ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің, техниканың шарықтау шегіне жетіп, дамыған ғасыры. Ерекше қарқынмен дамыған заманда ақпараттар легі толассыз жаңарып, үздіксіз алмасып отырады. Кешегі жаңалық бүгінге жарамсыз болатын тұста әрбір азамат өзіне лайықты біліммен қаруланып, ақпараттар ағынына қарсы тұра білгені жөн. Өзіне керекті дүниені алып, осы заманға сай мүмкіндіктің барлығын меңгере білген, заман талабына сай адамды ғана осы заманның зиялы адамы деп айта алсақ керек. Алайда, кейбір керексіз ақпараттар адам санасын улап, оны өз жолынан тайдыру үстінде. Бала санасының теріс жолға түсуіне, түзу жолдан кез келген сәтте тайып кететін тұста оларға бағыт-бағдар беретін, халықтың шамшырағы болған, оқу мен тәрбиенің ошағы болған мектеп қандай болмақ керек?
Иә, қазіргі заман мектебі бұрынғы мектептерден өзгеше. Олай дейтін себебіміз, бүгінгі таңда кез келген жүйе, оның ішінде оқу-білім саласы үздіксіз жаңару үстінде. Бұрынғы дәстүрлі жүйе өзгеріп, оқу үрдісінде түрлі жаңа технологиялар, сабақты түсіндірудегі неше алуан жаңа әдіс-тәсілдер пайда болды. Оқушы мен оқытушы арасындағы педагогикалық такт та өзгерді. Дәстүрлі жүйеде оқытушының авторитарлық рөлі басым болса, бүгінде оқушы оқу үрдісінде өз пікірін ашық білдіріп, қоғамдағы келешек тұлға екенін көрсете алады. Сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілігін арттыру да бүгінгі таңдағы басты мақсаттардың бірі. Осыған орай, әр жерде түрлі курстар ұйымдастырылып, мұғалімдер өз кәсіби білімін шыңдау үстінде. Өз пәнін жақсы меңгеріп, қоғамда болып жатқан барлық өзгерістерді қадағалап, қажеттісін алып отыратын, заманауи технологияларды пайдалана білетін мұғалімдер ғана бүгінгі мектептің білім жолындағы іргетасын нығайтып, болашағына серпін берері анық.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек.
Мектеп түлектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс», — деп білім беру жүйесіне жаңа міндеттер қойған болатын. Осы мақсат педагогтардың алдына білім берудің жаңаша мазмұнын меңгеру міндетін қойып отыр.
Білім беру мазмұнының жаңаруы негізінде бүгінгі таңда білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесі басты назарда тұр. Жаңартылған білім мазмұнын меңгеру жолында елімізде түрлі іс-шаралар атқарылып келеді. Былтырғы жылы 1 сыныпқа ендірілсе, биылғы жылы 2, 5, 7 сыныптарға енгізіліп отырған бұл жүйе кезең-кезеңімен 2020 жылға дейін толығымен енгізіліп, барлық мектептер жаңартылған білім мазмұнына көшеді. Ал, осы шараның негізінде қазір үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасының шеңберінде үш тілді білім беруді енгізуге дайындық басталған. Сол себепті де, келешек кемел тұлға болып шығу үшін қазірден бастап, үш тілді меңгеруді қолға алғанымыз абзал. Жоғары сыныптарда жақын жылдары ағылшынша оқытылуы тиіс сабақтар, дүниежүзі тарихының орыс тілінде оқытылуы – білім саласында қаншалықты зор өзгеріс болып жатқанын айғақтайды. Осы мақсатпен оқушыларға бастауыш сыныптардан бастап, әрбір заттың, құбылыстың үш тілдегі атауы жайлы мағлұмат берілгені абзал. Сол кезде бала әрбір заттың үш тілдегі атауымен таныс болып өседі. Мұның өзі оқушының келешекте кемел біліммен қаруланған, бәсекеге қабілетті тұлға болып шығуының алғы шарты болып табылады.
«Назарбаев» зияткерлік мектептеріндегі тәжірибені әрбір мектепте қолдану аз жылда өзінің жемісін берері анық. Себебі, мұндағы мектептер оқытудың жаңаша тәсілдерін меңгерген тәжірибелі де білікті мамандардың ортасы. Жаңартылған білім берудегі мақсат та –оқушының болашағын қамтамасыз ету, ауылдық жерлерде оқыған балалардың да қала мектептеріндегі оқушылармен білімі жөнінен бәсекеге түсе алатындай сауатты болуын көздейді. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиев былай деп атап көрсетеді: «Ең жоғары ағылшын тілінде дәріс беретін Назарбаев Университетіне, ҚМЭБИ, ҚБТУ, IT университеттеріне ауыл жастарының түсуіне біраз қиыншылықтардың бар екенін өзім көрдім. Ол — бір.
Екіншіден, бізде орыс тілінде оқытатын мектептер де бар. Оларда да көптеген қазақ жастары оқиды. Шынын айтсақ, осы жастардың көбі, тіптен қазақ жастарының көбі қазақ тілін дұрыс білмейді, дұрыс түсінбейді. Осындай себептерге байланысты біздегі білім алу жүйесінде тепе-теңдік жоқ, жастардың бәрі бір деңгейде сапалы білім алуына жағдай жасалмаған. Біздің мақсатымыз – осындай қайшылықтарды жойып, жастарға, әсіресе ауылда жүрген жастарға, бәріне бірдей сапалы, заман талабына сай білім беру». Сондықтан, үш тілде білім беруді мемлекеттік тіліміздің мәртебесін сақтай отырып, оны орыс және ағылшын тілдерімен байланыстыра отырып оқыту деп ұғынуға болады. Сонда орыс тілді мектептерге қазақ тілін жете меңгертуге де жағдай жасалады және ауыл балалары да жоғары білімді талап ететін университеттерге қиналмай түсіп, шетелдің толассыз ақпараттарын, соңғы жаңалықтарды аралық тілден емес, ағылшын тілінің өзінен тікелей түсініп, меңгере алады.
Осы мақсаттарда мектептерде қолға алынып жатқан жаңартылған білім беру мазмұны Алматы қаласы, Жетісу ауданы, № 177 мектепте де қызу талқыланып, түрлі іс-шаралар өтуде. Мұғалімдер әрбір сабағына үш тілділіктің элементтерін қоса отырып, сабақ өтуде. Ал, көптеген мұғалімдер біліктілігін арттыру мақсатында түрлі курстардан өту үстінде.
Біліктілікті арттыру жүйесінде мұғалімдердің функционалдық сауаттылығы – қазіргі білім берудегі жаңа және нақты жағдайға икемделу дегенді білдіреді. Осы бағытта дайындалған мұғалімдер мектептің сапасын жоғары деңгейге көтере алатынына сенеміз. Біліктілігін арттырып келген оқытушылар басқа әріптестерін де курсқа даярлайды деп күтілуде. Ең әуелі, әрбір жаңалықты өз басына қолдана білуді үйренген адам ғана оқушыларына сапалы білім бере алады.
Жоспарланған іс-әрекеттің барлығы да жоғары деңгейде өтетініне сеніміміз мол.
Өз пәнін меңгерумен ғана шектелмейтін, қазіргі заманға сай біліммен қаруланған, шет тілдерінен хабары бар, өзгелерді сыйлап, өзін сыйлата білетін, басқа адамдармен тіл табыса алатын мұғалімдердің мектептің дамуына қосар үлесі зор. Алайда, барлық технологияларды меңгергенімен, ұстаздың бойында болуы тиіс басты қасиет – оның оқушыға деген көзқарасы. Мұғалім оқушының жан-дүниесін түсініп, оның ішкі әлеміне ене алатын болуы қажет. Оқушылар мұғалімнің жинақылығын, сыртқы келбетін, баламен жасаған қарым-қатынасын, олардың бойындағы мейірімді, тіпті аздаған әзілдің өзін жоғары бағалайды, әрі сол үшін құрмет тұтады. Сондықтан, бүгінгі таңдағы мұғалім оқушының жанын түсіне білетін, жан-жақты, бәсекеге қабілетті, өзін-өзі ұдайы дамытып отыратын, шығармашыл тұлға болуы қажет. Әр мұғалімнің еңбегі оқушылардың жүрегіне жаққан отпен, олардың бойындағы ізгі қасиеттермен өлшенеді. Осынау қиын да қызықты жолды таңдаған барлық ұстаздарға шығармашылық табыс, сәттілік тілеймін!!!
Тайгельтирова Гульмира Әлібекқызы
№177 жалпы білім беретін мектеп,
директордың оқу ісі жөніндегі
орынбасары
Алматы қаласы, Жетісу ауданы