Home » Мақалалар » Жаңартылған білім беру мазмұны: ерекшеліктері мен маңызы

Жаңартылған білім беру мазмұны: ерекшеліктері мен маңызы

Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңартылған білім беру бағдарламасымен оқыту Қазақстанның білім беру жүйесін реформалауға айтарлықтай үлес қосуына жол ашады.

Жаңартылған білім беру бағдарламасының іске асуы үшін: оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізу арқылы білім беру саласындағы халықаралық үрдістерді, білім беру бағдарламасын құру теориясын, оқыту тәсілдерін енгізуге негіз болатын  теориялық  алғышарттарды қарастырады.

Жаңартылған білім беру бағдарламасының алға қойған мақсаты: оқу бағдарламасының құрылымын, ондағы материалдардың күрделілігінің өсу ретін , мазмұны және мақсаттарымен танысып, педагогикалық тәсілдерді түсініп және қолдана білу арқылы оқу мақсаттарына қол жеткізуде критериалды бағалау жүйесін тиімді пайдаланып, оқушылардың бойында тілдік дағдыларды қалыптастыру.

Әлемде білім беру жүйесінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қарастырылып отыр. Осы мәселе бойынша «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені оқыту керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды. Бұл сауалдар білім беру бағдарламасымен және білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда пайдаланылатын педагогикалық әдістемелермен тығыз байланысты. Сондай-ақ, оқушылар оқу арқылы мәдени, эмоционалдық, зияткерлік, әлеуметтік және рухани жағынан даму мүмкіндігіне ие болады. Оқу оқушылардың жаңа білімді меңгеруіне де, алған білімін әрі қарай дамытуына мүмкіндік береді. Барлық тілдік дағдылар қоғамның толыққанды мүшесі болу үшін айтарлықтай маңызды болып табылады.

Қазақстанда қазіргі кезде жаһандық проблемаларға жауап бере алатындай деңгейдегі ұлттық мәнмәтіндегі жұмыстар жүргізілуде. Білім беру бағдарламаларының, бағалаудың, оқулықтардың және педагогиканың ұлттық стандарттарымен байланысты өзекті білім беру құндылықтары мен мақсаттар мектеп оқушыларының жалпы жетістіктерін арттыруды, сондай-ақ инновациялар мен озық тәжірибелерге қол жеткізу үшін, ұлттық сәйкестікті мектеп бағдарламасы арқылы растау мен іске асыру үшін және барынша ауқымды халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесу үшін қажетті дағдыларды дамытуды қамтиды. Жаңартылған білім беру бағдарламасы мен бағалау жүйесін енгізу осы міндеттерді шешудің жолдары болып табылады.

Мектеп оқушыларына қазақ тілін оқыту барысында оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым дағдыларын дамыту арқылы алған білімдері мен үйренген дағдыларын кез келген ортада бәсекеге қабілетті болуға, қарым-қатынас жасауда тиімді қолдануға мүмкіндік беретін білім алады. Оқушылар қоғамдағы кез-келген әртүрлі жағдаяттарда табысты ынтымақтастық пен өзара түсіністік тудыру арқылы өздерінің коммуникативтік қарым-қатынас жасау құзыреттіліктері мен тілдік дағдыларын жетілдіре алады.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша білім беру бағдарламасы осы талаптарға сәйкес тілдік бірліктерді және олардың тіркесімділігі мен қолданылу ерекшеліктері туралы білімді меңгеруде қолдау көрсетеді. Осының нәтижесінде оқушылар сөздік қорларын тақырып аясында меңгерілетін сөздермен және фразеологиялық тіркестермен толықтырып, оқылым, жазылым, айтылым және тыңдалым дағдыларын жетілдіреді, нақты тақырыптар бойынша рөлдік ойындардың көмегімен тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын жетілдіріп, қазақ және орыс мәдениетін, сондай-ақ, басқа да халықтардың мәдениетін түсініп, құндылықтарын бағалауды үйренеді.

Ғалым Андерес Шлейхер: «ХХІ ғасыр мектептері оқушыларды өмірде, жұмыста және азаматтық ұстанымында өзгелермен ынтымақтастықта өмір сүруге дайындай отырып, ұлттық және жаһандық пікір алуандылығының шынайылығын ұғынатын өзіндік дербестігі мен ерекшелігін дамытуға көмектесуі керек» деген тұжырымды келтірер болсақ, Қазақстандағы жаңартылған білім беру бағдарламасының қазақ тілін үйренуге оң әсерін берері сөзсіз. Ғылым саласындағы мұндай елеулі өзгерістер әлемдік экономикаға және табысты болу үшін әрбір азаматқа қажетті білім мен дағдыға терең әсерін тигізеді», — деп оң бағасын берген.

Қазақ тілі – Қазақстандағы мемлекеттік тіл және ол барлық қазақстандықтарды біріктіретіндіктен, ұлттық бірліктің басты факторы.

Қазақ тілі – уақыт ағымынан адамдардың өмірлік тәжірибесін , оның наным – сенімін, салт-санасын , әдет-ғұрпын, шығармашылық  қуатын көрсететін аса бай тіл екендігін «өзгеге мойындату». Мемлекеттік тілді құрметтеу, қазақ тілін меңгеру арқылы, жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын меңгерген , адами құндылықтар мен әртүрлі шынайы өмірлік жағдайларға бейім, проблемаларды шешуде өзін көрсетуге дайын ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді. Көркем шығармалар мен БАҚ материалдарын оқу арқылы қазақ тіліне деген құрмет пен жан-жақты түсінік, терең білім мен ойлау дағдыларын , сондай-ақ сыни және шығармашылық  ойлауын қалыптастыруға жағдай жасайды.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы қазақ тілін меңгертуде «қазақ тілі саласының кеңею» фактілері ескерілді. Оқу бағдарламасы сындарлылық теориясына негізделе отырып, дамыта оқытудың және мұғалімдердің көмегімен неге қол жеткізе алатыны арасындағы айырмашылықты көрсететін жақын арадағы даму аймағы тұжырымдамасын ескереді. Бұл – оқыту мен оқуда үдете оқытуды көздеу. Қазіргі таңда қазақ тілімен қатар, орыс және ағылшын тілдерін қатар үйрету арқылы тілді тез және оңай меңгертуге болатынына болжамдар жасалып отыр.

Тілдік дағдыларды қалыптастыра отырып, сын тұрғысынан ойлай алатын, ақпарат пен білімді енжар қабылдап қана қоймай, белсенді түрде үйрене алатын жағдай жасау арқылы оқушылар үшін тиімді оқу ортасын бірлесіп құруға жол ашатын тамаша іргетас. Орыс мектептерінде қазақ тілін оқытуда оқушылардың тілдік құзіреттіліктерін арттыруға көмектесу, тілдің рухани құндылығын, ол еліміздің азаматтарына жауапкершілік пен түсінушілікті жүктейтінін жеткізе білуіміз керек.

Бисенбаева М. К.

                      «Өрлеу» БАҰО АҚ Алматы облысы бойынша «Мұғалімнің кәсіби дамуын

                      психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау» кафедрасының аға

                      оқытушысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.