Home » Балабақша » Инновациялық технологиялар мен әдістерді қолдану

Инновациялық технологиялар мен әдістерді қолдану

Бақыт деген ұғымның бір бөлігі ұжыммен бірлесе еңбек етуге ұштасып жатқаны  шындық. Ал сол ұжымда өмірлік азық болар пайдалы білім мен жаңына ізгілік нәрін сеуіп, жақсы мен жаманды үйретіп, ақылшы жанашыр бола білетін басшы болса нұр үстіне нұр.
Демек, ақылды игілікті ісі бардан сұрар болсақ саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан іскер басшы бүгінде іргесі қаланғалы екі жылдан ғана асқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №87 «Қадыр» балабақшасының меңгерушісі-  Рахимжанова Ляйла Мұратпековна.
Жаңа білім ордасының тізгінін ұстаған басшы ең бастысы бала тәрбиесіне үлкен мән беретіндігімен алда. Ол-әуелі бала бойынан ізгілік пен өз-өзіне деген сенімділікті сапалы білім, тәлім-тәрбиені көруді мақсат етіп қоятын басшы .
Бүгінде аталмыш білім ошағында  350-ден аса тәрбиеленушілер орыс-қазақ тілдерінде 12 топқа бөлініп 26 педагогтан тәлім-тәрбие алуда. 81 пайызы жоғары білімді педагогтардың 60 пайызға жуығы жас мамандар.
Өткен жұма сәуір айының 5 күні дәл осы шаңырақта «Өнер» кластері бойынша «Инновациялық технологиялар мен әдістерді қолдану» тақырыбында қалалық семинар өтті.
Балаларға көркемдік –эстетикалық тәрбие беру мақсатында инновациялық  технологиялар мен әдістерді қолданып , педагогикалық қызметте тәжірибе алмасуды мақсат еткен семинар өз дәрежесінде өтті.
Семинарға қатысып ғана қоймай өз бағасын әрі нақты пікірін, педагогтарға дұрыс жол сілтеп ақылын айта жүретін ұстаздардың ұстазы педагогика ғылымының кандидаты профессор Жұмабекова Фатима Ниязбекқызының шақырылуы ұжымға рухани серпіліс сыйлады.
Балабақшаның қос әдіскері  Алимова Ақдана Аскаровна мен Батарбекова Нурзия Хабиевнаның шығармашылық ізденісі оларға ой қосқан педагогтардың ұжымдық жұмысы береке-бірліктің арқасында көрерменін өзіне еліте білді. Әдемі сәлемдесудің өзін өзгелерден ерекшелеп қазақтың ұлттық музыка аспаптарымен байланыстыра сәлемдесіп және жиналған көпшіліктің халық әні әуенінде бірге ән шырқауы жаңа атқан таңға тамаша тарту болды.
Шынайы қарым-қатынас жасай білуге келгенде басқа балабақшаларда кездесе бермейтін достық байланыста осы ортадан табылды.
ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің лекторы  Жакупова Саягуль Курбановнаның ересек орыс «Ромашка»  тобында өткізген «Менің шежірем – елімнің шежіресінің бір бөлігі» атты интеграцияланған лекциясы  ұрпақ үшін, жиналған қауым үшін де мәнді-мағналы жұмыс болды.
Өнерге келгенде нағыз қазақ ұрпағы танып білуге тиіс қара сөздің патшасы, ұлы тұлға Абай Құнанбаевты тануға ұмытылғаны семинардың ең ұтымды тұсы болды. Әдіскер әрі қазақ тілі пәні мұғалімі Ақдана Асқарқызы және «Балдәурен» тобының тәрбиешісі Нұршат Зейтханқызы Нұрсеитова, Нұр-Сұлтан қаласы Гуманитарлық колледжінің студенттері мен бірлесе жасаған қойылымдары тәрбиешілердің Ұлы Абайды жас ұрпаққа насихаттауда қосқан үлкен үлес деуге болады. Барын салып сендіре білген студенттермен тәрбиешілер шеберлігіне қол соқпау мүмкін емес.  Абайдың аудармасы «Құмырысқа мен шегіртке» ертегісін сахналаған бүлдіршіндердің өнерге деген икемін, өз образдарын түсіне орындап, тәрбиелік мәні бар қойылымды түсіне білгендері тіпті қуантты.
«Звездочка» тобының тәрбиешісі Дюсенова Аққайша Умирзаковна мен музыка мұғалімі Гузаль Файсхановна Васеваның еңбегімен болашақ сахна жұлдыздары мен аналары қостаған «Бәрінен де Мен сұлу!»мюзикл-ертегісіне айтар сөз жоқ. Таланты ұрпақ, тәжірибелі педагогтың еңбегі баласы үшін жанын берер аналар белсендігімен ұштасқанда керемет үйлесім тапқан қойылымға айналған.
«Өнерлінің оң қолы бар» шеберлік шыңдау кезінде жоғары санатты тәрбиеші Муханова Қадиша Тулекбаевнаның жетекшілігімен «Шалқан», «Бүркіт пен Айша» ертегілерін ойлап тауып шеберліктерімен таңқалдырған серіктес балабақшалардан келген   семинар қонақтары өздерінің жан-жақты маман екендіктерін дәлелдеп берді.
Тай-тай басып келе жатқан жаңа білім ордасының мақтаныштары   түрлі байқаулардың жүлдегерлері талантты ұл-қыздарымыздың өнерін тамашалағанда  тіптен таң қалдық. Сірә, жеңіс балабақшаның қанмаша жыл бұрын ашылғанына емес, тек жетістікке  еңбекпен ұмтылудан қашпайтын топтың қанжығасына байланарына сендік.
Екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген ыстық ұяда тәрбиеленіп жүрген балғындардың ішінде республикалық «Мен елімнің ертеңімін», «Дарындар әлемі»  халықаралық өнер байқауында мәнерлеп оқудан жүлдегер атанған Бек Мұхаммеджан жас талант. Семинарда Абай аудармасы «Шегіртке мен құмытырсқа» өлеңін еш жаңылмастан мәнерлеп оқып та көп көзіне ілікті. IV халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған «GLOBAL FEST», «Алтын дауыс»  өнер байқауларының I орын жүлдегерлері мектепалды даярлық «Балдәурен» тобының  «Домбыра» биін ұстаздары Мурашбекова Гульбахыт Сафановна, Ештаева Нургуль Мансуровнаның жетекшілігімен көріп көз айым болдық.
Дәл осындай байқаулардың тағы бір жүлдегер тобы «Күншуақ» ортаңғы топта жетекшілері У.О.Байтугелованың жетекшілігімен «Жас Отанның  өркені» әнін шырқады.
Бала мен ата-ана арасындағы сүйіспеншілікті көрсетер дәнекер орта балабақша қабырғасында  балғындарды өнерге баулып жүрген тәрбиешілердің еселі еңбектері шын мәнінде мақтауға лайық. Ертеңгі балабақша  педагогтарына айналар студенттермен қарым-қатынас орнатудың өзі жастарға деген қолдау және нағыз балабақшаны өмірлік тәжірибе ортасына айналдырғандығы.
Өз тәжірибелерін әріптестерімен бөлісуге жасалған қадам қалалық семинардың ұстаздарға тигізер пайдасы да мол. Оны семинарға қатысып№87 «Қадыр» балабақшасының ұжымына шексіз алғысын білдіріп жоғары бағасын  берген  №33 , №75,№69 балабақшаларының меңгерушілері Айсұлу Егізбейқызы, Айман Нұрсейітова, Ақмарал Адрасилқызы  №38,  №60, №90 балабақша әдіскерлерінің жылы лебіздерінен аңғаруға болады.
Адамзаттың мәңгілік тақырыбына айналған жас ұрпақ тәрбиесі жолында тәрбие мен оқуды қатар алып жүрген жаңа заманның көшінен қалмай шеберліктерін шыңдай, іскер басшының жолымен жүріп келе жатқан ұжымға тек шығармашылық шабыт тілейміз. Табандылықпен ынталықты ту еткен Ляйла Мұратпекқызына, тәрбиешілерге жол көрсете білген қос әдіскер Ақдана Асқарқызымен Нурзия Хабиевнаға тамшысымен тас тесетін ұлағатты ұстаздық жолдаұжыммен бірге өздеріңіз шырқағандай жұлдыз болып жана беріңіздер  дейміз.

 

Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы, «Білім айнасы». 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.