Республикалық Ілияс Жансүгіров оқуларының аудандық кезеңінде Ә.Байтанаев атындағы негізгі орта мектебінің 5-сынып оқушысы қалдан Серік бас жүлдені қанжығасына байлап, облыстық кезеңге жолдама алған болатын.
19-сәуір күні Шымкент қаласындағы Б.Өтеп атындағы өнер мектебінде өткен облыстық кезеңге облыс мектептерінен келген 20 үміткер ішінен суырылып шыққан Қалдан Серік І орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. «Асыл тастан, өнер жастан» демекші, 20 үміткердің ең жасы серік «Күй» поэмасын нақышына келтіре, күй сазымен тебірене оқығанда, жас дарынның қабілетіне тәнті болған сарапшылар алқасы республикалық кезеңге ұсыну жөнінде шешім қабылдады.
Серік облыстық сайыста өзінің балапан жырларын оқып, ақындық қабілетімен де көзге түсті. «Отырар», «Тәуелсіз ел», «Әжеме», «Мектебіме», «Ұстазыма» атты өлеңдерін оқып, өз шығармашылығын да көрсете білді.
Қалдан Серік — жан-жақты қабілетті де дарынды оқушы. Өткен оқу жылында бастауыш сынып оқушыларының «Бастау» турнирінің облыстық кезеңінде математика пәні бойынша 2 орынды иеленді, биылғы оқу жылында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өтілген ауданның «Абай» оқуларынан ІІІ орынды иеленіп, аудандық білім бөлімінің ІІІ дәрежелі Дипломымен марапатталды.
Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі. Мектеп кітапханасының «Ең үздік» оқырманы. Көркем әдебиетті ерекше сүйіп оқиды.
Серікті жыр байқауына Құлагердей бастап, бәйгеге қосқан жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі мектеп директоры С.Қожахметованың еңбегі ерекше. Жас дарынды жыл бойы баптаған ұстаздың еңбегі жанды, өз жемісін берді.
Мектеп басшылығымен ұстаздық, шығармашылық еңбекті қатар ұштастырғын С.Қожахметованың еңбегіне жеміс тілейміз.
Дарынды да қабілетті оқушы Қалдан Серікке І.Жансүгіров оқуларының республикалық кезеңінде оза шауып, жеңіспен оралуына сеніміміз мол.
Облыстық кезеңде өз жеңісіне ризашылығын білдірген С.Қалданның:
Бәйгеге шапса тұлпарлар,
Құлагері озады.
Қияға ұшса сұңқарлар,
Қыран легі озады.
Өшпес өнер-өлеңнің
Мұрагері озады,-деген өлең жолдарында келтірген. «Өнерің өрге жүзсін» дегіміз келеді.