Ұстаз болу – жүректің батырлығы…
Ғ.Қайырбеков
Қазір – білім ғасыры. Білім бәсекесінің заманы. Ел келешегі де, экономикасының қарыштап дамуы да жас жеткіншектеріміздің білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Олардың алған білімі қаншалықты жоғары болса, мемлекетіміздің әлем қауымдастығында бәсекелестікке қабілеті де биікте болмақ емес пе. Сондықтан да аталарымыз «Білекті –бірді, білімді –мыңды жығады» деп бекер айтпаған шығар. Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін паш етті.Мұғалім үнемі ізденіс үстінде болса ғана, оқушыны өзіне тарта алады, сый-құрметіне ие болады.Болашақ ұрпақ тәрбиесі – азамат баласының асыл мұраты. Жастардың қандай болуы керек деген нақты сұрақ әр бір саналы адамды ойландыратыны анық. Сондықтан да, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың алдына «ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеу керек» — деп, жауапты міндет қойып отыр.Білім негізін қалануы тиіс десек, ұрпақ тәрбиесі алдында мұғалім жауапкершілігі басты орында болуы тиіс. Күнде өзгеріс болып жатқан бүгінгі таңда халқымыздың өткені мен бүгінгісін, салты мен дәстүрін тарихи асыл мұраларымызды біліп қастерлеп, қазіргіміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыру өмір қажеттігінен туындап отырған әрбір мұғалімнің азаматтық парызы мен міндеті деп түсінген жөн. «Білімді ұрпақ – ел болашағы» деген қағиданы айта салу оңай нәрсе.Ал мұғалімдеріміздің кәсіби біліктілігі заман талабына сәйкес пе?.Білімді қалай беріп жатырмыз? Бұл сұрақтарға мүдіріп қалатынымыз рас. Өз кезегінде мұғалімдерге оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін меңгеріп, өз іс-тәжірибесіне өзгерістер енгізуге мүмкіндіктер беруде. Ақпараттар ағыны толассыз ағылған өзгермелі өмірге икемді ұрпақ тәрбиелеу – кезек күттірмейтін мәселе.Ұстаздар қауымының алдында келешегі кемел де жарқын, алған білімдерін қажетінше керегіне жарата алатын, бәсекеге қабілетті, ел тізгінін ұстар азаматтар тәрбиелеу міндеті тұр.Шәкірттеріне қарап мұғалімін білсе, мұғалімін көріп басшысын, басшысына қарап мектебін танитын деңгейге жету жолында жаңа үлгіде жұмыс жасау мақсатым бар алдымда.Өзім басқарып келе жатқан «Мейіржан» санаториялық балабақшасында да білікті ұстаздар қызмет етуде. «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы мен жауаптылығы қырық атанға жүк боларлық осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамдық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанымды мақтан етемін. Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған кәсіп-мамандығына деген салиқалы ынтызарлық әрі ыстық ықылас дер едім. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түйсіне алған әр адам биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі. Қалаған ісіңе ғашықтық пейілмен қарай білсең, өмірден өз орныңды тапқандығың! Мұндай философиялық қағида бағзыдан қалыптасқан жоғары адамгершіліктік ұғымдармен астасып жатыр. «Кәсібің – нәсібің» дейді қазақ даналығы. Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана және жемісті еңбек арқылы өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді еселей аласың. Ал, балабақша меңгерушісі болу – айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді.
Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім дейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет. Осы міндетті орындау үшін әрбір тәрбиеші жанын салады. Ендеше, олардың әрқайсысының еңбегі қашанда құрметке лайық деп білемін.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, менің де осынау қастерлі мамандықтың иесі атанғаныма он тоғыз жыл болған екен. Қиындығы мен қызығы, ауыртпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстанымым — үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр тәрбиленушімнің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Сондықтан да бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл – бала жанын тереңнен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін, бүлдіршіндерді жан-тәнімен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан ғана келетін жұмыс.Ұлы педагог Г.Песталоцци: «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеуге құқығың жоқ»,деген екен.
Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту еңбекке деген рухани адамгершіліктің қалыптасуына серпін беріп, негіз болады. Бірақ бұл қажеттілік балаға күш салмай іске асуы мүмкін емес, сондықтан оны еңбексүйгіштікке, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, дербестікке, белсенділікке және өз еңбегімен айналасындағыларға қуаныш сыйлауға талпынуына тәрбиелеу қажет.
Халқымызда «Жас келсе — іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз тәрбиеленушілерімді биік белестерден көріп жатсам, сол үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді бақытты тәрбиеші-ұстаз, бақытты жанмын деп білемін.
Батыр Бауыржан Момышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп ұлы ой айтқан болатын. Біз бақшадағы бүлдіршіндерді жақсылық атаулыға тәрбиелеуге, тамаша ортада тәлімді тәрбие беруге әрдайым жауаптымыз.
«Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» — дейді ғұлама А.Құнанбаев.
Мұндай қағидалардың барлығы біздің күнделікті жұмысымызда басшылыққа алынуға тиіс екенін ұмытпай, еңбегімізді осы бағытта құрамыз. Бүгінде балаларға мейірім төге отырып, биік белестерге жетуіне жауапты екенімді ешуақытта естен шығармаймын.
Нартаева Альбина Кумековна,
Астана қаласы,
№85 «Мейіржан» санаториялық
балабақшасының меңгерушісі.