ХХІ ғасыр – қарыштап дамыған білім ғасыры. Білім беруді технологиялық жолмен ұйымдастырудың мақсаты — жаңа бағыттағы оқушының шеберлігін шыңдауға, өз білімін көтеруге жауапкершілігін арттыруға көмектеседі.
Еліміздегі жаңа білім беру реформасы 12 жылдық білім беруге көшу арқылы шығармашылықпен дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған жаңа ұлттық үлгіні жасауды, «жалпыға арналған білімнен», «білім әркімге өмір бойы» үлгісіне көшуді мақсат етеді. Қазіргі қоғамдағы мұғалімнің міндеті ғылым мен техниканың қарқынды дамып келе жатқан заманда өмір сүруге икемді, қоғам пайдасына қарай өзін-өзі толық жүзеге асыруға дайын білімді, шығармашылыққа бейім, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру. Бұл міндетті тек кәсіби білімі жетік, құзіретті, бәсекеге қабілетті ұстаздар ғана атқара алады. «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында сақтайтын, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін ержүрек болуы тиіс».
Мұғалім идеалы — білімнің құндылығын айқын түсінетін «Мәдениеті жоғары адам», өз пәнінің жетік шебері, педагогика мен психологияны терең меңгерген, жеке тұлғаға бағыттылған педагогикалық әдістерді қолдана алатын, өзін жеке тұлға ретінде дамытып, рухани өсуге деген қажеттілігі мол болуы тиіс.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «мұғалімдердің жаңа ұрпағы білім деңгейі жөнінен әлдеқайда жоғары болуы керек. Ол үшін, жаңа формацияның педагогы қажет», — деген еді [1].
Қазіргі мұғалім:
- Педагогикалық үрдісте жүйелі жұмыс істей алатын;
- Педагогикалық өзгерістерге тез төселгіш;
- Жаңаша ойлау жүйесін меңгере алатын;
- Оқушымен ортақ тіл табыса алатын;
- Білімді, шебер, іскер болуы тиіс. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі оның білімінің жан-жақтылығы, ұстаздық шеберлігі, оқытудың жаңа әдістерін, инновациялық технологияны меңгеруімен өлшенеді. Белгілі бір саладағы құзырлықты меңгерген тұлға өз саласына сәйкес білім мен біліктілікпен қаруланған, қандай да бір негізі бар ой-тұжырым жасайтын және тиімді әрекет ете алатын адам деп есептеуге болады. Кәсіби құзіреттілік деп педагогтың жеке бас сапалары мен оның психологиялық-педагогикалық және теориялық білімінің, кәсіби біліктілігі мен дағдысының, тәжірибесінің бір арнада тоғысуы деуге болады [2]. Мұғалімнің әрбір сөзі мен ісі, қимылы, киімі, аяқ алысы, жүрісі, көзқарасы психологиялық және ізгілік тұрғысынан шәкірт жүрегінен үлкен орын алады. Әрбір ұстаз үшін оқу – тәрбие процесін ұйымдастыруда мол білімділікті, ақылдылықты, дұрыс іскерліктер мен дағдыларды қолдануды қажет етеді. Өз тәжірибем бойынша білім сапасын арттыру жолдарын қарастыратын болсам, қазақ тілі сабағында түрлі дидактикалық дамытпалы ойындар, шығармашылық тапсырмалар колданамын. Қазіргі педагогикалық технология талаптары оқушыға білім берудің ең тиімді, ұтымды жақтарын таңдауды талап етеді және үнемі дамыту, жетілдіру, толықтыру сабақ сапасын арттырады. Оқушыны да, мұғалімді де шығармашылыққа жетелейді. Мысалы, «Сын тұрғысынан ойлау» стратегиясына тоқтала кетсем, сабақ барысында «кубизм» стратегиясын, «анықтау» стратегиясын, «сәйкестендіру», «суреттеу», «топтастыру» стратегияларын қолдану оқушылардың сабаққа қызығушылықтарын арттырады. «Бестармақ» тәсілі арқылы «Уақыт» сөзіне «бесжолды өлең» құрастырып жазады. Тағы бір тиімді, әрі ұтымды әдіс, ол оқылым мәтініндегі автор көзқарасына өз пікірлерін «Попс формуласы» арқылы дәлелдеп жазу. Мысалы, 1-сөйлем: «Менің ойымша, …», 2-сөйлем: «Мен оны былай түсінемін: …», 3-сөйлем: «Оны мына деректермен, мысалдармен дәлелдей аламын: …». Соңғы сөйлем: «Осыған байланысты мен мынадай қорытынды шешімге келдім:…». Оқушыларды оқытуда негізінен өз басым сын тұрғысынан ойлау технологиясының пайдасы көп деп ойлаймын. Өйткені өзім әр сабағымда осы технологияның элементтерін пайдаланып отырамын. Осы технологияны қолдану нәтижесінде:
- Нәтижесінде тапсырмалардың түрлері оқушыларды: ерекше ойлауға; өз идеяларын ашық айтуға; болжамдар жасай білуге; белгісізге қарай табысты түрде қадамдар жасай білуге үйрете отырып, олардың бойларына құзыреттілік қасиеттердің белгілерін қалыптастырып, заман деңгейіне сай білім негіздерімен қаруландырады.
- Мұғалімнің кәсіби шеберлігі, зерттеушілік қызметі мұғалімдік жұмысқа дайындық барысында, іс – тәжірибеде және қайта даярлау кезінде қалыптасып тәрбиеленеді.
- Ұстаздың шеберлігі — талантты қажет ететін ерекше бір өнер емес, ол басқа да мамандарды шеберлікке үйретуде қажет болатын мамандық. Жас ұрпақ тәрбиесінде бүкіл ғұмырымен қажыр қайратын және бойындағы асыл сезімдерін бағыттаған мұғалімдерді айтуға болады.
- Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзіреттілік қабілеті де кең болмақ.
- Жаңа педагогикалық технологияның ерекшелігі — өсіп келе жатқан жеке тұлғаны жан –жақты дамыту. Инновациялық білімді дамыту, өзгеріс енгізу, жаңа идеялар мен жаңалықтарды өмірге әкелу. Бұрынғы оқушы тек қана тыңдаушы, орындаушы болып келген. Ал қазіргі оқушы — өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек. Осындай жеке тұлғаны дамыту үшін оқытудың жаңа технологиясы қажет. Оқыту үрдісінде осындай әдісті пайдалану үшін, алдымен мұғалім өзі оқып, біліп, зерттеп, зерделеп тиімділігін өз шеберлігіне қарай таңдауы керек, өйткені, технологиялардың өзі мұғалімнің қолдану әдіс – тәсіліне, шеберлігіне қарай жүзеге асады.
- Түрлі әдістерді пайдалану сабақтың нақты мәнін терең ашуға көмектеседі;
- Оқушылардың барлығын сабаққа қатыстыруға мүмкіндік туады;
- Олардың әрқайсысының деңгейін анықтауға болады;
- Оқушыларды ізденіске баулып, өз бетімен жұмыс істеуге үйретеді;
- Оқушылардың қабілеттері, сөз саптау еркіндігі, ұйымшылдығы, шығармашылық белсенділігі артады;
- Жеке тұлғалық сипатын дамытуға, шығармашылығын шыңдауға, өзіне деген кәсіби сенімін қалыптастырады.
Сын тұрғысынан ойлау бойынша сабақ кезеңдерінде: оқушылар сабақтың мақсат, міндетін өздері анықтайды; мәселені шешу жолын іздестіреді; жаңаны өздері табады; ақылдасады, кеңеседі. Аталған әрекеттері арқылы әр оқушының мәселені шешу, ақпараттық, коммуникативтік құзыреттіліктері қалыптасады. Құзыреттілік қалыптастырудың келесі міндеті әр сабақтың өмірлік жағдайлармен байланыстылығы. Бұл орайда құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағдарланған тапсырмалар да қолданылады. [3].
Қазіргі таңда мектеп оқушыларының мұғалімнен күтері көп. Оларды сабаққа белсене қатыстыру үшін әр сабақ барысын жеке формада, жаңа әдісте жүргізу шарт. Оқу формалары заманауи талаптарға лайық болуы, жастардың бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыру үшін, ұстаз ақпараттық технологияны өз іс-әрекетінде тиімді, сауатты ұйымдастыруы қажет. Сондықтан интерактивті тақтаны оқушылардың тілдік құзіреттілігін, шығармашылық потенциалын дамыту құралы ретінде пайдалану интеллектуалдық, эстетикалық және ақпараттық сауаттылығын арттыруға көмектеседі, ал көрнекі құрал ретінде пайдалану оқу-танымдық үрдіс тиімділігін арттырады.
Қорыта келгенде, кәсіби, шығармашыл шебер ұстаз оқытудың жаңа технологияларын өмірге енгізуге дайын, оқу-тәрбие ісіне жанашырлық танытатын, қоғамның ең озық бөлігінің бірі. Оқу-тәрбие үрдісінің мазмұнына және ұйымдастырылуына комплексті тұрғыда қарайтын, зерттеушілік ыңғайға бейім, теория мен практика іс-әрекетін біріктіре білетін, өмірлік құндылық қағидалары адамгершілік, ізгілік, еңбекқорлық, парасатты мінез құлық қасиеттерді бойына сіңірген ұстаз.
Шығармашылық әлеуеті дамыған мұғалім өз кәсібін жете меңгеріп қана қоймай, өзін-өзі жан-жақты дамытуға қол жеткізеді. Нәтижесінде мұғалім кәсіби құзіреттілікке қол жеткізеді. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілі — бүгінгі ғасыр талабына сай белгілі бір нәтижеге бағытталған білім берудің негізі болмақ. Бүгінгі заман талабы — жан-жақты дамыған, өзіндік «мені» қалыптасқан «тұлға» тәрбиелеу. Оқушы «тұлға» болып қалыптасуы үшін оның бойында түрлі жағдаяттағы проблеманы анықтауға, өзіндік тұжырым жасай білуге, өзіндік бағалауға, сыни ақпараттарды өз бетімен табуға, талдауға логикалық операцияларды қолдана отырып дәлелдеуге жалпы алғанда жеке адамның құзіреттіліктері қалыптасуы қажет. Осындай биік нәтижеге қол жеткізуді – кәсіби құзіреттілігі жоғары мұғалім ғана жүзеге асырмақ.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан -2030» Елбасының Қазақстан халқына жолдауы-А.:Білім,2003
- Құдайбергенова К.С. Құзырлылық амалының негізгі ұғымдары. Алматы, 2007
- Тоғымбаева А.Ә. Педагогтың кәсіби құзырлылық моделі. «12 жылдық білім» журналы 2006 №3
Амрина Г.С.,
№21 негізгі мектеп