Home » Жаңалықтар » Желілік қауымдастықтың жүйелі жұмысы

Желілік қауымдастықтың жүйелі жұмысы

 

Оралдық мектептердегі «Өркен» желілік қауымдастығы жалпы жеті мектепті қамтиды. Наурыздың бесі күні қалалық семинарда бас қосқан мектеп директорлары мен қосымша білім беру ұйымдары басшылары аталмыш жобаның нәтижелі жұмыстарына куә болды.

Орал қалалық білім беру бөлімі мен «Өркен» желілік қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған жиын «Мектеп басшысы – өзгеріс енгізудің тетігі» деген атаумен шаһардағы №5 орта мектеп базасында өтті. Семинарға қатысқан Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мен білім беру мекемелерінің басшылары алдымен «Мейірімді көктем» акциясы аясындағы көрмені тамашалады.

Бұдан әрі мектептің мәжіліс залына жиналған білім беру мекемелерінің басшылары «Жетістікке – бір қадам» тақырыбындағы сұқбаттасу алаңында бас қосып, облыстық білім басқармасының басшысы Ш.Қадыровамен еркін пікір алмасып, көкейде жүрген сауалдарын жолдады. – Әрбір іс-шара сол білім ордасының ерекшелігін көрсетуі керек. Әр мектептің өз миссиясы болуы тиіс. Әріптестеріңізге де осыны түсіндіріңіз. Ал оқыту мен тәрбиелеу – бұл бөлек міндет, – деген Шолпан Маратқызы бүгінгі мектептің көрінісі, мектеп басшысының келбеті жайында ой бөлісті. Сұқбаттасу алаңындағы жылы жүздесуді №20 орта мектептің жас өнерпазы Әлихан Әйтімбетов «Ана сыйы» әнімен түйіндеді.

Семинардың келесі бөлімдерінде қала мектептеріндегі «Өркен» желілік қауымдастығының жұмыс тәжірибесі таныстырылып, №5 орта мектепке саяхат ұйымдастырылды. Жиын соңында білім саласының өкілдері мектеп өміріне өзгерістер енгізу, түрлі мүмкіндіктер, оларды шешу жолдары мәселелерін бірлесе талқылап, семинарды қорытындылады.

Оралдық мектептердегі «Өркен» желілік қауымдастығы жалпы жеті білім ордасын қамтиды. Олар – Ж.Молдағалиев атындағы №2 орта мектеп, М.Ықсанов атындағы №36 орта мектеп, А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия, №5, №14, №25, №46 мектептер. Үш жылдан бері желілік байланыс орнатқан мектептердің басшылары бұл жобаның маңыздылығын жоққа шығармайды. – Біз кез келген мәселенің шешімін бірлесіп талқылаймыз. Бүгінгі семинарда әрбір білім ошағының жетістіктері, оңды өзгерістері, шешімін тапқан мәселелері көрініс тапты. Мұндай іс-шаралар түрлі форматта ұйымдастырылып келеді. Айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік, – деді А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия директоры Жұмагелді Батыров.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы», Орал қаласы     

 

       

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.