Қазақстан Республикасы білім мазмұнын жаңарту аясында жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курсын тренерлер барлық облыстарда жүйелі түрде өткізіп жатыр. Отансүйгіш, кез келген жағдаяттарды өз бетінше шеше алатын, бойында рухани құндылықтар қалыптасқан, дамыған елдермен терезесі тең бола алатын, тәрбиелі, білімді, құзыретті тұлға тәрбиелеу және білім беруді жаңарту — бүгінгі күннің кезек күттірмес талабы.
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы АОБПҚБАИ педагогтарға жаңартылған білім беру бағдарламасы мен критериалды бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан педагогикалық шеберлік пен оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйрету жолында елеулі еңбек етіп, еліміздің білім саласын дамытуға, жаңартуға ұстаздардың педагогикалық шеберліктерін жетілдіруге өздерінің үлестерін қосуда. Біз ұстаздар курста оқу барысында жаңартылған білім беру бағдарламасының мақсат, міндеттерімен танысып, педагогикалық әдіс-тәсілдерді, жаңаша оқытудың қыр-сырларын, бағалаудың жаңа жүйесімен танысып, үйреніп жатырмыз.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының мақсаты: бастауыш сынып пәндері бойынша білім беру бағдарламасын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру.
Жаңартылған оқу бағдарламасының өскелең ұрпаққа берері мол. Критериалды бағалау арқылы ұстаздар балалардың білімін шынайы бағалауға мүмкіндік алады. Оқушылар бұрын алты күн бойы оқыған болса, бұл жаңартылған бағдарламада бес күндік оқу жүйесі енгізілген. Сенбі күні оқушылардың шығармашылықпен айналысуына толық мүмкіндігі бар.Әрбір бала өзінің қабілетіне қарай шығармашылықпен айналыса алады. Үш тілді меңгерген ұрпақ басқа елдермен терезесі тең, бәсекеге қабілетті болады. Оларға алыс шетелдерде оқуға, істеуге толық жол ашылады.
Қазақ тілінде оқытатын мектептердегі бастауыш сыныптың білім беру бағдарламасы қарапайымнан күрделіге немесе спираль тәріздес құрылымға негізделген. Осы құрылым курсқа келген ұстаздарға ұнады. Білім берудің жаңа бағдарламасымен жұмыс істеу, критериалды бағалауды сабақ барысында пайдалану бізге жаңаша жұмыс істеуге бағыттар береді.
Ендеше, біз бүгінгі таңдағы заман талабына сай жаңа әдіс-тәсілдермен жұмыс істейтін ұстаздар ретінде педагогикалық шеберлігімізді үнемі жетілдіре отырып, сапалы білім, саналы тәрбие беруді өзімізге мақсат етіп отырмыз және осы жолда аянбай еңбек етеміз.
Қарасай ауданы,
бастауыш сынып мұғалімдері:
Атамұратова Жанар,
Окасова Нургул,
Уразбаева Карлыға,
Сурамбекова Махаббат,
Туреханова Гулжан,
Укубаева Айгерим