Home » Мақалалар » Замана кемеңгері

Замана кемеңгері

Мұса Шорманұлының 200-жылдық мерейтойына орай

Тәттімбет күй арнаған «Бестөре» деп,

Ішінде сол төренің Мұса жүрмек.

Ақыл, ойы басқалардан алда болып,

Ақ қағазды шимайлап қылған ермек, — деген өлең жолдарында ақын жырына арқау болған Мұса Шорманұлы- ой-өрісі кең, елі үшін аянбай еңбек еткен халқымыздың біртуар ұлы еді.

Қазақ халқының сан қатпарлы тарихында қандай адамдар «Замана кемеңгері» деген ардақты атқа лайық болған?

Көпшіліктің пайымдауынша, халық мұндай сый-құрметті өзінің ерекше туған асыл ұлдарына арнайтын сияқты. Артында қалған қалың қазақ жұртының осындай ерекше ықласына ие болған біздің айтулы жерлесіміз-Мұса Шорманұлы болған.

Мұса мырза-қазақ көгінде сұңқардай самғаған,өз замандастарынан асып туған дара тұлға.Туған халқының тарихын,бай халық ауыз әдебиетін жинақтап, көптеген құнды еңбектер жазған. Орыс шенділерімен тең дәрежеде сөйлесе алатын білімді, араб,орыс,француз тілдерін жетік меңгерген ұлт зиялысы бола білген тарихи тұлға.

Мұса Шорманов — Орта жүздің шамшырағы. Жалғыз Орта жүз емес үмітін болашаққа жалғаған алаш елінің қамын ойлаған азамат болған. Ел болашағы оқыған жастардың қолында болатынын ерте түсінген Мұса мырза Павлодар мен Омбыда қазақ балалары оқитын орыс мектептерінің ашылуына күш салған. Сонымен қатар жергілікті болыстар мен ауқатты адамдарды жыл сайын оқуға талабы бар бір-екі қазақ баласын өз қаражаттарына оқуға жіберуге міндеттеп отырған.Туған елінің көсегесі білімді жастармен көгеретініне кәміл сенген. Баянауыл жұртшылығының сауатын ашу мақсатында мешіт, медресе салғызған.

Өз дәуірінде дала жұртына білім мен өнердің сәулесін жарқырата түсірген азаматты қалайша «Дара тұлға» демессің!

Мұса атына «мырза» атының қосақталуының өзі мінезінің ашықтығы,қайырымдылығы мен көңілінің дала іспетті кеңдігіне халқының шексіз ризашылығының белгісі емес пе?!

Айналасына адамдық пен азаматтықтың сәулесін шашқан,елі мен жерін шексіз сүйе білген, ұрпақтарын білім мен ғылым жолына жетелей алған қайсар мінезді қазақ ұлының теңдессіз бейнесі біздер, жас ұрпақ, үшін өнегелі жол деп білемін.

Мұса мырзадан қалған: «Малым — жанымның садағасы,жаным-арымның садағасы»,-деген ғибратты сөздің өзі келер ұрпақты адамгершілік пен ар – ұят туын биік ұстауға жетелемей ме !

Мұса Шорманұлы жайында хакім Абайдың: «Мұса мырза Арғын балаларының ішінде қолынан да, тілінен де келетін адам.Жаңа туып келе жатқан заманның қатпарлы құбылыстарын дәл түсінген жан», — деп берген бағасының өзі біртуар жерлесіміздің халқына сіңірген еңбегіне берілген лайықты баға деп білемін.

Ұрпғына өркениеттің ізгі жолын бастап берген баба аруағына тағзым етемін!

Ералина Сауле Нұрғалиқызы,
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы,
Лекер жалпы негізгі білім беру мектебінің
орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.