Home » Эссе » Жүрегімде қалған оқиға

Жүрегімде қалған оқиға

Ол кезде біз ештеңеден хабарымыз жоқ жай ғана оқушы едік. «Жай ғана» деген сөздің мәнісін әңгіме аяғында ұғарсыздар. Иә, бізді ата-анамыз киіндіруге, жақсы тамақ әперуге міндетті деген түсінік бәрімізде қалыптасқан еді. «Көйлегі көк, тамағы тоқ», біздер, еш қамсыз өмір сүрдік. Күнделікті алған «5» пен «4»-тік бағамыз да міндет еді. Анамыз сәл қолғабыс берші десе, «сабақ оқып отырмын» деп зірк ететінбіз. Ал шын мәнісіндегі сабағымыз қолдағы ұялы телефон мен ондағы әлеуметтік желілердегі бос әңгіме мен түкке тұрғысыз нәрселер еді. Жалпы мен ғана емес, телефонмен таңды атырып, Ватсап, ВК желісіне, ашығын айтқанда, қонатын оқушылар да бар еді. Тамақ, киім былай тұрсын, күнделікті жарататын ақшамызда есеп жоқ. Әке-шешеміз жоқ деген күні қабағымыздан қар жауып, сол ақша қолымызға тигенше бұртиып жүретінбіз. Ол ақшаның қандай қиындықпен келгенінде еш шаруамыз болмайтын.

Қуырдақ, манты секілді дәмді тамақтар, тәтті тоқаштар пісірілген күні дастарқан жайнап тұратын. Ал анам болса, «мен жасап жатқанда тойып алғанмын» деп ештеңе жемейтін. Кейіннен анамның дастарқан жинастырып жүріп қалған тамақтарды жеп отырғанын көретінмін. «Неге жаңа жемедіңіз?» десем, «обал болмасын деп жеп отырғаным ғой» дейтін. Енді ойлансам, олай емес секілді…

Жаз. Демалыс кезі. Жан-жақтан қонақ балалар келетін. Үйімізде кемінде 10-15 бала болатын. Әкем бәрімізді жиып қауын соятын. Бес-алты қауын зорға жететін. Өзі жемейтін. «Сіз де жесеңізші» десем, «жо-жоооқ мен бағана жеп алғанмын» дейтін. Алайда қауынның қабағын тураймын деген әкемнің қыртысын жеп отырғанын көргенде, «неге жаңа бізбен жемейсіз, басқасын сойып жеңіз» десем, «Қауынның қыртысын Құдай үшін же» деген сөзіне иланып қалатынмын. Алайда енді ойлансам, олай емес секілді…

Мұндай жайлар айта берсем өте көп. Балмұздақ жесек, өздеріне алмайтын. Сондағы сылтаулары «біз мұздай нәрсе жемейміз» дейтін де, ең кішкене інімнен қалған балмұздақты тағы да обал болмасын деп қалғанын жеп отыратын.

Ұялы телефонның түр-түрін жарысып ұстайтынбыз. Біреу қымбат телофон алса, оған ешкім таңданбайды, себебі ертеңіне одан да қымбатын ұстайтын оқушы табылатын еді. Ал бірақ та арамызда Айдар есімді ұл бала бар еді. Сабағы – жақсы. Артық сөзі жоқ. Киімі таза, ұқыпты, алайда бір киіммен бір жылды емес, екі-үш жылды атқаратын. Талай пікірсайыстарда оның айтқан ойларына тек біз емес, мұғалімдер де ойланып қалатын. Біз үйде ұйықтап жатқанда, ол күз-көктемде жер аударып, қыста көмір тасысып, дүкендерде жүк тасып аянбай еңбек ететін. Біз жылы үйде отырып, 5 сағат өтірік сабақ оқыдық деп өз-өзімізді алдасақ, ол бар-жоғы 5-10 минуттық үзілісте бар сабағын оқып бітіретін. Егер Айдардың біз секілді оқуға уақыты болса, одан міндетті түрде мықты адам шығар еді. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып отыратын. Ешкімге қатты дауыс көтергенін көрген емеспіз.

Әсіресе, Айдардың қыз баланы сыйлауы өте жоғары еді. Ол бар қыздың айтқанын екі етпей орындайтын. «Әлемде ең жаман қыз болса да, мен оны сыйлауға міндеттімін» дейтін. Себебі Айдардың әкесі Анасы мен бауырларын ертеректе басқа жанұяға айырбастап кеткен болатын. Бұл жағдай менің сыныптасымды ерте есейткен болуы керек. Ол қара жұмысқа 5-6-сыныптан бастап араласты. Керек десеңіз, ол бала секілді түнде жылы көрпенің астында жатқан да емес. Анасы аурушаң болатын, сол кісіге ақша жеткізу үшін түнгі тойханаларда даяршы болып жұмыс жасайтын. Сынып жетекшіміз бен басқа да мұғалімдер ұрысса үн қатпайтын. Тек маған «Мен жетіскеннен жұмыс жасамаймын. Ол жерден алған күнделікті мың теңгемді құрап анама дәріге жұмсаймын, қалған тамақ, нан, салаттар үйдегі бауырларымның тамақтануына жетеді» дейтін. Оның тапқан табысы шынымен де бір жанұяны асыруға жететін. Ал ол бізге: «Ақшаны табу қиын да, жарату оңай, өздерің тапқанда ақша мен ата-ананың қадірін білесіңдер» дейтін. Алайда енді ойлансам, солай секілді…

Айдар сол табысымен бір ағасын үйлендірді, бір әпкесін тұрмысқа берді, бір ағасын студент етіп оқытып, жұмысқа орналастырды. Оның біз сияқты студент атану арманы шығар, алайда жанұясының асыраушысы болып әлі жүр. Барлық ер-азаматтар Айдардай болса, әлем нұрлана түсер еді.

Алайда ойлансам, олай емес секілді…

Дәулеткелдіқызы Фатима

                                         Т. Әлімқұлов атындағы №14 мектеп

                                                 интернат-лицейініңқазақ тілімен әдебиеті

       пәнінің мұғалімі,

ОҚО, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.