Жүрегінде оты бар, мен жастарға сенемін!

«Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» деп бекер айтылмаса керек. Тек халық дейтін әділ сыншы мен уақыт дейтін қатал төрешінің елегінен өткен елеулі сәттер ғана тарих бетінен өзіне тиісті орынын алары хақ. Өз басым, тарихи уақиға деп көпшіліктің жүрегін елжіретіп, сол елжіреген жүректердің жанарына ыстық жас, көңіліне сенім мен үміт ұялататын тебіреніс пен толғанысқа толы шабытты сәттерді айтар едім. Дәл осындай ғаламат сәттердің бірі бүгін орын алды. Иә, менің ойымша, дәл бүгін қазақ тарихының бетінен өзіне тиісті орынын ойып тұрып алатын мән мен мағынаға толы тағылымды іс-шара өтті. Ол тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен еліміздің жанарында от, жүрегінде жалын, бойында тау қопарар арыны бар дарынды жастардың кездесуі. Тарихи кездесуді мектебіміздің жиын залында жоғарғы сынып оқушыларымызбен бірлесе отырып тікелей эфирде тамашаладық. Әркімнің өз пікірі бар, сондықтан менде кездесуден алған әсеріммен бөліссем деймін. Сонымен, өкшемізді басып келе жатқан кейінгі толқын ұрпақтың бойынан мен нені көрдім және не түйдім, сол жайында бір-екі ауыз сөз.

Ең алдымен, елімізде жас болса да бас болып, өз кәсібінің нәсібін көріп жатқан және көптеген отандастарымызды еңбекпен қамтамасыз етіп отырған жаңашыл кәсіпкерлердің өсіп келе жатқаны қуантты. Олар өстім, толдым, болдым деп тұрған жоқ, бастаған кәсіптерінің одан әрмен дамуына, қазақ қоғамына пайдасын мейлінше көп тигізетін тетіктерін табу жолын ғылыми негізде зерттеп, зерделеп, білімдерін жетілдіре түсуге құлшынатындықтары мерейімізді өсіреді. Соның ішінде, менің биылғы түлектеріме айрықша әсер еткен екі бейне болды. Олар Алматы қаласындағы НЗМ оқушысы Иван Крепак пен 13 жасар Қазақ-Британ техникалық университетіндегі өнертапқыш Абзал Мырзаш бауырымыздың ғылыми жаңалықтары. Жас өнертапқыштардың қажырлы еңбегі мен терең білімі көптеген өрендерге өнеге ғана болып қоймайды, олардың да жүрегіне бір ерекше үміт отын ұялатты деп түйдім. Себебі, сол мезеттердегі залда отырған оқушылардың жанарларынан «мен де осындай жетістікке жетсем» деген ұшқын көрінгендей сезілді.

Екіншіден, төл әдебиетіміз бен ата мәдениетімізді жаңғыртатын, әлемге паш ете алатын Мерей Қарт, Айшолпан Нұрғайыпқызы секілді бауыр-қарындасымның жұмыр жүректерінің лүпілі күллі әлемдегі иісі қазақтың рухын бір көтеріп тастағандай болды. Иә, расымен де Алтайдағы аз ғана қазақтың аманатын арқалап келген бүркітші қарындасымыздың жан тебірентер сөзі бүкіл жүрегі бар адамның жанарына жас үйірді деп ойлаймын. Қарындасымыздың Елбасын «Ата» деп зор құрметпен атауы — жат ел, жат жерде жаутаңдап жүрген талай қандас бауырларымыздың қасиетті атамекенге деген адам айтқысыз сағынышы мен ел Президентіне деген кіршіксіз көңілдерін сездіргендей болды. Бұл сәт мен үшін «қадірліңді қастерлей біл» деген сабақтай болды.

Тәлімі терең, түрпаты тұшымды тағылымды кездесуден менің түйгенім мынау: қазақтың қара домалық Абзалының 1 минутта 1200 кітапты кирильден латынға аударатын өнертуындысын әлемге паш етер болсақ; қаршадай батыр Айшолпан қарындасымыздың әлемнің мүйізі қарағайдай Oxford, Harvard сынды білім ордасынан арнайы шақырту алғанын ескерер болсақ;  сондай-ақ, Ивандай Назарбаев Зияткерлік мектептің ойы ұшқыр білімді шәкіртінің әлем өнертапқыштары алдындағы мәртебесінің биіктігін айтып, осы дарынды жастардың іс-әрекеті мен еңбек жолын өскелең ұрпаққа үлгі етер болсақ, онда дәл осы жастарға ұқсап баққысы келетін осы заманның білімі кемел кемеңгері өсіп-жетілері сөзсіз. Елбасымен кездесу құметіне ие болған әрбір жас дарынның сөзіне ден қояр болсақ, тек табанды еңбек пен ізгілікті білімнің құдіреті адамды шын құрметке бөлейтінін аңғару қиын емес. Сондықтан еркін еліміздің еңсесін одан әрмен биіктету үшін, қазақ деген ұлттың терезесін әлемнің дамығын елдерімен тең етуге үлес қосқымыз келсе, артымызда өлмейтін сөз не іс қалдыруды мұрат тұтар болсақ, онда кемел білімге ие болуға еңбек етейік, адамгершілік қасиеттерімізді дамытудан бастайық. Ал ол әрқашан қоымыздан келетін іс деп білемін.

 

Нартай Шолтық,
Семей қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәнінің мұғалімі, «Болашақ» стипендиясының түлегі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.