Home » Балабақша » Жаңғыру – балабақшадан бастау алары анық

Жаңғыру – балабақшадан бастау алары анық

2013 оқу жылынан бастап «Балабақша жағдайында балаларды көптілділікке тәрбиелеудің педагогикалық-психологиялық аспектілері» тақырыбында эксперименттік алаң болып бекітілген Жамбыл облысы, Тараз қаласының №35 «Ер Төстік» балабақшасында 2017 оқу жылының соңында облыстық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілді. Семинардың мақсаты: балабақшада балаларды көптілділікке тәрбиелеудің ғылыми-педагогикалық эксперименттік жұмыс нәтижесін көрсету. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың жыл сайын халыққа жолдаған жолдауы бізге ерекше сенім беріп отырады. Себебі әрбір жолдауында елбасымыз үштілділік мәселесіне арнайы тоқталады. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында көптілділік мәселесі туралы: «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды»-деп нақты атап көрсетілген. Сондықтан да болашақ ұрпақ сапалы білім алып, өнегелі тәрбие алуы үшін үш тілді меңгеруді балабақшадан бастау қажеттігін эксперимент барысында көз жеткіздік. Ал педагогтардың міндеті балалардың жас және жеке дара ерекшеліктерін ескере отырып, инновациялық технологияларды тиімді қолданып, балаларды білім нәрімен сусындату. Балалардың үш тілді меңгеруіне қолайлы жағдай жасалған «Ер Төстік» балабақшасындағы лингафондық кабинет, зертхана, арт-терапия, сенсорлық дамыту кабинеттері, «Тілдік-танымдық шеберханада» орналасқан интерактивті тақта мен сиқырлы қалам балалардың балабақшадан бастап үш тілді меңгеруге деген қызығушылықтары мен ынта-жігерлерін арттырып, «Су асты патшалығы», «Қысқы бақ» орталықтары ертегілер әлеміне ендіреді. Осындай заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған бақшаны басқарып отырған балабақшамыздың меңгерушісі Ережпбаева Алма Сайлаубекқызы қарамағына білікті де білімді мамандарды жинап, балабақшаның «Ең үздік қалалық балабақша» болуына барлық жағдайды жасап отыр.

Семинар барысында қосымша білім беру педагогтары А.С.Мадимарова, Л.И.Бейсеева оқу қызметтерімен семинарды бастап, балалардың сөйлеу қабілеттерін, тіл байлықтарын көрсетті. Психолог Ж.Қ.Даниярова балалармен психологиялық түзету-дамыту жаттығуларын жасап, балалардың танымдық қабілеттерін дамытты. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты» мақаласында: «Ең бірінші – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Маңыздырақ бір мәселе – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деп нақты көрсетті. Осы мақаланы негізге ала отырып, бүлдіршіндеріміз Отанына деген сүйіспеншілігін ән мен бимен жеткізді. Балаларымыздың өнерінен соң құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен де биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді, демекші, «Үш тіл білу – әлемді тану» тақырыбындағы шебер сыныпта педагогтар «балабақшада балаларға үш тілді қалай меңгертуге болады?» деген сұраққа жауап алды, семинардың теориялық бөлімінде ғылыми жетекші Р.Қ.Керімбаева эксперименттік жұмыстың төрт жылда жеткен жетістіктері туралы мағлұмат беріп, «Тілдер патшалығы» бағдарламасының оқу-әдістемелік кешендерімен таныстырды. Эксперименттік жұмысты 4 жыл бойы жетекшілік еткен Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті семинарды жоғары деңгейде өтті деп бағалады. Мектепке дейінгі мекемелер, мектепалды даярлық және «өзін-өзі тану пәні» бөлімінің жетекшісі Жаманқұлова Сәуле Аңсабекқызы семинар соңында сөз алып, балабақша ұжымын алғыс хаттармен және сертификаттармен марапаттады.

Қорыта келгенде 2016-2017 оқу жылы эксперименттік жұмыстың қорытынды кезеңі болғандықтан апробациядан өткен «Тілдер патшалығы» бағдарламасы, оның оқу-әдістемелік кешенін жарыққа шығарып, облыс көлемінде насихаттау жоспарланып отыр. Төрт жылдық ғылыми-педагогикалық эксперименттік жұмыс барысында біздің педагогтар, тәжірибеден өткізген «Тілдер патшалығы» бағдарламасы мен арнайы материалдық-техникалық жағдайы жасалған, мамандандырылған ұжымда балаларды үш тілде оқыту мен тәрбиелеуге қол жеткізуге болатындығы сөзсіз анықталды.

Досымбекова Ақерке Тілеубекқызы

Тараз қаласы, №35 «Ер Төстік»

балабақшасының инновация әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.