Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы жарияланғаннан бері жер-жерлерде: ұйымдар мен мекеме, мектептерде түсіндіру-насихат жұмыстары басталып кетті.
Парламент депутаттары да еліміздің барлық аймақтарында қала, аудан, ауылдарды аралап, еңбек ұжымдары, қарапайым халықпен кездесулер өткізіп, Елбасының кезекті Жолдауын түсіндіріп, оның ел экономикасын жандандырудағы рөлі туралы баяндауда.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамет Тұрышев тіл маманы ретінде үш тұғырлы тіл мәселесі жайлы ой қозғап, латын әліппесінің іске қосылатыны туралы жастармен кездесуінде айтуда. Ғалымның айтуынша, бұл маңызды құжат кездейсоқ келмеген, мемлекет бұған дейін де қолға алып, сәтті іске асырып келе жатқан бағдарламалардың жалғасы деп, ұнаған тұстарымен көпшілік алдындағы ойымен бөлісуде.
Жолдауды қолдауда Павлодар Достық үйінде облыстың зиялы қауымы мен Құрметті азаматтары, әр мекеме-ұйым басшылары мен өкілдері бас қосып өткен облыс активінде де талқыға салынды. Елбасының халыққа Жолдауы қоғамның басты назарында. Бұл міндеттерде білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажеттігі айтылады.Көрсетілген негізгі бағыттар — жаңа бағытқа жасалған бетбұрыс екені мәлімделуде.
Биылғы жылдың соңына дейін Павлодар қаласында «СМАРТ-СИТИ» тұжырымдамасы енгізілуін және басқа да Жолдауға қатысты міндеттерді Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек жиналғандармен талқылады.
Елбасы кезекті құжатында «Еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық оқушылар сарайларының негізінде балаларға арналған компьютерлер, зертханалар, техносаябақтар мен барлық инфрақұрылымдары бар бизнес инкубаторлар желісін құру керектігін» ашып айтты. Бұл бастама оқушылардың шығармашылық дамуына үлкен серпін бермек, — деп айтуда мектеп ұстаздары.
Тағы да осы аталмыш Достық сарайында «Құтқарған әлем оларды есте сақтайды» деген тақырыпта ұранды жалау еткен кездесуде Украина аумағындағы қанды шайқаста соғысқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің медальдармен марапатталған сәті өтті. Жиналғандардың қатары қалың болып, олар соғыс ардагерлерін құттықтауға қатысты. Ұлы Отан соғысына қатысушылардың бүгінде 18-нің ғана көзі тірі екен. Өкінішке орай, салтанатты жиынға екеуі ғана келе алды. Шараға шайқасқан соғыс ардагерлерімен қатар майданға мерт болғандардың туған-туыстары да көптеп жиналды.
Павлодар Т.Г. Шевченко атындағы украин мәдениеті серіктестігінің төрағасы Михаил Парипсаның айтуынша, денсаулықтарына байланысты келе алмаған Украина аумағында қанды шайқаста соғысқан он екі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне медальдарын апарып тапсырамыз дейді. Облыс бойынша Украина медалімен осындай тағы да 52 адам марапатталған.
1938 жылы қаңтар айында құрылған облыс тарихы 15 қаңтарда 80 жасқа толды.Облысты құру жаппай қуғын-сүргін кезеңіне сәйкес келді. Одан соғыс қайғы, азап шегу, аса ауыр еңбек уақыты, ержүректік, Отанға деген шексіз махаббат, Жеңіске деген үміт және ұлы қуаныш кезеңімен халықтың жүрегінен орын алды. Алғашқы шатыр қалашығы, тың игеру, зауыттар, ауруханалар мен мектептердің, ғимараттардың салынуы тарих парақтарында шежіре болып жазылуда.
Облыстың әлеуметтік, мәдени салаларда дамуы — қаншама халық еңбегінің, біліктілігі мен қайсар мінездерінің арқасында мүмкін болып отырғанын өсіп келе жатқан ұрпақ біліп, қадірлеп, олардың еңбегін әркездері бағалаулары керек.
Л.Теміртасқызы,
«Білім айнасы»,
Павлодар қаласы