Батырхан КАРАШИНОВ
№10 жалпы орта білім беретін мектебіндегі
«Нұр Отан» бастауыш партиясының жетекшісі
Арқалық қаласы
Еліміз тәуелсіздік алып, ел болып есін жинап, жоғын жоқтап, барын базарлаған, асылын ардақтаған Ұлы елге айналдық. Бізге әрқашан үлгі болып келген Еуропа елдеріндегі атыс-шабыс, төңкерістерге қарап еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық, экономикалық даму, ұлтаралық татулық: осының бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі деп білеміз.
«Мен Қазақстан халқына жаңа дәуір қарсаңында сөз арнап отырмын. Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында атап өттік. Оларды бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды» -дейді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы жолдауды №10 жалпы орта білім беретін мектептің педагогикалық ұжымы қолдау білдіру мақсатымен саяси кеңесу жиынын өткізді. Саяси кеңесте сөз алған мектеп басшысы Қарлығаш Серікбайқызы: «Үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін. Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет. Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек» деген президент сөзін мысалға келтірді. Мектеп мұғалімдерінің кәсіподақ ұйымы төрайымы Айзада Абанқызы: «Жоғары білім беру жүйесі сапасына ерекше назар аударылады. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет» деген Ұлт көшбасшысының оймақты да орамды сөзін атап өтті. Жиынды «Нұр Отан» партиясының мектеп жанынан құрылған бастауыш ұйымы жетекшісі Батырхан Серікбайұлы жүргізіп отырды.
Елбасы стратегиясын жүзеге асыруда әрбір қазақстандық болып атсалысуымыз қажет. Ол үшін әрбір ата-ана, оқушы, ұстаз болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еңбек етуіміз керек. Сонда ғана ісіміз берекелі де мерекелі болмақ.