Home » Бес сауал » Алғыс хат

Алғыс хат

Бұрын соңды қолыма қалам алып, қағаз шимайлап, жақсыны да, жаманды да таразылап көрген жан емеспін. Бірақ бүгін ана ретінде ұрпағымыздың қамын ойлай отырып, ертеңіне елеңдеп, күнделікті тірбеңіне көз салып, қуаныштан қалам тербедім. Әр ата-ананың байлығы өзінен өрбіген ұрпағы. Ал, біз – сол ұрпақты тәрбиенің тал бесігінде тербеткен халықпыз. Сондықтан да олардың келешегі келісті, болашағы жарқын болғанын қалаймыз. Қазір техника мен ғылымның күннен-күнге қарыштап дамып бара жатқан уақыты. Тек соның ізіне ілесіп отыру шарт пен талап.

Менің айтпағым, осы жерден басталады. Біз отағасы екеуіміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Сол перзенттеріміздің үйдегі тірлігі өз көз алдымызда көрініс тапқанымен, сырттағы жүріс-тұрысы өзге ортада жүзеге асады. Бәрі де мектеп жасында болғандықтан, олардың негізгі уақыттары білім беру мекемелерінде өтеді. Ол – мектеп. Ал ол жерде жас ұрпақтың санасына білім нәрін сіңіретін ұстаздар қауымы бар.

Осы орайда, «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға артылатын міндет те ауыр» деген Елбасының сөзі ойға оралады. ХХІ ғасыр – білім ғасыры екенін ескерсек, заман көшінен қалмау әр жастың міндеті.

Әр балаға білім беруде заманауи технологияларды пайдалана отырып, қиын еңбек ете білетін ұстаздар қауымымен біз де тығыз байланыстамыз. Мектептерге жиі барып, қазіргі білім саласындағы жаңалықтармен танысып отырамыз. «Жер – жомарт, бермейтіні жоқ, көп – қырағы, көрмейтіні жоқ» деген даналы сөз бар. Перзенттеріміздің оқитын мектептеріне барғандағы түрлі өзгерістер мен өзгешеліктерге куә болдық. Әрине, әр білім ошағының өзіндік тарихы, өзіндік ерекшелігі бар. Бәрі де талапқа сай еңбек етіп келеді. Солардың бірі – бір баламыз білім алатын Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі.

Елбасының қолдауымен ашылған қаламыздағы осы білім ордасында ұлымыз оқитын 7 «В» сыныбында 20 оқушы бар. Үш тілде білім алады. Пәндерді оқумен қатар түрлі ғылыми жобалармен айналысады. Жалпы айтқанда, оқушылардың бос уақыты жоқ. Бәрі ізденісте жүр.

Біз ата-аналар ұл-қыздарымыздың білім алып отырған мектебіне, сол жерде бала тәрбиесімен айналысып жатқан барша ұстаздарға шексіз алғысымызды жеткізгім келеді.

Кеше ғана Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында білім әрдайым бәрінен биік тұруы керек екенін тағы да ескертті. Сарабдал саясатты игерген Президентіміз мемлекет болашағы жастар екендігін айтып, ойы озық, дарыны кемел жастарды жігерлендіре түсу мақсатында осындай Зияткерлік мектептерді ашқан еді. Сондықтан да Елбасыға айтылар алғыстың ата-аналар тарапынан таусылмайтыны анық. Өмір баспалдағын батыл болып, өнегелі істердің ұйытқысы бола білген, алтын күн астындағы, алтын дән даланың дарқан мінезді, өр тұлғалы азаматы – Елбасымызға саулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз!

Осы ойымды, осы пікірімді мен балам оқитын сыныптың ата-аналар комитетінің төрайымы болғандықтан, барша ата-аналар атынан айтқым келеді. Қолыма қалам алып, аналық тілекті қағаз бетіне түсіргендегі мақсатым да сол болатын.

Аухина Жанар Қайырғалиевна

7 «В» сынып ата-аналар комитетінің төрайымы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.