан үзілген.

Ай жапырақ-сары алтын,

Айналаның бәрі алтын

Балауса:

Алма пісіп, алмұрт түсіп,

Күзде бақтар жайнайды.

Алан:

Түсіп жатыр аулада.

Ағаштардан жапырақ.

Алтын күзім келді ме?

Сарғайыпты жапырақ.

Саяжан:

Алтынға бояп өңірді,

Күз де келді көңілді.

Бау-бақшада, орманда,

Сары жапырақ төгілді.

Ақерке:

Көбейді құт-береке

Астық толы қоймамыз.

Құтты болсын мереке

Алтын күзді тойлаймыз.

Тәрбиеші: Осындай керемет көңіл күймен әнімізді де айтайық.

Ән: «Кел балалар, күлейік».

Күз ханшайымы: Жарайсыңдар, балалар, дауыстарың қандай керемет!

Күз ханшайымы: Тамаша, балалар! Кішкентай менің ханшайымдарым, жапырақтармен би билегілерің келеді ме?

  • Иә!

Би: «Жапырақтар»

Күз ханшайымы: Жарайсыңдар, кішкентай ханшайымдар! Билерің қандай керемет! Ал енді мен сендермен ойын ойнағым келіп тұр. Менімен ойын ойнағыларың келеді ме? Олай болса, ойынымызды бастайық.

«Дыбысты тап» ойыны.

Ойын шарты: Балалар табиғаттың әртүрлі құбылыстардың дыбысын танып, ажыратулары керек.

Ойынның мақсаты: Балалардың күзде болатын құбылыстарды есту арқылы ажырата алуға үйрету.

Күз ханшайымы: Жарайсыңдар, балалар! Сендер өте тапқыр екенсіңдер!

Тәрбиеші: Күз ханшайымы, біздің балалардың тағы бір әні бар, тыңдасақ қалай қарайсыз?

Күз ханшайымы: Ән деген тамаша ғой, бүгін мереке тыңдайық, әрине.

Ән: «Күзгі тойда»

Күз ханшайымы: Көп рахмет сендерге, балалар! Апайларың дұрыс айтыпты, барлықтарың өнерлі балалар екенсіңдер! Өнерлерің өрге жүзсін! Сендермен билеп, әндеріңді тыңдап, көңілім көтерліп қалды!

Тәрбиеші: Осымен біздің күзгі орманға саяхатымыз аяқталды. Құрметті қонақтар, бүгінгі біздің «Келді міне, Алтын күз!» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Көңіл қойып, тыңдағандарыңызға рахмет! Сау болыңыздар.

Болатбек Гүлфайруз Болатбекқызы,

№46 «Самал» санаториялық балабақшасы,

тәрбиешісі

Астана қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.