Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамыту әлі де ауқымды жұмыстар атқарылуы қажет. Себебі инклюзия терминін көбі түсіне бермейді. Оны тек мүмкіндігі шектеулі жандар ғана білуі мүмкін. Инклюзия – бұл тек білім алу ғана емес, сонымен бірге науқас адамды өмір қатарына қосу деп түсінуіміз керек. Сол үшін дені сау адам мүмкіндігі шектеулі адамды түсініп, сол жанға бар жағынан қамқорлық танытуы қажет.
Осыған орай, Алматы қаласында «Инклюзивті қоғам: шақыру, сұрақтар, шешімдер» тақырыбында екі күндік тренинг өтті. Шараға республиканың барлық өңірінен азаматтық белсенділер, үкіметтік емес ұйымдар, журналистер, блогерлер, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар қатысты. Іс-шараны Қазақстандағы «Friedrich Ebert Stiftung» атындағы қоры ұйымдастырды.
Семинарды Өзбекстан мен Қазақстандағы «Friedrich Ebert Stiftung» атындағы қордың атқарушы директоры Хенриетте Кифер ханым ашып берді. Ол аталған шараға келген қатысушыларға алғысын айтып, сәттілік тіледі. Жалпы инклюзия тақырыбынының ауқымы кең. Осыны жан-жақты түсіндіру мақсатында арнайы Германиядан сарапшылар шақыртылған.
Олар үш модуль бойынша қатысушыларға инклюзияны кеңінен түсіндірді. Атап айтқанда, «Жабырқаңқы театр», «Импровизация театры» және «Театр форумы». Шараға қатысқандардың арасында үндемей сылбыр отырғандарды белсенді қылып шығару керектігіне баса назар аударылды.
Инклюзия бойынша белгілі неміс сарапшысы Йенс Клаузен өзінің әріптесі Гаральд Ханмен бірге театр педагогикасында жұмыс жасап келе жатқанына 15 жыл болған. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Германияда көптеген түйткілді мәселелерді шешудің жолдарын іздеген адамдар, театрландырылған көріністер қатысу арқылы жауап табады. Себебі театрларда ең тәжірибелі психолог мамандар жұмыс жасайды.
«Театр форумының форматы, ең алдымен, адамдар арасындағы байланысты нығайтады. Инклюзивті қоғам туралы сұрақты алдымен әр адам өзіне қойып, іштей жауап іздегені дұрыс. Бұл форматтың ерекшелігі сол адамдарға кәсіби актёр болу міндетті емес. Кез-келген тақырыпқа басқаша көзқараспен қарап, оны сахнада актерлік шеберлікпен ойнап шығу қажет. Сонда өзіңді толғандырған сұраққа жауап таба аламын деген іштей сезіп ұға алады. Оның үстіне арамызда жігерлі жастар аз емес, олар алға ұмтылуға дайын және алдында тұрған қиындықты еңсеру үшін, ең алдымен бойыңдағы қорқыныштан арылу керек», — деді ол.
Инклюзия бойынша тағы бір сарапшы Гаральд Хан өз сөзінде Германияда бірқатар шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бар екендігін айтты. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарының әлі де барын алға тартты. Бүгінгі таңда осындай мамандандырылған арнайы мектептерді тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді екен. Себебі осы арқылы мүгедек балалардың дені сау балғындармен қатар бір партада отырып білім алуына мүмкіндіктер жасалынбақ. Бұл ретте кімнің қайда туғаны, ұлты, ұстанған салт-дәстүрі, діни көзқарасы, қаржылық жағдайы жоғары немесе төмен деген ұғымнан алыс болуымыз қажет, яғни мәселе адамдарың бір-біріне деген құрметі маңыздырақ. Айта кету керек, бұл мәселе скандинавия елдерінде әлдеқашан шешімін тапқан. Әсіресе Финляндия және Швецияда дені сау және мүгедек балалар бір мектепте барады, бір партада отырып білім алады, дискриминация дегеніміз атымен жоқ. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да осындай жағдай. Яғни мүгедек балалар үшін арнайы балабақшалар немесе мектептер салынбайды.
«Бұл балалар тағдырдың жазуымен осындай қиын жағдайды бастан кешуге мәжбүр. Бірі есту қабілеті нашар немесе мүлдем естімейді, енді біреулері көздері нашар көреді, арбаға таңылғандары да аз емес. Олар инклюзивті қоғамда өмір сүріп жатқан соң, өсе келе осындай жағдайда ғұмыр кешуді әбден үйренеді. Яғни бұл санаттағы балалардың өмірге деген көзқарастары мүлдем басқаша болады. Ал енді біз туралы сөз қозғайтын болсақ, біздер мүлдем басқа жағдайда өніп өстік. Жалпы мүгедек жандардың арасында бизнесте, саясатта, спорт сияқты басқа да өнер саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткен жүздеген мысалдарды келтіруге болады. Барлығы адамның өзіне байланысты, ынта болса болды жетіп жатыр. Бір нәрсені өзгерту енгізу үшін уақыт керек, сол өзгерістерге біздің мемлекетте өзінің ретімен келе жатыр. Осы салада жүріп мен түрлі адамдармен жолықтым, байқағаным бірде-бір адам өзінің туып өскен еліне ешқашан жамандық тілемейді, керісінше жан-жақты дамығанын қалайды. Ал қиындықтарды тек диалог арқылы жеңуге болады», — дейді Гаральд Хан.
Біле білсеңіз еңбекпен қамтылу және кемсітушілік (дискриминация) инклюзияның бір бөлігі болып табылады, сол себепті осы сұрақтар тренинг кезінде қамтылған болатын.
Жасыратыны жоқ, бүгінде жасы үлкен адамдарды кемсітушілік (дискринимация) көп жерде байқалады. Әсіресе жұмысқа қабылдау кезінде көптеген кәсіпорындар адамның жасына қатты мән береді. Тіптен жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп шықсаңыз да немесе шетелде білім алсаңыз да ұнаған жұмысқа тұруыңыз екіталай. Әсіресе 40 жастан кейін қалаған жұмысқа орналасу қиындықтар туғызатыны ащы да болса бүгінгі күннің шындығы. Оның үстіне жұмыс берушілер әйел адамдарға қарағанда көбіне ер адамдарды жұмысқа қабылдауға мүдделі болып жатады. Оның бірден-бір себебі, әйелдердің бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шығып, заң аясында өзінің орнын үш жылға дейін сақтай алуы. Нәтижесінде көп орындар бос тұрады да, жұмыс жасайтын адамдар саны жетпей жатады. Ал уақытша жұмысқа тұру жөніндегі ұсыныстар көпшілікті аса қызықтармайды.
Алматыдағы «Friedrich Ebert Stiftung» қорының жетекшісі, саясаттанушы Толғанай Үмбеталиеваның айтуынша, бүгінде инклюзивті қоғамдастықты дамытуға барынша күш жұмсалса, көптеген түйіні тарқамаған мәселелер шешімін табары сөзсіз. Оның үстіне, биік белестерді кім бағындырғысы келмейді дейсіз? Сондықтан да, кемсітушілікті (дискринимация) болдырмау көздеген жетістікке апарары хақ.
«Шын мәнісінде біз білетін немесе біле бермейтін проблемалар жетіп артылады. Тіл білмейтіндер мен жалақыға қатысты кемсітулер бар. Бұрынғы маскүнемдер немесе есірткіге тәуелділердің проблемалары өз алдына жетіп жатыр. Әсіресе, тарихи отанын аңсап келген оралман ағайындардың азаматтық алу үшін құжаттарын рәсімдеу кезінде түрлі қиындықтарға тап болып жатады. Бұрын сотталғандар бостандыққа шыққан соң, түзу жолға түскеніне қарамастан жұмысқа тұру кезінде түрлі қиындықтарды бастан кешуге мәжбүр.
Жұмыс берушілер болса көбіне 25-40 жас аралығындағы мамандарға ғана сұраныстың бар екендігін жасырмайды, алайда 40-45 жастан кейін еңбекпен қамтылуы екіталай. Бүгінде біз қоғам болып осындай өзекті мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп қарастырғанымыз дұрыс. Көпшілік «инклюзия» дегеніміз тек мүгедектермен ғана жұмыс жасау деп түсінеді. Алайда бұл қате пікір, шын мәнісінде олай емес. Сол ебепті осы тақырыпты тереңірек түсіндіріп, тәжірибе алмасу мақсатында біз Еуропадан білікті сарапшыларды арнайы шақыртқан болатынбыз. Себебі оларға «инклюзия» тақырыбы жақсы таныс», — дейді ол.
Бүгінде әрбір адам өз пікірін білдіріп қана қоймай, басқаның ойымен де санасқаны дұрыс. Бұл ретте инклюзия бойынша кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген жөн болар. Әсіресе түрлі әдістерді үйрену, қоғамның оқшауланған топтарын (мүмкіндіктері шектеулі) интеграциялауға бір кісідей атсалысу, кемсітушіліктің айқындаушы нысандарын қысқартуға, әртүрлі бастамалардың негізіндегі радикалды идеялар мен теңсіздіктерді азайтуға, жеккөрушіліктің алдын-алу маңызды. Яғни, алдағы уақытта осыларды күнделікті тәжірибеде қолдану арқылы инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік жоқ емес.
Дайындаған Кәмшат Ізбасарова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы