Home » Білім және тұлға » Жарасбай Сүлейменов- әдебиет зерттеуші, публицист

Жарасбай Сүлейменов- әдебиет зерттеуші, публицист

Жарасбай Сүлейменов туралы сөз қозғауды неден бастарымды білмеймін. Дегенмен, ағамыздың 70 жылдығы қарсаңында бұғып қалу жарамас. Біз алғаш Солтүстік Қазақстан облысына келіп елге, жерге сіңісіп кете алмай жүрген кезде қанатының астына алып, қамқорлық көрсеткен алып жүректі адам еді. Жатақхана жағалап жүрген кезімізде де Алтекеңе құжаттарыңды тапсырып көріңдер, мүмкін сәтін салар деп ағалық ақылын айтып, үнемі дұрыс жол нұсқайтын.

2004 жылы алғаш қала тұрғындарына мемлекеттік бағдарламамен үй берілгенде сол үйге қол жеткіздік. Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», дейді ғой. Алғаш баспаналы болып, балаларымыздың асыр салып жүгіргенінің де куәсі Жарасбай ағамыз болған. Алтай менің ақылымды тыңдағаның өзіңе жақсы болды деп, біз емес ағамыз жас балаша қуанған еді. Сонда, құдай-ау, айдаладағы алаш баласын жебеуші періште етіп жібергеніңе мың алғыс деп іштей аллаға алғыс айтқан едім. Міне, содан бері 17 жыл болған екен. Бүгін сол әкелік, ағалық, бауырлық қамқорлығына алғыс айтудың сәті түскенге ұқсайды.

Журналист, публицист, жазушы, қоғам қайраткері, әдебиет зерттеушісі-  Жарасбай Сүлейменовке ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын тілейміз!

Негізінен Жарасбай Сүлейменовтің еңбек жолы талай ұрпаққа үлгі-өнеге десек артық айтқандық емес. Өз ауылында шопан, тракторшы болып қызмет бастаған ағамыз қажырлы еңбегінің арқасында тарих сахнасына көтеріле алды. Ж.Қ.Сүлейменов әскери міндетін өтеген соң Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетіне кіші әдеби қызметкер болып орналасып, жылдар өте әдеби қызметкер, тілші, бөлім меңгерушісі міндеттерін атқарады. Яғни, қоғамда болып жатқан ірілі-ұсақты саяси-әлеуметтік мәселелерді көтере білуде осылай өмір мектебінен өткен екен-ау, деген тұжырым жасауға болады. Бұндай ерлікті бүгінгі ұрпаққа насихаттау біздің басты борышымыз. Облысымыздағы мен журналистпін деп жүргендердің барлығына ағамыздың шығармашылық жолы үлгі болары қақ. Қара қылды қақ жарып айтатын әділдігін барша оқырман жақсы біледі.

Жарасбай Сүлейменовтің әдеби зерттеушілігін айтар болсам, өзінің «Дала – бесік» деген еңбегінде Қожаберген жырау туралы: «… Жеті жарғыны» Тәуке хан жазған жоқ, ол үкім шығарып жаздырды. Сол жазған жеті бидің бірі Қожаберген би екенін айту –тарихи әділдік болар еді»,-дейді. Өздеріңіз көріп отырғандай ел бастаған көсем, от тілді шешен, батыр, ақын-жырау Қожабергеннің тәуелсіз Қазақстанның тарихынан әділ бағасын алуды ұсынады. Сонымен қатар Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанына тарихшы М.Қ.Қозыбаевпен теңесіп тұрып үлкен баға береді.

«Елім-ай»- шын мәнінде ұлттық сананың биік шыңы, ұлттық сергелдеңге душар болғандағы мұңы, болашаққа құлаш сілтеп, қайсар, намысшыл қазақтың ұлт болмысын жаңғыртуға ұмтылысының шаншыла атқан қайнар жыры да сыры. «Елім-ай» — ұлтымыздың «Илиада» мен «Одиссеясындай» эпикалық өміршең трагедиясы», деп Жарасбай Сүлейменов бағалайды. Ағамыздың әдеби-зерттеулерін ары қарай қарастырсақ, «Елім-ай» дастаны туралы азды-көпті зерттеулерінің ішінде халқымыздың асыл ұлдарының бірі Әлихан Бөкейхановтан қалған: «Тарихтық сарын екіге бөлінеді: бірі бөлек тарихтың пайдаланғаны – соғыс істері. Біздің қазақ білетін тарих осы. Осы тарихты журналист ары қарай зерделей отырып, тарихтан кеткен кейбір кемшіліктің бетін ашады. «Тарихтың екінші түрлісінің (мұны орыс тілінде история культуры дейді) пайдаланғаны – жұрттың болмыс-салты, рухани мәдениетінің дәрежесі. Бұлардың бәрі сол жұрттың сол замандағы тіккен үйінен, киген киімінен, ұстаған… сөздерінен білінеді. Анық тарих – осы екіншісі»,- деген сөз бар, дегенді айта алды. Белгілі журналист Жарасбай Сүлейменовтің Сегіз сері туралы зерттеген зерттеуші ғалымдарға да нақты дәлелдер ұсынып, Сегіз серінің өмірде болған адам екенін дәлелдеуге ат салысады. Мысалы, «Кезінде Сегіз серіні қазаққа қиғысы келмеген кейбіреулердің: «Ұлпан» көркем шығарма, Сегіз сері – жазушының қиялынан туған кейіпкер»,- деп жазғаны есімде. Бос сөз, «Ұлпан» — деректі роман, ондағы кейіпкердің бәрі- өмірде болған адамдар»,- деп бір сөзбен қайырады.

Жазушы, журналист Ш.Уәлиханов, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Үкілі Ыбырай, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сынды теріскейдің асыл топырағынан шыққан қазақтың маңдай алды ұлдарының өмірі мен шығармашылығы жайлы тың деректерді, нақты мысалдармен қалың оқырманға ұсынды.

Публицист Жарасбай Қабдоллаұлы қазақ әдебиетінің күрделі жанрының бірі шытырман оқиғаларға да қалам тербеді. «Көмескі із» деп аталатын кітабы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің шытырман оқиғалары, қауіпке толы өмірі, олардың түрлі қылмыстық істерді қалай шешкендігі туралы баяндалатын бұл шығарма оқырманнан өз бағасын алып үлгерді. «Көмескі із», «Кәсіпкердің өлімі», «Көгілдір мазда», «Мезгілсіз атылған мылтық», «Ала биенің әлегі», «Қақпан», «Бір қап ақша»  сияқты шығармаларын қалың жұртшылық сүйіп оқитын шығармаға айналды.

«Еменнің иір бұтағы» жинағы жазушының нарықтық өтпелі кезеңдегі қазақ аулының тұрмыс-тіршілігі, халықтың қиындықты жеңу жолындағы тағдыр-тауқыметі суреттеледі. «Туған үйдің түтіні», «Қуырдақ» сияқты әңгілерінде қазақты болмыс екі шығармада екі түрлі беріледі. Нарық заманындағы тағдыр тауқыметін көрсететін, халықтың пиғылын, ындынын «Қуырдақ» әңгімесі нақты берсе, өміршең ұрпағы үшін жанын аямаған әкенің аяусыз еңбегін бағалаған жар. Балалардың заманның соққан желімен ығыса түсуі. Күйеуге деген, отағасына деген құрметтің асқақ түрін көрсете алады.

Белгілі редактор, публицист Қ.Бекхожин: «қоғамдағы әлеуметтік құбылыстарды тез байқап, оған үн қосу, қоғамдық пікір туғызу журналистке тән қасиет», дейді. Осы қасиет Жарасбай ағамыздың бойынан табылады.

2007 жылы 18 тамызда «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының тізімі бойынша Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған. Ал, Жарасбай Сүлейменов мемлекеттік қызметте болған уақытында талай маңызды тақырыптарда қалам тербеді. Осы уақытта «Ауылдан көшпе, Ағайын!», «Мал өнімдерін сатып алатын құрылымдар қажет», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Асыл Парыз» т.б. тақырыптарда жазған мақалаларының басым бөлігі ауылдағы жұмыссыздық мәселесін көтеріп, жастардың туған үйін қалаға мәжбүрлі түрде ауыстырып жатқанын баса айтты. Негізінен ауылдың ауыр тағдырын суреттеді.

Қорыта айтқанда, Жарасбай Сүлейменов жанрлардың үлкен-кішісін таңдайды, ол шағын ақпараттық хабарламадан очеркке дейінгі жанрлардың бәріне қалам тербей алды. Повесть, әңгімелері үлкен бағаға ие болды.

Көкбасқызы Жазира,

СҚО

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.