Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Ұлттық бәсекелестік білімділік деңгейімен айқындалады. Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»,- деп отандық педагогтар алдына бағдарлы мақсат қойып, «Жаңа формация мұғалімі – бұл рухани дамыған, ірі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін- өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны дамыту үшін жауапты», –деп міндет те жүктейді. Сондықтан да білім беру салаларына оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, әлемдік коммуникациялық желілерге қосылу және онымен сауатты жұмыс жасау міндеті тұр.Жаңа оқыту технологиялары баланың тұлғалық дамуына бағытталған, ал оқытудың жаңа технологиясының түрлері көп.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасына қол қойғаны белгілі.
«Бағдарламада жақсы жаңалықтар өте көп. Мектепте оқытудың мемлекеттік білім стандарттары әлемдік стандарт негізінде жаңартылды. Әрбір түлек алғашқы кәсіптік біліктілікті тегін игеру мүмкіндігіне ие болады. Балаларды мектепке дейінгі оқумен 100% қамтуға ұмылып отырмыз. Келесі жылдан бастап үш тілді білім беру ісін біртіндеп кіргізе бастаймыз.2020 жылға қарай 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу қамтамасыз етіледі. Ғалымдардың болжамынша, 2020 жылға қарай жер жүзіндегі халықтың 50 пайызын «цифрлы балалар» құрайтын болады. Әңгіме мектептерімізді ақпараттандыру туралы болып отыр.2019 жылға қарай олардың барлығы жылдам интернетке қол жеткізуге тиіс. Ақыры біз Экономикалық даму мен ынтымақтастық ұйымымен ықпалдасып жатыр екенбіз, демек осыны да жүзеге асыру керек», – деді Қазақстан Президенті.
Мұғалім – елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеретін, жас ұрпақты тәрбиелейтін жуапкершілігі мол киелі мамандық. Ондай мамандық иесі әрқашанда өресі биік болып, сөйлеген сөзінен, ойлар ойынан ілтипаттылығы мен парасаттылығы, біліктілікке ұштасқан ізденімпаз, елжанды, адамгершілігі жоғары жайсаң адам болуы керек.
Мұғалімнің беделді болуы – өсіп келе жатқан ұрпақты ойдағыдай тәрбиелеудің ең маңызды шарттарының бірі. Қандай жастағы болсын балаларға ықпал етудің нәтижесі –тек оларды неге және қалай үйретуде, оларға нені және қалай айтуда ғана емес, сондай-ақ, кімнің айтып, кімнің үйрететіндігімен де анықталады.
ХХІ ғасыр – инновация мен индустрияның, жаңа ақпараттық технологиялардың ғасыры. Қазіргі еліміз жаһандануға қарқынды бет алған кезеңінде технологиялық жаңалықтардың таралу жылдамдығы уақыт талабына сай жаңа ізденістер қажеттілігін тудырып отыр. Барша адамзат өз дамуының мүлдем жаңа дәуіріне қадам басқан уақытта жағдайға тез бейімделе алған, «құзырлы» ұлт қана жоғары деңгейде өмір сүре алады. Елбасымыз: «Тек жоғары сауатты, дарынды, дана әрі отансүйгіш мұғалім ғана лайықты ұрпақ тәрбиелеп шығара алады. Бүгінде , мұғалім балаларға білімдер жиынтығын беріп қана қоймай, сонымен бірге, ең бастысы – оларды өмір бойы үйренуге үйретулері керек» – десе , ресейлік ғалым академик А.М.Новиков: «Келешекпен кездесуге дайындалу керек. Сол келешектің өзін дайындау қажет. Оның ішінде және бірінші кезекте, сол келешек үшін білім беру жүйесін даярлау қажет» деп бүгінгі күнгі аса маңызды қажеттілікті ерекше атап көрсетеді.
Мұғалімнің қызметіндегі әрекетінің ерекшелігіне, шешетін мақсат міндеттеріне қарай, мұғалімнің беделін бағалануына байланысты төмендегідей деңгейлерді атауға болады: позициялық бедел, атқаратын билігіне, құқығына, міндеттеріне байланысты болатын түрлері. Позициялық бедел адамның әлеуметтік рөліне байланысты болып келеді. Мысалы,
ата-ана – бала, мұғалім — оқушы, тренер — секция мүшесі. Бала өскен сайын бұл бедел түрі азая береді.
Функционалды бедел білім , тәжірибе арқылы қалыптасады. Ең жақсы бедел түрі – жеке тұлғааралық, ол төрт жағдайлардан тұрады: балалармен жиі қатынаста болу, балалар туралы хабардың молдығы, оларды түсіне білу, өзін-өзі жетілдіріп отыра білулері. Бала үшін беделді мұғалім:
— эмоциялық жылылық пен қолдаудың көзі;
— барлық жақсылықтың биліктің нышаны;
— құрмет тұтып, үлгі- өнеге алатын адам;
— дос және кеңес беруші болғаны дұрыс.
Шынайы бедел білімге, сенімге, тусінушілікке, құрмет көрсетуге байла-нысты, шыдамдылық, жанашу таныту болып келеді.
Аттестация — педагогтың квалификациялық санатына сәйкестілігін анықтау үшін жүргізілетін зерттеу. Педагогтың еңбегін бағалау, өлшеу мәселесі педагогикалық жұртшылықтың назарынан тыс қалмаған. АҚШ-та рейтинг жүйесі қолданылады. Бағалау парақтарын толтыру, ол бойынша мұғалімнің қызметі үш тұрғыдан бағаланады:
-оқыту құралы
— сыныпты басқара білуі,
— тәртібі бойынша.
Қазіргі кезде мұғалімге қойылған талаптарға қарасақ, ол тәжірибе біздің елде де орын алуда. Конкурстық негізде жұмысқа алу, конкурстық негізде
квалификациялау — уақыт талабы. Білім сапасын көтерудің бір жолы — мұғалімнің жоғары квалификацияға ие болуында, бәсекелестікке қабілеттілігінде. Міне бұл мақсатта мұғалім квалиметриясының жоғары болуы – бәсекелестікке қабілетті елде білім беру жүйесіне сай дәрежеде мұгалімге қойылатын басты талап. Квалиметрия (латынша qualitas – «қандай, сапасы қандай», metreo – «өлшеу») — өнімнің адам қызметі процестерінің сапасын, өнім сапасын басқару мен стандарттауда қабылданатын шешімдерді негіздеу үшін қолданылатын, сандық бағалау әдістерін біріктіретін ғылым саласы. Квалиметрияның міндеті – сапаны бағалаудың барлық әдістерін әзірлеу және дамыту.Квалиметрияның басты мақсаттары: сапа көрсеткіштері номенклатурасын негіздеу, оларды анықтау мен ықшамдау әдістерін жасау, яғни мұғалім статусына қойылатын талаптардың жоғары деңгейде болуы және оның орындалуы, сол себепті мұғалімдерді аттестациядан өткізту елімізде кең орын алған.
Аттестацияның негізгі мақсаты — педагог қызметкерлердің кәсіптік біліктілігін көтеру, шығармашылық белсенділігін дамыту, әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету. Міндеті – мұғалімнің кәсіби деңгейіне қарай біліктілік санат беру. Ынталандырудың негізгі құралы ретінде мұғалім еңбегіне ақы төлеуді жіктеу болмақ. Қазіргі кезде бұл мәселеге оң көңіл бөлініп келеді.
Аттестация өткізудің негізгі принциптері:
— еріктілік
-ашықтылық
— жүйелілік
— эксперттік бағалаудың объективтілігі, әдепті, әділ өтуін қамтамасыз ету. Бұл принциптер аттестациялық комиссия жүргізілуде қатаң сақталады.
Қазіргі ереже бойынша үш түрлі комиссия құрылады. Бас аттестациялық комиссия республикалық, облыстық деңгейде, ал аудандық, қалалық комиссия тиісті білім мекемелерінің деңгейінде құрылады. Білім беру мекемесінің аттестациялық комиссиясын құру педкеңестің құзырында болады. Әр комиссия өз құзырына сәйкес мәселелерді қарастырады. Ал аттестациялық комиссияның негізгі шешімі – біліктілік санат беру. Қазір үш біліктілік санат берілген: жоғары санатты республикалық, облыстық, бірінші санатты аудандық, қалалық, ал екінші санатты – мектеп аттестациялық комиссия береді.
Мұғалімнің немесе мектеп басшысының қызметі екі кешенді көрсеткіш- термен бағаланады. Біріншісі – қызмет қорытындысын жинақтау, екіншісі — практикалық қызметті эксперименттік бағалау. Бірінші көрсеткіш бойынша мұғалім шығармашылық есеп береді: ғылыми-әдістемелік, немесе тәжірибелік – эксперименттік жұмыстарды ұсына алады.
Екінші көрсеткіш бойынша ол бірнеше нұсқада психологиялық-педагогикалық экспертизадан (сараптаудан) өтуі тиіс. Кейбір мектептерде, аудандық, облыстық технология, тестілеу, эксперименттік бағалау тәсілдері қолданылады. Дегенмен, педагогикалық қызметті болжамдау және жинақтауды аттестациялық комиссия нақтылап, түзетулер енгізіп отырады.
Мұғалімдерді аттестациялау педагогтің біліктілік санат сұраған арызы бойынша бес жылда бір рет өткізіледі.
Кейде аттестация мұғалімнің педагогикалық біліктілігін айқындау үшін педкеңестің шешімімен, басқару әкімшілігінің бастамасымен де жүргізілуі мүмкін. Шағын комплектілі мектептерде аттестация өткізуді ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Ондай мектеп мұғалімінің аттестациялауды аудандық бөлімінің немесе ірі мектеп базасында құрылған комиссия атқарады.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай аттестациялаудың табысты болуы оны ұйымдастырылуына, қорғау мен бағалаудың дұрыс жолға қойылуына, ұжымда іскер тілектестік көңіл-күйдің қалыптасуына тәуелді болып келеді.
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы
ПҚБАИ МДТ және БОК аға оқытушы
Хасенова Г.О.