Home » Балабақша » Жомарт күз (ертеңгілік)

Жомарт күз (ертеңгілік)

Мақсаты: мерекеге сай безендірілген топ. Әдемі сазды әуен ойналып тұр.  Балалардың қолдарында жапырақтар.Балалар тәрбиешісімен бірге кіріп, жапырақтармен би-билейді

Тәрбиеші: Құрметті қонақтар, ұстаздар! Бүгінгі Балауса тобының балаларының «Жомарт күз» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер!

Армысың халайық,

Бармысың халайық

Күзгі тойды жұп жазбай

Келіңдер қарсы алайық!

Хор «Күз келді»

Осы сәтте сырттан бір дыбыс естіледі. Желдің шуы.

-Балалар тыңдаңдаршы бұл не шу?

Осы кезде Күз ханшайымы енеді.

Күз ханшайымы: Сәлеметсіңдер ме, балалар!

Балалар: Сәлеметсің Күз ханшайымы

Күз ханшайымы:

Уа, қалың, дархан далам армысың

Табиғаты жаны жайсаң тал мүсін

Ханшайымы Күздің бүгін келіп тұр,

Алмақ болып бар халқымның алғысын

Мен Күз ханшайымы сіздерді көргеніме қуаныштымын.

Тәрбиеші: Қош келдің, Күз ханшайымы! Төрлет! Бүгін біздің Балауса тобының сіздерге дайындаған «Жомарт күз» атты мерекелік ертеңгілігін тамашалаңыз! Енді біздің балалар өлең айтып, тақпақ айтып сән үлгі көрсетіп, би билейді, сіз соны тамашалап төрге отырыңыз!

Күз ханшайымы:

Қараңдаршы күз келді, күз келді

Жапырақтары жауыпты іздерді

Құс біткен керуен тізеді,

Қара бұлт қабағын түйеді

-Балалар бізбен қоштасып тырналар жылы жаққа ұшып барады

Би «Тырналар вальсі»

Күз ханшайымы:

Мен өзімінің күз айларымды ортаға шақырайын.

Амир:

Бірінші қыркүйек

Білімге бастады

Мал мен аң жүр билеп,

Құс шарлап аспанды

Кәусар:

Жаңартқан ғаламды

Жаңбырлы ғажап ай

Осынау заманды

Орнатқан қазан-ай!

Сердар:

Мол байлық тергені

Шаттығы қаншалық

Қарашы өрледі

Қараша ән салып

Тәрбиеші: Мінекей, балалар күз айларымен таныстыңдар

Көкөністер айтысы

Өнім биыл тамаша

Көз тоймайды қараса

Сәбіз, пияз, қияр, картоп

Бұршақ, асқабақ, қызылша

Көкөністер бір жерде жиналып қалыпты дауласа.

Көкөністер әдемі

Қараңдаршы оларға

Қайсысының адамға

Пайдасы бар көбірек

Бағдаулет:

Кішкене түймедеймін

Ұнаймын мен бәріне

Дәмді тағамдармен,

Сый жасаймын бәріңе

Қарлығаш:

Менде бір сөз айтайын

Мақтанайын сіздерге

Менсіз борщ болмайды

Винегретте үстелде

А.Алинур:

Дәмім тіл үйірген

Мен тұздалған күйімде

Жаңа піскен кезімде

Жейді бәрі сүйсіне

Дамир:

Кім білмейді шалқанды

Талайлар маған таң қалды

Бәріне сый боламын

Тауып көр менен дарханды

Дарын:

Кім бар сәбіз шырынын

Жастайынан ішпеген

Мені жеген адамдар

Кем болмайды күштен де

Айша:

Мен ұялшақ картоппын

Мен емеспін мақтанар

Мені жақсы көреді

Үлкендер мен балалар

Тәрбиеші: 

Көкөністер бәрі де,

Денсаулыққа пайдалы

Мұны жақсы біліңдер,

Оларды жақсы көріңдер

 

Олай болса ойын ойнайық

Ойын «Көкөністер мен жемістер»

Келесі  тамашалайтындарыңыз хор «Қызыл, сары жапырақтар»

Хор «Қызыл, сары жапырақтар»

Тәрбиеші:

Рахмет, балалар! Енді балалар жұмбақтың шешуін табайық. Бұл жұмбақтың шешуін сендердің мамаларыңнан сұрасаң қалай болады.

 

Жазда інге тығылып,

Жатқан қызыл түлкіні

Құйрығынан суырып

Әкелді әжем бір күні   (сәбіз)

 

Жайлы жұмсақ төсегім

Домаланып өсемін

Қабат-қабат тоным бар

Қалай оның шешімі   (орамжапырақ)

 

Қалың кигенді ұнатады

Шешіндірсең сені жылатады  (пияз)

 

Аспай піскен, қайнамай түскен (жеміс)

 

Тәрбиеші: Рахмет сіздерге! Енді біздің топтың қыздарының дайындаған «Қолшатыр ұстаған қыз» атты әдемі билерін тамашалаңыздар.

 

Би «Қолшатыр»

 

Тәрбиеші:  Рахмет қыздар. Ал енді балалар ұйқасын тап деп ұйқас тақпақтарымызды айтып берейік Күз ханшайымына.

Али:

Пісетін кезі дәл күзде

Мезгілсіз оны үзбе

Аузыңнан кетпес бал дәмі

Оның аты  шабдалы

Балнұр:

Кіп-кішкене болсада

Ағаштың басын иеді

Жемістерін айырып

Танисың ба шиені

Әділет:

Жапырақты тасалап

Өсетін жері бақша-бақ

Күрең қызыл шіркін-ай

Оның аты таңқурай

Анель:

Бұтақтан үзілген

Жарылса анармын

Моншақтай тізілген

Дәндерін аламын

С.Алинур:

Өрікпін, мен өрікпін

Бау-бақшаға көрікпін

Баптап мені күткен соң

Талды бойлап өріппін

Тәрбиеші:

Бидай, арпа, тары бар

Сұлы, күріш бәрі бар

Әне бұрылып қарашы

Жыл мезгілі тамаша- дей келе қастарына кішкене ханшайымын ерткен Жыл мезгілдерін шақырайық.

Әсем әуен қойылады, өз жүрісімен шығады.

Сән үлгісі «Жыл мезгілдері»

Тәрбиеші:  Рахмет, қандай тамаша! Назар аударыңыздар!

Ойында бар, әнде бар

Сәнде бар, биде бар

Ендігі кезекте Балауса тобының орындауында хор «Балдырғандар әні»

Тәрбиеші: Енді біз бүгінгі «Жомарт күз» мерекесін аяқтай келе сіздерге флэшмоб  биін ұсынамыз.

 

Би флэшмоб

Тәрбиеші: 

Қандай тамаша,

Өлкеге күз келді

Бәрі де көңіл көтерді – дей келе сөз кезегін балабақша меңгерушісі  А.Еркебаеваға береміз.

Тәрбиеші:  Рахмет, келесі кездескенше сау болыңыздар.

 

Кулынбаева Лязат Уалиахметовна

Алматы облысы Қарасай ауданы

 Қырғауылды ауылы

«Ақ көгершін» балабақшасы

Ортаңғы топ тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.