Home » Жаңалықтар » ИНТЕРНЕТТЕГІ БАРЛЫҚ АҚПАРАТ ШЫНАЙЫ ЕМЕС

ИНТЕРНЕТТЕГІ БАРЛЫҚ АҚПАРАТ ШЫНАЙЫ ЕМЕС

Статистикаға сүйенсек, дәстүрлі емес діни идеологияға уланған жастардың 14 пайызы орта мектепті аяқтамай, колледждерге кеткендер немесе оқудан шығып қалғандар. Осы орайда, Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының бастамасымен «Дін, қоғам және мемлекет» тақырыбында дінтанушы мамандар оқушыларға түсінік жұмыстарын жүргізуде. Оқушылар санасында теріс діни ағым идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатындағы жүздесулер ақпан айынан басталған. Кезекті кездесу Орал қаласындағы №44 орта мектепте өтті.

Зерттеулер діни ағымдардың арбауына түскен жас буынның 68 пайызы интернет кеңістігі арқылы діни қызығушылықтарын басқандарын көрсеткен. Яғни, әлеуметтік желілердегі насихат жас буынның ой-ықпалына барынша әсер етуде. Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Ж.Аханов атап өткендей, интернет кеңістігінде барлық ақпарат дәстүрлі бағытта емес. Ал оны сараптау жас баланың деңгейіне сәйкес келмейді. Сол себепті «Вконтакте», «Facebook» сынды әлеуметтік желілер арқылы таралған кейбір ағымдардың идеологиялары біртіндеп баланың сана-сезіміне енуде.

–  Насихат ақиқаттан биік тұратыны белгілі. Ақпарат неғұрлым көп берілсе, адам оны соғұрлым сіңіреді. Таразыға салған кезде қайсысы көбірек болса, соған сенеміз. Яғни, дәстүрлі емес идеологияның насихаты биік болса, осы бағыттағы улану әрекеті артады, – дейді Жарас Аханов.

Теолог Наурыз Ұбаев 2013 жылы қабылданған «Діни бірлестік және діни қызмет» заңын түсіндіріп, теріс бағытқа кетпеудің басты ұстанымдарын түсіндірді. Атап айтқанда, дін туралы ілімді маман иелерінен ғана сұрау, мемлекет тарапынан ұсынылған орталықтардың сайттарын қарау, дін істері басқармасының сараптамасынан өткен кітаптарды ғана оқу – адастырмайтын жол.

– Тәуелсіз мемлекет болуы үшін төрт нәрсе қажет. Олар – дәстүр, жер, тарих, дініміз. Жат ағымдықтар осы құндылықтарымыздан айырғысы келеді. Бірінен айырылсақ, біз шашырап кетеміз. Құран Кәрімнің «Худжрат» сүресінде «Бір-бірлерін білсін деп адамдарды ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық» делінген. Демек, барлығы араб немесе неміс болып жаратылған жоқ. Әрқайсысының дәстүрі мен ұстанымы бөлек. Жат ағымның қаупі – олар салт-дәстүрді мойындамайды, басшыға бағынбайды, — дейді Наурыз Ұбаев.

Басқосуда оқушылар дәстүрлі дін мен деструктивті діни ағымдардың айырмашылығы, еліміздегі ұлттық және конфессияаралық келісім жөнінде көкейдегі сауалдарын қойып, дінтанушы мамандардан тұшымды жауап алды.

 Эльмира НҰҒМАНОВА
Орал қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.