Home » Оқу-әдістемелік материалдар » «Заманауи мектептің оқу-тәрбие үдерісіндегі рухани-адамгершілік тәрбиенің маңызы» тақырыбында коучинг өткізу тәжірибемнен

«Заманауи мектептің оқу-тәрбие үдерісіндегі рухани-адамгершілік тәрбиенің маңызы» тақырыбында коучинг өткізу тәжірибемнен

Мақсаты: Рухани-адамгершілік тәрбиенің адам факторының қалыптасуына әсерін ата-аналарға түсіндіру; отбасылық құндылықтар мен отбасылық тәрбие дәстүрлері рөлінің төмендеуін болдырмау;

     Міндеттері: Тәрбие тұжырымдамасы бойынша тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда білім беру мазмұнының тәрбиелік әлеуетін күшейту; Заманауи мектептің оқу-тәрбие үдерісінде рухани-адамгершілік тәрбиенің маңызын арттыру;

Бала тәрбиесінде ата-аналардың психологиялық-педагогикалық құзыреттіліктерін арттыру; Ата-аналардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігін түсіндіру.

   Күтілетін нәтиже:

  1. Ұстаздар оқу-тәрбие үдерісінде жаңа тәсілдерді өз тәжірибесіне қалай ықпалдастыру керектігін түсінеді;
  2. Рухани адамгершілік тәрбиенің қоғамның қалыптасуына қосар салмағы айқындалады.

     Түйінді идеялар: «Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» Платон. Болашақты жасайтын ертеңгі азаматтар – бүгінгі жас ұрпақ, оларды тәрбиелеу – бүгінгі күннің ең басты мәселесі. Жас ұрпақпен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының сипаты қандай болса, жемісі де соған сай болары хақ.

Бала тәрбиесi – игiлiктi iс. Берерi де, сұрауы да, жемiсi де мол тәрбие саласының ең өзектiсi. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен ұстаздардың шешуші рөл атқаратыны белгілі.

Қазіргі таңда ата-аналардың жұмыс бастылығына байланысты мектеппен байланысы жоққа жақын. Осының салдарынан баланың тәрбиесі жақсы деңгейде қалыптасқанымен, әсіресе әке қолдауы қажеттілігі байқалады. Тәрбие ата-анаға ортақ іс болғанымен ұл бала үшін әке қолдауы өте қажет. Балабақшада тәрбиешілер, мектепте ұстаздардың көпшілігі әйел адамдар, ұл балаға әке тәрбиесінің қажеттігі осыдан-ақ көрініп тұр. Ұл баланың азамат ретінде өмірден өз орнын табуда әкелердің балаға деген мейірімі, ақыл-кеңесі, түсіністігі керек. Ата-аналарға, әсіресе әкелерге бала тәрбиесінің қалыптасуында кеш қалмауын түсіндіру мақсатында «Заманауи мектептің оқу-тәрбие үдерісіндегі рухани-адамгершілік тәрбиенің маңызы» тақырыбын алдым.

Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, қолдаушы, демеуші – ата-ана және қоғам.

Мектеп пен ата-ана, қоғам бірлескен кезде ғана тәрбие үрдісі өз жемісін нәтижелі бере бастайды. Ынтымақ бар жерде тәрбие де бар. Ынтымақ бар жерде береке, бірлік те бар. Қоғамдық тәрбие жанұядан басталады. Сол қоғамның жастары шын мәнінде «рухани» байлықпен қалыптасуы керек. Қандай бағытпен жүреді, қандай ізгі істер жасайды, қандай қоғамдық келешекті қалыптастырады? Ол жалғыз мектеп проблемасы болмауы керек. Оған ата-аналар да, қоғамның әрбір мүшесі де бірігіп атсалысуы қажет. Сол себептерді ескере отырып, қазіргі заманауи мектептердегі сынып жетекшілері мен ата-аналардың баланың рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі жұмысына көмек ретінде осы жұмысты дайындадым. Және жұмыс жоспарын коучинг түрінде өткізу ата-аналардың қызығушылығын туғызатынына сенімім мол. Бұл жұмысымды Блум таксаномиясымен құруды жоспарладым. Тәрбие – күрделі іс, тәрбиеге жағдай жасау – әр адамның ең елеулі борыштарының бірі. Тәрбие болмаған жерде шын ақылды, мәдениетті өмір де болмақ емеc. Осы пікірді басшылыққа ала отырып, ата-аналармен «Танысу» тренингін жүргіздім. «Менің атым — ………. . Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын!».

   Топқа бөліну. «Адамгершілік», «Достық», «Мәдениет», «Қоғам», «Болашақ».   Қатысушылар берілген сөздерді қайталау арқылы топ құрады.

  1. Білу (Ақпараттық деңгей). Ой шақыру. «Рухани адамгершілік қасиет», «Жаңа заман адамы», «Мәдениеттілік», «Заманауи мектеп», «Ата-ана жауапкершілігі» тақырыптарын пайдалана отырып, пікірлеседі. Жаңа материалдың негізгі ұғымдарын бұрынғы білімді еске түсіре отырып анықтайды.
  2. Түсіну (Ғылыми тіл). Диалогтық байланыс. 1-тапсырманы қорғау Тақырыпты түсінгенін анықтау үшін, диологтық байланыс жасау. Ойларын сұрау. Болжам жасату. Өз ойларын флипчартқа жазбаша түсіреді.
  3. Қолдану (Әдістемелік деңгей). Мағынаны ашу. Видео: «Әке, мен сенің бір сағат уақытыңызды сатып алайыншы…». Бұрынғы білім негізін пайдалана отырып, проблеманы шешу.
  4. Талдау (Технологиялық деңгей). 2-тапсырма. Флипчартпен топтық жұмыс. Тақырыптағы негізгі түйінді табу. Сергіту сәті
  5. Жинақтау (Зерттеушілік деңгей). Флипчартты қорғау. «Заманауи мектептің оқу-тәрбие үдерісіндегі рухани-адамгершілік тәрбиеге ата-ананың үлесі»

Презентация (Кеңес). Әр адамның бойында жастайынан мынадай қасиеттер қалыптасуы керек:

       Отансүйгiштiк. Халқымыз кір жуып, кiндiк кескен атамекенiн аялап, елiнiң тiлi мен мәдениетін, әдебиеті мен тарихын, біртуар аяулы перзенттерін мақтан тұтып, қадірлеп, қастерлеуді ұрпағына аманат еткен. Қазақ елi – бiздiң Отанымыз, атамекенiмiз. Оны қастерлеп, қадірлеп қадір тұтқан адам ғана есейе келе туған халқы мен ел-жұртын, атамекенiн шын көңiлiмен сүйетін болады. Өйткені, халқымыз “Отан от басынан басталады” деп бекерге айтпаған. Ата-анасын, өз үрім-бұтағын жанындай жақсы көріп сүймеген баланың ел-жұртын, халқы мен ұлтын сүйетiн толыққанды азамат болуы екіталай. Ұлтжанды кiсiнiң имандылық, адамгершiлiк қасиеттерi, сондай-ақ, оның достарына, ата-анасына деген көзқарасынан да жақсы байқалады. Қазақ елiнiң кез-келген перзенті жұмыр жердің қай бұрышында жүрсе де өзiнiң iс-әрекетi мен мінез-құлқынан өз ұлты мен халқына деген сүйiспеншiлiк қасиеттері тайға таңба басқандай айқын байқатып отыруы тиіс.

     Әдептiлiк. Бұл – халқымыздың ұлттық психологиясының өзегi, имандылық пен адамгершiлiктiң басты белгiсi, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрiнiсi, барлық кiсiлiк қасиеттердiң жиынтығы. Әдеп сақтаудың экологиялық астары да бар. Әдептi адам – табиғаттың досы, оны қызғыштай қорғай да бiледi. Табиғаттың әсемдiгi мен сұлулығына, әдемiлiгiне әрбiр адам зиян келтiрмеуге тиiс. Мәселен, суды ластау, талды кесу, қайнардың көзiн ашпау, жолдағы тасты алып тастамау, көктi жұлу, құстарды ату, құдыққа түкiру – барып тұрған әдепсiздiк. Әдеп сақтау – халықтық рәсiмге, жол-жоралғыға, тәртiпке бағыну, ерiксiз бағыну емес, бұл – ата дәстүрдi құрметтеу, қастерлеу, дәл айтқанда адамгершiлiк борышты өтеу. “Әдептiлiк – әдемiлiк” дейдi халық. Яғни, әдептiлiк iзеттiлiк, кiшiпейiлдiлiк, көпшiлдiк деген сөз.

       Бауырмалдық. Халқымыздың бауырмалдығы “Бала бауыр еттен жаралған” деп, оны ерекше қастерлеп, әлпештеуден бастаған. Осы туралы қасиеттi кiтап: «Ешбiр адам баласы жат емес, барлық адамзат баласы бiр-бiрiне дос, бауыр» дейдi. Олай болса оқушыларды бастауыш сатыдан бастап бауырмалдық қасиетке баулуымыз қажет.

     Қайырымдылық. “Қазақтардың” – деп жазды, осы халықтың өмiрiн, тұрмыс-салтын зерттеушiлердiң бiрi А. И. Левшин: “(1799-1879) – басқа Азия халықтарына қарағанда, қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға құрмет көрсету, баланы аялап, жанындай жақсы көруі – айрықша қасиет. Яғни, қайырымдылық – кең мағыналы ұғым екенiн ұрпағымызға түсiндiруiмiз қажет”

       Адамгершілік – адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханиет дәуіріне жаңа қадам. Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі – адамдық тәрбие. Адамды құрметтеу, оған сену, әдептілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, бұл – адамгершіліктің жоғарғы құндылығы. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершіліктің қайнар бұлағы – халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрыптарында.

«Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі» деген Ы. Алтынсарин мынадай адамгершiлiктiң түрлерiн атап көрсетедi, 7 жақсы қасиет:

Бiрiншi: Имандылық.

Екiншiсi: Жоғарғы әдiлдiк.

Үшiншiсi: Адалдық, ақкөңiлдiлiк.

Төртiншiсi: Сыпайылық, момындық.

Бесiншiсi: Адал ниетпен өсиет беру.

Алтыншысы: Жомарттық, қайырымдылық.

Жетiншiсi: Дұрыс заңдылық.

Ата-аналарға сауалнама

  1. Сіз өз балаңызды жақсы көресіз бе?
  2. Сіз балаңызға соңғы рет қашан кеңес беріп едіңіз?
  3. Сіз балаңыздың достарын танисыз ба?
  4. Балаңыз өзі туралы әңгімені қашан айтып еді?
  5. Балаңыз сөйлеп тұрғанда оған қарап тұрасыз ба?
  6. 6. Балаңыздың айтып тұрған сөзін түзетесіз бе?
  7. Сіз балаңызды қашан қуанттыңыз?

Балалар өмір сүруді өмірден үйренеді Егер:

Баланы үнемі сынай берсе (неге үйренеді?) жек көруді үйренеді

Баланы мұқата берсе   (неге үйренеді?) тұйық болуды үйренеді

Баланы мақтаса   (неге үйренеді?) игілікті болып үйренеді

Баланы қолдаса   (неге үйренеді?) өзін бағалауды үйренеді

Баланы жазғыра берсе (неге үйренеді?) кінәлі болып өмір сүруге үйренеді

Бала шыдамдылықта өссе (неге үйренеді?) басқаларды түсінуге тырысып үйренеді.

Бала адалдықта өссе (неге үйренеді?) әділетті болуға үйренеді

Бала қауіпсіздікте өссе (неге үйренеді?)   адамдарға сенуді үйренеді

Бала қастастықта өссе (неге үйренеді?) басқыншыл болып үйренеді

Бала түсіністік пен жылы шырайлы ахуалда өссе (неге үйренеді?) осы өмірде махаббатты табуға үйренеді

  1. Бағалау. Кері байланыс. Идеялар алмасу, пікір айту. Өзіне керектісін таңдау
  2. Бүгінгі дәріс жайлы не айтасыздар?
  3. Коучинг тәжірибеңізге пайдалы деп ойлайсыз ба?
  4. Не үйрендіңіз?

Бағалайды, талқылайды. Өз пікірін айтады. «Екі жұлдыз, бір тілек» арқылы қорытындылайды.

Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа – қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың да, ата-ананың да еңбегінің нәтижесі, болашағы зор болмақ.

«Мен үш қасиеттімді мақтан тұтам», — депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым. Бұл үш қасиет әркімнің өз құдайы. «Өз құдайынан айырылған адам бос кеуде, өлгенмен тең» деген екен.

«Еліміздің күші – патшада, сәбидің күші – жылауында» демекші, біздің күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз – адамгершілігімізде болуы керек. Ол үшін Ақанның осы үш қасиетін бала бойына дарыта білсек – ұлы жеңіс болары анық.                                                                 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына Жолдауы.
  2. Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі №227 бұйрығымен бекітілген барлық білім беру деңгейлеріне арналған «Тәрбиенің тұжырымдылық негіздері»

Жұпқалиева Шынар Құттығалиқызы

Б. Момышұлы атындағы №25 орта мектебінің

                                           I деңгейлі сертификатталған жоғарғы санатты

                                       қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,

     мектеп директоры

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.