Home » Мақалалар » Жаңғыру жолындағы жас маман рөлі

Жаңғыру жолындағы жас маман рөлі

 

                                   Мұғалімдік мамандық – бұл  адамтану
адамның күрделі және  қызықты,

 шым-шытырығы мол рухани жан

                                    дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық

                                    шеберлік пен педагогикалық өнер – ол

                                    даналықты жүректен ұға білу болып

                                    табылады.

                                                                                   В.А.Сухомлинский

         «Өткеннің өнегесі — бүгінгінің баға жетпес байлығы”, — деп әлем назарын салиқалы саясатымен қазақ еліне аударып отырған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай артта қалған тарих ізіне көз жүгіртіп, алға нық қадам басып, еліміз жыл сайын жаңғыру үстінде. Жаңа технология мен сапалы білім беруді талап ететін ХХІ ғасырда білім мен білік жолын таңдаған біз жас мамандар Елбасының „Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласын негізге ала отырып, жас ұрпақты оқуға, білімге, елін, жерін, Отанын сүюге тәрбиелеп жатырмыз. Абай атамыз «Ұстазсыз шәкірт — тұл, шәкіртсіз ұстаз — тұл” деп адам баласының кісі болып қалыптасуы тікелей ұстазға байланысты екендігін ерекше атап өткен. Сол себепті біздің, яғни, жас мамандардың алға қойған мақсаты — шәкірттердің оқуға деген ынтасын арттырып, білімді, саналы, ізденімпаз азамат етіп тәрбиелеу. Сондай-ақ ұстаз деген ұлы есімге лайық болып, Мәңгілік елдің берік іргетасының қалануына үлес қосу.

«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады”, — деп білікті педагог А.Байтұрсынұлы айтқандай, дамыған озық 50 елдің қатарына кіріп, Мәңгілік елдің қазығын қағу үшін аянбай еңбек етіп жатырмыз. Себебі Елбасының „Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты тұжырымдамасында айтқан «Болашақ жастардың қолында” атты ұраны әсте жадымызда. Өйткені, «Білекті бірді, білімді мыңды жығады” деген ойшылдардың ұлағатты сөзін, білімнің шындығында да баға жетпес үлкен рухани қару екендігін, білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық — рухани күш, қуат көзі жоқ екені белгілі.

Бүгінгі таңда Елбасымыздың ерекше назар аударғанын ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Назарбаев Университеті тәжірибесін барлық Қазақстанның білім беру жүйесіне тарату үшін олардың жетістіктерін жалпыға білім беру үдерісіне енгізуде.

ХХІ ғасыр ақпараттық бәсекелестік, инновациялық технологиялар мен күрделі экономикалық реформалармен көш бастап тұр. Ал сол кезеңге сай интеллектуалды, ой өрісі дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар ұрпақты тәрбиелеу — әр мұғалімнің міндеті болып табылады.Сол себепті әрбір жас білім иесінің жаңаша жұмыс жасап, үнемі ізденісте болуы бүгінгі күннің басты талабы. Ал жаңа формация мұғалімі — білімнің өзіндік құндылығын түсінетін, жүрегі жаңалық деп соғып тұратын, рефлексияға қабілетті, кәсіби дағдылары дамыған педагогикалық дарын иесі болуы шарт.

Сол уақытта, яғни, қазіргі жаһандану дәуірінде — әлемдегі елдердің бәсекеге қабілетті жағдайында білім көзі — пайдалы инвестиция сапасы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Қорыта келе, әрбір жас педагог заман талабына сай жаңаша жұмыс істеп, үнемі ізденісте болуы бүгінгі күннің басты талабы болса мектептегі басты тұлға ол — мұғалім. Ы.Алтынсарин сөзімен айтсақ, «Мұғалім — мектептің жүрегі”. Жаңғыру жолындағы жас маманның рөлі ауқымы кең ізденіс пен шегі жоқ шетсіз талап, айқын мақсатты көздейді. Талабы терең өлшеусіз еңбекті қажет ететін ұстаздар бар да — Қазақстанның «Мәңгілік елге” айналып, тарих бедерінен тайға таңба басқандай ойып тұрып орын иемденеріне сенімім кәміл. Еліміздің болашағы жарқын, мұраты мығым болғай!

 

Хамит А.Е.

Қарағанды облысы,  Жезқазған қаласы
«№13 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ
ағылшын  тілі мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.