Home » Балабақша » Интерактивтік әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, балалардың бойында адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру

Интерактивтік әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, балалардың бойында адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру

Астана қаласы
№46
«Самал» санаториялық балабақшасы
тәрбиешісі Тұрашева Таңшолпан Агайдарқызы
Қазіргі заманда жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру қоғамның ең маңызды міндеттерінің бірі. Білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру. Халық даналығында «Ағаш түзу өсу үшін оған бұтақ кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділігін арттыру үрдісі мектеп жасына дейінгі кезеңде қалыптасады. Балаларды имандылыққа тәрбиелеудегі оның бойында адамгершілік  қасиеттерді қалыптастырудағы білімге деген қызығушылығын оятудағы, өзара түсіністік пайда болудағы педагог пен балалардың  арасындағы қарым-қатынастың рөлі ерекше. Бәріне белгілі жағдай,  кіші топ балаларының ересек балаларға қарағанда айырмашылығы мәліметті қабылдау ерекшелігінде. Кіші топтың балалары  көбіне ойын түріндегі, суреттер арқылы берілген мәліметтерді тез қабылдайды. Ал теледидардан, яғни экраннан көрген мәліметтерді жас бүлдіршіндер одан да жақсы қабылдайды. Бұл жерде бір айта кететіні, экраннан көріп қабылдаған мәліметтерді жас бүлдіршіндер қабылдауға жалықпайды, қайта оларда  талпыныс, білуге деген қызығушылық пайда болады.

Елбасымыз Н.Назарбаев: «…Адамзат үшін ХХІ ғасыр жаңа технологиялардың ғасыры болмақ, ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып, өмірге енгізу, игеру және жетілдіру – бүгінгі  жас ұрпақ, сіздердің еншілеріңіз…  Ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында», — деп  атап өткен.   Сондықтан да оқыту – тәрбиелеу үрдісіндегі аса қажетті, педагог пен бала арасындағы қарым-қатынасты, өзара түсіністікті, сыйластықты, тіпті тәртіпті де жетілдіруге, нығайтуға, дамытуға, орнатуға және балалардың  ұйымдастырылған оқу қызметін меңгерудегі мәнін жақсартуда  интерактивті технологияның орны ерекше. Білім берудегі интерактивті технология (интерактив сөзі – inter (бірлесу), act (әрекет)) оқу қызметі  барысында ұйымдастырылған оқу қызметіне балалардың қатысуын ұйымдастыратын оқыту барысы болып табылады. Интерактивті технология интерактивті әдістер арқылы іске асады. Интерактивті әдістерге төмендегілер жатады:

— пікірталастар;

— топпен жұмыс;

— миға шабуыл әдісі;

— іскерлік ойындар;

— сауалнамалар жүргізу әдісі;

— презентациялар, т.б.

Балаларды адамгершілікке тәрбиелеуде  бұл әдістердің пайдасы зор.  Мысалы, интерактивті тақтамен презентациялар арқылы адамгершілік тақырыбына байланысты ертегі, мультфильмдерді көрсету оларды адамгершілікке, мейірімділікке, адалдыққа және еңбексүйгіштікке баулиды. Ертегі кейіпкерлерін көрген соң олардың ерліктеріне еліктеу, қиялдау, жақсы және жаман жақтарын ажыратып, жағымды жақтарын бойына сіңіреді, кейіпкерлерге деген сезімдері мен елестету қабілеттері дамиды. Атақты педагог Сухомлинский:  «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады.  Тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан  ұрпақ тәрбиелеу. Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Ол балаға рухани ләззат беріп, қиялға қанат бітіретін, жас баланың рухының өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол қоры бар рухани азық», — деп атап көрсеткен.

Қорытындылай келе, интерактивті оқыту бір мезетте бірнеше сұрақтарды шешуге жол береді. Балалар  арасында қызық та қызу контактілер құрудың тәрбиелік маңызы зор. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп Елбасы атап көрсеткендей, жас ұрпаққа білім беру  жолында интерактивті технологияны оқу үрдісінде қолдану мен тиімділігін  арттырудың маңызы зор.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.