Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында «Art Sapar of Kazak Eli» жас суретшілердің жылжымалы көрме жобасының бірінші кезеңін аяқтайтын мүсін және бейнелеу өнері бойынша шеберлік-сыныптар топтамасы мен «Art Sapar I/Astana» көрмесінің ашылуы болып өтті. Көрменің лентасын қию ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Қабдуәліқызы мен Астана қаласы Суретшілер одағы басқармасының төрағасы Тоқтар Тишкулұлына бұйырды.
«Art Sapar of Kazak Eli» жылжымалы көрме жобасы 2013 жылы суретші Анар Әубәкір бастаған Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері – жас талантты суретшілер тобының қоштауымен жүзеге асуда. Алғаш рет «Art Sapar» көрмесі Павлодар қаласында өтті. Кейіннен Семей, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Теміртау, Көкшетау, Петропавл, Өскемен және Ақтау қалаларында қойылды. Міне, енді сол жылжудың бірінші кезеңінің мәресі Астанаға келіп тоқтады.
Көрме өткізілген әр қалада картиналар топтамасы, мүсін және қолданбалы өнер туындыларымен толығып отырды. Осылайша жоба тек қалаларға саяхат жасап қана қоймай, өз авторларының шығармашылық өмірі мен жетістіктерін көрсетіп, түрленіп те отырды. Жоба авторларының ішінде кескіндеме және графика бойынша Анар Әубәкір, Ғалия Төремұратова, Алмас Нұрғожаев, Али Закир, Қадыр Мақсұтқан, Мөлдір Сағындықова. Ал мүсіндеу бойынша Талғат Жұмағұлов, Бағдат Сарсенбиев, Жанна Нүгербек, Данияр Сарбасов, сәндік-қолданбалы өнер бойынша Наталия Баженова, Бауыржан Досжанов, Гүлмарал Татибаевалар ұсынды.
«Art Sapar of Kazak Eli» жылжымалы көрмесінің авторы Анар Әубәкір: Сурет өнерін еліміздің әр қаласына барып таныстыру бала күнгі арманның болмысы еді. Байырғы сал-серілер секілді қала-қала, аудан-ауданды аралап талантын паш ету. Осы жобаны қолға алғаныма қуанамын. Әрине тек жалғыз өзім емеспін. Жанымда серік еткен әріптестерім Қазақстан суретшілер одағының мүшелері, бір сөзбен айтқанда суретшілердің қаймақтары жиналған — дейді.
Әр автордың жеке дүниетанымын білдіретін әлемге деген өз көзқарасы бар, алайда барлық жас туындыгерлерді біріктіріп отырған белсенді өмірлік ұстанымы мен ғажайып жасампаздыққа деген ұмтылысы. Олардың көпшілігі Қазақстан тарихындағы көркемдік бейнелер мен бай дәстүріміздің мәдени бастауларынан шабыт алады.
«Art Sapar of Kazak Eli» жобасының бірінші кезеңін дәл осы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі қабырғасында аяқтау бастамасы кездейсоқ емес. 2008 жылдан бастап Музей алаңында шығармашыл жастарды қолдауға арналған «Үкілі үміт» жобасы сәтті жүзеге асырылуда, соның арқасында көптеген жас таланттар өздерін кеңінен танытуға мүмкіндік алды. Осының нәтижесінде 2015 және 2016 жылдары суретші Анар Әубәкір және мүсінші Жанна Нугербектің жеке көрмелері өтті.
«Art Sapar I/Astana» көрмесі «Үкілі үміт» жобасының дәйекті жалғасы болып табылады. Көктемнің алғашқы шуақты күндері Наурыз мерекесі қарсаңында жас талантты суретшілердің жұмыстары ұсынылып отырғаны керемет.
Қуаныш Тұрғанбай