Home » Ашық сабақтар » Жылдың төрт мезгіліне саяхат

Жылдың төрт мезгіліне саяхат

  Тобы: мектепке даярлау тобы
Білім беру саласы: Сурет салу, Аппликация, Мүсіндеу.
Білімділік: балалардың жыл бойы алған білімдерін қайталау, меңгерген техникаларын бекіту.
Дамытушылық: балалардың өз бетімен жұмыс жасау дағдыларын дамыту, бояу түстерін араластыру іскерліктерін жетілдіру, композиция құруға машықтандыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік: ұжымдық жұмыс арқылы достық қарым-қатынасқа, еңбектің нәтижесіне қуануға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: жәндіктердің мүсіні, кемпірқосақ, ағаштар, гүлдер, көкөністер, құстар, көбелектер, қар ұлпалары.
Құрал-жабдығы: тақтайша, тұзды қамыр, стектер, су құйылған ыдыс, қылқалам, қол сүлгі, гуашь, түрлі түсті картон, түсті қағаз, ақ қағаз, ақ сүлгі, ұнтақ жармасы, қайшы, желім, қарындаш, папье-маше техникасында жасалған заттар, гүлдің және құстың шаблондары, түрлі түсті фломастерлер, жасыл түсті түтікшелер, фетр, фоамиран, түрлі түсті тастар.
Әдіс-тәсілі: әңгімелеу, түсіндіру, сұрақ-жауап.
1.Ұйымдастыру кезеңі. Сәлеметсіңдер ме балалар, сәлеметсіздер ме қонақтар! Балалар, бүгін біз сендермен жылдың төрт мезгіліне саяхатқа шығамыз. Айналаға қараңдаршы, қандай керемет, ауа райы саяхаттауға өте қолайлы. Олай болса саяхатымызды бастайық.
Мұғалім: Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар: Қазір қыс мезгілі.
Мұғалім: Балалар, бұл кім екен? (сиқыршы Тілазар кіріп келеді)
Тілазар: Мен сиқыршы Тілазармын. Сендердің жоспарларыңды күл-талқан еттім! Енді жыл мезгілдеріне саяхаттай алмайсыңдар! Міне, солай!
Мұғалім: Сен неге солай істедің? Табиғатқа қиянат жасауға болмайды!
Тілазар: Маған бәрібір, менімен ешкім дос болғысы келмейді, менің достарым жоқ!
Мұғалім: Сен олай қапаланба, біз сенімен дос боламыз.
Балалар: Кел, дос болайық. Жыл мезгілдеріне бірге саяхаттайық.
Тілазар: Алақай, менің достарым болады, бірақ мен қоршаған ортаны күл-талқан еттім, енді не істейміз? Қоршаған ортаны қалай қалпына келтіреміз?
Балалар: Ағаштарды бояймыз, жапырақ жапсырамыз, гүлдер жасаймыз. Барлығын өз қолымызбен жасаймыз.
Мұғалім: Олай болса, мына тапсырмаларды орындап, табиғатты қалпына келтірейік.
Көктем мезгілінің тапсырмалары:
№1. Жапырақтарды қиып жапсыр;
№2. Алма ағашының гүлдерін қиып, ортасына манка сеуіп жапсыр;
№3. Қарлығаштарды қиып жапсыр;
№4. Қанқыз жәндігін тұзды қамырдан мүсінде.
Жаз мезгілінің тапсырмалары:
№1. Алма ағашын боя;
№2. Алмаларды қиып жапсыр;
№3. Гүлдерді қиып құрастыр;
№4. Көбелектерді қиып әшекейле.
Күз мезгілінің тапсырмалары:
№1. Ағашты сары түспен боя;
№2. Қауынды тиісті түске боя;
№3. Қызылшаны, қиярды тиісті түске боя;
№4. Асқабақты тиісті түске боя.
Қыс мезгілінің тапсырмалары:
№1. Аққаланы қиып жапсыр;
№2. Қоянды қиып жапсыр;
№3. Қар ұлпаларын қиып жапсыр;
№4. Ағашқа қар жапсыр.

Мұғалім балаларға өз бетімен жұмыс жасауға бағыт-бағдар бере отырып тапсырмалардың орындалуын қадағалайды. Қиналған балаларға жеке көмек көрсетеді. Балалар дайын болған заттар мен бұйымдарды жылдың төрт мезгіліне апарып орналастырады.

Мұғалім: Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, достықтың арқасында сендер қоршаған ортаны жайнатып жібердіңдер. Қараңдаршы балалар, айнала қандай керемет! Мінеки көктем мезгілі өзінің заңды күшіне енді (балалар көктем мезгілінің жанына келгенде «Көктем үні» әуені естіледі). Айнала көгеріп, табиғаттың оянатын кезі. Ары қарай жүрейік балалар. Келесі жыл мезгілі – жаз (осы жерде «Жаз үні» әуені ойнап тұрады).  Күн ысып, айнала жасыл желекке оранатын кез. Келесі жыл мезгіліне де келіп жеттік, бұл күз мезгілі. Айнала сарғайып, бау-бақша пісетін мезгіл. Ал енді қыс мезгіліне де оралып жеттік. Айнала аппақ қарға оранып, күн суытатын кез.

Тілазар: Балалар, сендер мені кешіріңдер, мен енді ешқашан жамандық жасамаймын. Мен енді ешқашан ашуымды қоршаған ортадан алмаймын. Сендердің достық сезімдерің менің жүрегіме мәңгі мейірімділік ұялатты.
3.Қорытынды. Балалар, қараңдаршы, жылдың төрт мезгілі сендердің ұжымдық еңбектеріңнің нәтижесінде өз қалпына келді. Қандай керемет! Бүгін сендер өте жақсы жұмыс жасадыңдар, барлығы өте әдемі шықты. Сендерге жылдың төрт мезгіліне саяхат ұнады ма? Айналаны қалпына келтіру үшін қандай тапсырмалар орындадыңдар? Не жасадыңдар? (Балалардың жауабы).
-Жарайсыңдар балалар, сендерге көп рахмет! Келесі кездескенше сау болыңдар!

 


Г.С. Доспанова,
Астана қаласы,
№38 «Шаттық» балабақшасының
бейнелеу өнері мұғалімі:

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.