Батыс Қазақстан облысына қарасты Жаңақала ауданындағы балалар бөбекжайының педагогтары жас ұрпаққа жаңа технологияға сай білім мен тәрбие беру ісіне баса назар аударады.
Ұйымшылдықпен жұмыстанатын бөбекжай қызметкерлері балаларды адамгершілікке, еңбексүйгіштікке ерте жастан баулу – өз жемісін береріне қалтқысыз сенеді. 165 орындық аудандық мектепке дейінгі ұйымдағы әр топта 25 бүлдіршіннен тәрбиеленуде. Бөбекжай басшысы – Бегайым Төлеуғалиқызы Есенғалиева.
35 жылдық тарихы бар бөбекжайда білімді де білікті тәрбиешілер қызмет етуде. Олар өздерінің іс-тәжірибелерін заман талабына сай тың әдіс-тәсілдермен толықтырып отыруды іске асырып келеді.
Облыс көлемінде өңір педагогтарының дәстүрлі Тамыз кеңесі жиыны өз жұмысын бастағалы белгілі. Соның аясында облыс орталығы мен аудандарда түрлі тақырыптағы секциялық жұмыстар ұйымдастырылуда. Мұндай тәжірибелік алаңдар – оқытушыларға өздерінің іс-тәжірибелерін бөлісіп, жетістіктерін ортаға салуға таптырмас мүмкіндік.
Жуырда жаңақалалық бөбекжай педагогтары Оралда өткен «Шығармашылыққа шектеу жоқ» атты педагогикалық инновациялар жәрмеңкесінде өздері жұмыстанып жүрген жаңа жобаларын облыс ұстаздарының назарына ұсынды.
Бөбекжай әдіскері Мирамгүл Алькуатова айтып өткендей, олар педагогикалық инновациялар жәрмеңкесіне үш жоба алып келді.
– Біздің балабақшамыздағы үш топ экспериментальдық алаңда жұмыс жасауда. Бұл жолы облыс орталығындағы педагогикалық инновациялар жәрмеңкесінде жаңа жобаларымызды әріптестерімізге көрсетіп, жақсы әсер алдық. Жәрмеңкеге алып келген дүниелерімізге тоқталсақ, «Жүннен жасалған бұйымдар» атты стендтік жұмыс, балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған өз-өзіне массаж жасау жұмысы және «Ғажайып сабын әлемі» атты жоба, – деді Мирамгүл Лайыққызы.
Бөбекжайдағы ортаңғы «Тұлпар» тобының тәрбиешісі Ақмарал Мусина «Ғажайып сабын әлемі» атты жоба туралы кеңірек айтып өтті.
– Біз бұл жобамен биылғы наурыз айынан бері жұмыс жасап жатырмыз. Бұл жоба аясындағы жұмыстарға бөбекжай тәрбиеленушілері ғана емес, тәрбиешілер мен ата-аналар да тартылды. Яғни, бірлесе жұмыс жасаудамыз, – деді бөбекжай тәрбиешісі.
Айтуынша, мұндай жұмыстар баланың қол моторикасын, ой-өрісін дамытуға жан-жақты септігін тигізеді екен. Тіпті балалар сабынды өз қолдарымен жасайтын көрінеді. Ол үшін сабын ерітіндісі пайдаланылады. Бұл әр бала сабынды өз қиялымен түрліше формада жасап, түрлі түспен бояп, шығармашылық қабілеттерін байқатады деген сөз. Кейбіреуі сабынды жануар кейпінде жасаса, енді бірі белгілі бір пішінге келтіреді екен.
– Соның нәтижесінде бүлдіршіндер түстерді, пішіндерді, жан-жануарларды ажырата білуге үйренеді. Біз бұл жобаны ортаңғы топта қолданудамыз. Негізінен екінші кіші топтан бастадық, – деген Ақмарал Сансызбайқызы аталған жұмыстарға 3-6 жас аралығындағы тәрбиеленушілер қатыстырылатынын жеткізді.
Бөбекжай педагогтары «Тазалық – денсаулық кепілі» деген басты ұстанымды жас ұрпақтың санасына ерте жастан сіңіруді мақсат тұтқан. Аталған жоба олардың осы мақсаттарын жүзеге асыруларына септігін тигізіпті.
– Балалар осы жобамен жұмыс жасағанда тазалық дегеннің не екенін түсінеді. Әсіресе, сабынның адам өміріне қандай пайдасы бар екенін ұғындырамыз. Осындай өте қызықты, жаңа технологияға сай жобамыз әріптестеріміз бен ата-аналардың да қызығушылығын туғызды, – дейді бөбекжай әдіскері Мира Лайыққызы.
Бала – біздің болашағымыз, ертеңіміз, ұрпағымыздың жалғасы. Ендеше осы жарқын болашақтың кепілі саналатын мектепке дейінгі ұйымдарда берілетін білім мен тәрбиенің маңызы зор. Өскелең ұрпақтың қалыпты дамуы, өмірге бейімделуі отбасыдан кейін балабақша мен мектепте берілетін тәлім-тәрбиеге байланысты. Осындай мақсат-міндеттерін басты орынға қоятын Жаңақала аудандық балалар бөбекжайының ұжымы әлі де абыроймен жұмыстанып, бар күш-жігерлерін жас ұрпақ тәрбиесіне жұмсарына сенеміз.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY»,
Батыс Қазақстан облысы