Жусупова Галия Сапарбекқызы
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қостанай облысы
бойынша ПҚ БАИ кафедра меңгерушісі
Адамзатқа және қоғамға орасан зор проблема әкелетін жаһандану мен жаңғыртудың әсерінен айналадағы әлем өзгерістеріне байланысты мектепте оқушыларды түрлі мәдениет өкілдерімен әріптестік қарым-қатынас жасауды, алуан түрлілігіне қарамастан, технологиялардың көмегімен кеңістік пен уақыт кедергілерін жеңе отырып, бір-біріне сенім білдіруін және әріптестікке жұмыс істеуін қажет ететін әлемде адамдардың өмірі ұлттық шекаралар аумағынан тыс мәселелерге байланысты болатын әлемде өмір сүруге жұмыс істеуге дайындықтың көп қажеттілігі туындап отыр.
Елімізде білім беруді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін стратегиялық даму жоспарының басымдықтары негізінде көп деңгейлі білім берудің ұлттық жүйесін жақсартуды көздейді.
Ал, негізгі міндеттері – сапалы білімге қол жеткізу, білім берудің ұлттық жүйесінің іске асу бағамын жетілдіру, толеранттылыққа, биік мәдениетке, мемлекеттік тілді басым дамытуға бағытталған отандық дәстүрлерді әлемдік тәжірибе мен тұрақты даму қағидалары негізінде білім берудің мазмұнын, құрылымын жаңарту, дамыған елдер қатарына қосылуға даңғыл жол салу.
Жаңа қоғамға жаңа тұлға қажет. Мұндай азаматты қалыптастыру – қазіргі заманғы білім берудегі басты міндет. Оқытушы еңбегінің бүгінгі нәтижесі қандай болса, елдің, қоғамның ертеңі, болашағы сондай болмақ.
Демек, Елбасының «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деген қағидасына сүйенсек, қазіргі қоғамдағы дамудың басты факторлары: білім, ғылым, саяси тұрақтылық екенін, яғни заман өзгергенімен, мемлекеттің өркендеуі білім-ғылымсыз мүмкін емес екеніне көз жеткіземіз.
«Тегінде адам баласы ақыл, білім, ар, мінез қасиеттерімен озады» деген ұлы ақын Абай сөзі қай заманда да өз мәнін жоймақ емес. Сондықтан, білім беру жүйесін дамытудағы былтырғы жылдан енгізілген жаңа білім беру бағдарламасының маңыздылығы осында жатыр.
Демек, жоғарыда айтып өткен құзыреттіліктерді немесе дағдыларды қалыптастыра алғанымызды неден байқаймыз және қалай қалыптастырамыз? Бұл сұраққа, құрметті, әріптестер, тек біздің күнделікті жұмысымыз, яғни заманауи сабақтарымыз арқылы қалыптастыра аламыз және байқаймыз деп ойлаймын.
Жаратылған білім беру мазмұны жағдайындағы заманауи сабақ дегеніміз не?
Сындарлы оқыту теориясымен үйлескен оқытудың барлық аспектілері, атап айтқанда, оқушыға бағдарланған әдіс-тәсілдер, проблемаларды шешу, рефлексиялық оқу және бірлескен оқу тәсілдері арқылы қалай білім алу керектігін білетін, дербес, ынталы, қызығушылығы жоғары, сенімді, жауапты, ой-өрісі дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған сабақ.
Жалпы, сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің дәстүрлі әдістерімен салыстырғанда, оқыту кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік беретініне көз жеткізіп отырмыз.
Білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасы бойынша заманауи сабақтар өздігінен білім алуға, шешім қабылдауға қабілетті ынталы, қызығушылығы жоғары, өзіне сенімді, жауапкершілігі жоғары, өзінің және өзгенің іс-әрекетіне талдау жасай алатын жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған қағиданы ұстанады.
Бүгінгі күні қысқа мерзімді сабақ жоспарында төмендегі ұсыныстар басшылыққа алынады:
- Сабақты ұйымдастырғанда оқу бағдарламасы мен оқу жоспарында көрсетілген оқу мақсаттарын басшылыққа алу. Яғни, дәстүрлі оқытуда сабаққа үш мақсат қойып, оны өзіміз анықтасақ, қазіргі жаңартылған білім беру мазмұны бойынша әр пән бойынша тақырыптарға берілген оқу мақсаты нақты берілген.
- Осы оқу мақсатына сәйкес, сабақтың мақсатын анық тұжырымдау, яғни нақты, өлшемді, қолжетімді, шынайы мақсаттар қою. Сабақ мақсаттары барлық оқушылар, оқушылардың көпшілігі, кейбір оқушылардың не істей алу керектігіне баса назар аударылады. Осы кезде саралап оқытудың негіздерін ескеру қажет.
Осы жерде айтып өтерлік нәрсе, оқу мақсаты бірнеше сабаққа негіз болуы, ал сабақ мақсаттары өзгеріске түсуі ықтимал.
Енді осы оқу мақсаты мен сабақ мақсаттарына жетуді көздейтін оқытудың тәсілдері мыналар:
- Сенімді қатынас пен ынтымақтастық ахуалын қалыптастыру үшін жағдай жасау;
- Әрбір оқушының жеке пікірін тыңдау және алынған білімдер мен түсініктерді қолдану мен оларды дамыту маңыздылығына мән беру;
- Іс-әрекеттердің белсенді түрлерін ұйымдастыру және тиянақты сараланған тапсырмалар мен жаттығулар арқылы ынталандыру және дамыта оқыту;
- Оқушылардың сабақта зерттеу жұмыстарын жүргізуін қажет ететін проблемалық жағдаяттар туындату және проблемаларды шешу стратегияларын модельдеу және көрсету;
- «Оқу үшін бағалауды» қолдану арқылы оқушылардың оқуына қолдау көрсету;
- Белсенді оқуға және зерттеу жобаларын орындауға негізделген оқушылардың зерттеу іс-әрекеттерін қолдау;
- Оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту;
- Өз ойын жеткізе білу және дәлелдер келтіре алу, мәселелерді анықтау үшін өз пікірлерін жеткізу, болжам құру және ұсыныс жасау қабілетін дамытуға ынталандыратын жағдайлар жасау;
- Оқушылардың жеке мүмкіндіктерін және жас ерекшеліктерін есепке ала отырып, сараланған тапсырмалар әзірлеу;
- Жеке, жұптық, топтық және ұжымдық оқыту әдістері белсенді қолданылатын жалпы сыныптық жұмыс түрлерін ұйымдастыру.
Енді осы оқыту тәсілдерін іске асырудағы тәсілдер:
Құндылықтарға бағдарланған тәсіл – бұл оқу әрекетін белгілі бір құндылықтар тұрғысынан ұйымдастыру және жүзеге асыру, нәтижелерге қол жеткізу және пайдалану тәсілі. Осы жерде «Мәңгілік Ел» идеясының құндылықтары қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты, өз елінің өткен тарихына, ата-бабалардың әдебиеті, мәдениеті мен әдет-ғұрыптарына құрмет көрсетуді жүзеге асырудың мүмкіндіктерін көздейді.
Тұлғаға бағдарланған тәсіл мұғалім мен оқушының арасындағы тұлғалық қарым-қатынасты, оқушыны тұлға ретінде құрметтеуді, оның моральдық-этикалық қасиеттерін, әлеуетті қабілеттерін ескере отырып үйлесімді қалыптастыру және жан-жақты дамытуды білдіреді. Тұлғаға бағдарланған оқыту тәсілі дамыта оқыту тәсіліне жатады. Бұл оқыту технологиясы оқушының жеке тұлғасын, рухани қырларын біртұтас үйлесімді жүйеде қалыптастыруды көздейді. Сондықтан тұлғаға бағдарланған оқыту жүйесінде сабақтың алатын орны аса маңызды болып табылады. Тұлғаға бағдарланған оқыту жүйесінің білім алушылар мен педагогтердің қарым-қатынастарын табысты етіп ұйымдастырудың өзіндік ұстанымдары бар. Ол ұстанымдар төмендегідей: іс-әрекет ұстанымы; білім берудің тұлғалық-жанама сипаты ұстанымы; белсенділік ұстанымы; жүйелілік ұстанымы; тұтастық ұстанымы; дербестік ұстанымы; диалогтік ұстанымы; іс-әрекеттің мазмұны мен тәсілдерінің вариативтілігі ұстанымы; даралай, саралай оқыту және оқыту ұстанымдары.
Тұлғалық бағдарлы оқыту моделі бойынша сабақтарды ұйымдастыруда мына қағидаттарға сүйену керек: тұлғалық бағдарлы оқыту моделі бойынша сабақтарда оқушының мектепке келмей тұрғанда-ақ қалыптаса бастайтын субъектілік өмірлік тәжірибесі бар тұлға ретіндегі жеке басының дербестігінің, жеке бас құндылығының, өзіндік болмысының басымдығы; білім беру үдерісі — өзара байланысы болып келген екі тараптың, білім беруші мен білім алушының бірлігі; білім беру үдерісін жобалауда білім алу барысын оқушының тәжірибесін анықтаудың маңызы зор, сонымен қатар, оның әлеуметтенуін, оқу барысында қалыптасып жатқан тәсілдерді бақылау; түрлі мазмұндағы тәжірибені алмасуға бағытталған мұғалім мен оқушының ынтымақтастығы; білім беру үдерісіне қатысушылардың барлығына ұжымдық түрде бөлініскен іс-әрекеттің түрін арнайы ұйымдастыру; білім беру үдерісінде оқыту үдерісінің ішкі мазмұнынан туындайтын ерекше ұштасу мен сабақтастық орын алады. Ол қоғамдық-тарихи тәжірибе мен оқушының білім алу барысында жүзеге асыратын жеке тәжірибесінің ұштасуы болып табылады; тәжірибенің екі түрінің өзара сабақтасуы олардың тұрақты келісім жолымен жүруі керек, сол арқылы оқушының таным субъектісі ретінде жинаған тәжірибесі енді оның жеке өмірінде пайдаға асуы керек.
Іс-әрекетке бағдарланған тәсіл білім мен дағдылардың белсенді танымдық іс-әрекет барысында қалыптасатынын білдіреді, өз кезегінде бұл деректер мен басқа да ресурстарды өз бетінше іздеу, интерпретациялау, талдау, тұжырымдау мен бағалауды көздейді. Оқушылар проблемалық сұрақтарды бірлесіп талқылау, рөлдік ойындар мен оқуда белсенділік танытып қатысады. Оқу бағдарламасында жаңа ақпаратты қолдану мен түрлендіру мүмкіндіктерін қолдануға баса назар аударылады, өз кезегінде ол оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Саралап оқыту тәсілі оқу үдерісін оқушылардың түрлі топтар үшін әртүрлі топтарына арнайы бағдарлауды, ұйымдастыруды көздейді. Саралап оқыту тәсілі әртүрлі оқушылар тобының оқу әрекетін ұйымдастыру үшін арнайы оқыту әдістерін және іс-әрекеттерді саралау тәсілдерін қамтиды. Саралап оқытуды ұйымдастырудың негізгі шарты күрделілігі, танымдық деңгейі, мұғалім тарапынан берілетін көмектің сипаты жағынан ерекшеленетін сараланған тапсырмаларды қолдану болып табылады. Саралап оқытуды ұйымдастыруда оқушылардың оқу және танымдық деңгейлерінің әртүрлілігі басты назарда болуы керек. Оқушылардың даму, жетілу, өсу, қалыптасу үдерістеріне қолдау танытып, олардың тұлғалық қасиеттері мен қабілеттерін пәндерді оқыту арқылы шешу жолдарын ұстану керек.
Коммуникативтік тәсіл екі немесе одан көп адамдардың сөйлесу арқылы қарым-қатынас жасау үдерісінде ақпарат беру және хабарлау, білім, білік және дағдылармен алмасуы болып табылады. Коммуникативтік тәсілдің нәтижесі тіл арқылы қарым-қатынас жасауға қабілеттілік, яғни тілдік және сөйлеу нормаларын дұрыс пайдаланып, қарым-қатынас жағдайына сай тиімді қатынас тәртібін таңдай отырып, түрлі жағдайларда қарым-қатынас әрекетінің басқа қатысушыларымен ой бөлісу және пікір алмасуға қабілеттілік болып табылады. Коммуникативтік тәсілге сәйкес ұйымдастырылған оқу үдерісі қарым-қатынас дағдыларын және шынайы қарым-қатынас жағдайларына сәйкес жұмыс тәртібін қалыптастыруға ықпал ететін тапсырмаларды қамтуы тиіс (жұптық және топтық жұмыстар).
Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту. Жалпы білім беретін мектептердегі оқу бағдарламасы мақсаттарының бірі – түрлі әлеуметтік топтармен ортақ тіл табысуға қабілетті азаматтарды тәрбиелеу. Осы мақсатқа жетуге қажетті дағдыларды дамыту үшін ынталандырушы және қолдаушы ортаны құру керек. Қарым-қатынастың түрлі формаларын қолдану құнды болып саналатын мұндай ортада оқушылар өз пікірін еркін білдіре алады. Оқу бағдарламасы аясында оқушылардың түрлі құралдарды қолдану арқылы сыныптастарымен, мүғалімдерімен, көпшілікпен ауызша және жазбаша қарым-қатынасқа түсуіне қолдау көрсетіледі.
Осы заманауи сабаққа критериалды бағалаудың түрі қалыптастырушы бағалауды неге және қалай енгіземіз сұрақтарына жауап қарастыратын болсақ.
Қалыптастырушы бағалаудың негізгі функциялары:
- Қалыптастыру – тәжірибе жүзінде құндылықтар жүйесін белгілеу, қалыптастыру және бекіту.
- Ынталандыру – оқушының күтілетін нәтижеге қол жеткізу, тиімді түрде алға ілгерілеуі үшін қолайлы жағдай жасау.
- Уәждеу – оқушылардың бойында оқуға және нәтижеге қол жеткізуге деген ынтаны ояту.
Қалыптастырушы бағалаудың түйінді міндеттері:
- оқушылардың білім алғандығының дәлелдерін жинауға бағытталған сыныпішілік оқу үдерісін ұйымдастыру;
- оқушыларды дамытуға жағдай жасайтын сындарлы кері байланысты қамтамасыз ету;
- оқушыларды бірін-бірі бірлесе оқытудың сапалы көзі ретінде қатыстыру;
- оқыту және оқу үдерісінде бірлескен оқуды қолдайтын ынтымақтастық ортасын құру.
Сабақтарды жоспарлау барысында ескерілуі тиіс көптеген мәселелер бар.
Қалыптастырушы бағалау — оқушылардың оқу жетістіктерінің дамуы мен өсуіне әсер ететін сабақ барысындағы негізгі үдеріс. Ол күнделікті сабақта орын алады және оқушыға да мұғалім үшін де маңызды: мұғалімге сынып оқушыларының білімін қадағалауға, жоспарына түзетулер енгізуіне, ал оқушыларға өз оқу жетістіктеріне өзі бақылау жасауына және одан әрі өзінің даму бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша бағалау ынталандырушы, қалыптастырушы және уәждемелік қызмет атқарады. Мұндай бағалау түрінде оқудың жақсаруын қамтамасыз ететін мұғалім мен оқушылардың арасында кері байланыстың болуы шарт.
Қалыптастырушы бағалаудағы мұғалімнің рөлі:
- оқу мақсатына сәйкес ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкестендірілген бағалау критерийлерін анық жазады;
- оқу мақсаты мен бағалау критерийлеріне сәйкес тапсырмалар дайындап, оларға сәйкес дескрипторлар құрастырады.
- оқушыларға тиімді кері байланыс ұсынады;
- оқыту және бағалау үдерісіне түзету енгізеді.
Білім беру мазмұнын жаңарту барысындағы заманауи сабақтың осындай өзгешеліктері және ерекшеліктері бар екенін өздеріңіз байқаған боларсыздар.
Күнделікті сабағымызды әр оқушының қажеттіліктеріне қалай жоспарлай алсақ, жоғарыда айтылып кеткен оқушының дағдыларын ескере отырып, маңызды болып отырған оқушыларды өмірге бейімдеу, яғни оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыратынымыз сөзсіз.