Home » Мақалалар » Жаңартылған білім беру — заман талабы

Жаңартылған білім беру — заман талабы

 

Білімді дамыта алмайтын елдің болашағы жоқ.

Н.Ә.Назарбаев.

 Бүгінгі таңда тәуелсіздігінің 26 жылдық тарихи тамаша беттерін жазып жатырған Қазақстанның білім беру саласында жаңартылған білім мазмұнына көшу, жаңа бағытқа бет бұру үрдісі қарқынды жүруде.

ХХІ ғасыр – ғылым, инновациялық жаңару, жаңғыру ғасыры. Мемлекеттің ертеңі – бүгінгі ұрпақ болса, ұрпақтың тұлғалық  қалыптасуы отбасынан басталып, мектепте бекиді. Демек, мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал, осы жалпыеуропалық стандартқа сай жаңа білім беру — жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол екендігі – ақиқат.

Еліміздің әлемдік үрдістерге енуі — білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда. Сол қажеттілікті қанағаттандыра алатын басты мамандық иелері — ұстаздар. Үнемі білім жетілдіруді, заман талабына сай талғаммен, шығармашылықпен жұмыс жасауды, әдістемелік дағдысын тұрақты түрде дамытып жүрген мұғалімдердің қатарында мен де бармын.

«Өрлеу» БАҰО» АҚ Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған курстан дәріс алуға алғаш келген күннен бастап жаңартылған білім беру мазмұнының мақсат-міндеттерімен, ерекшелігімен, жұмыс жүйесімен таныстым. Мен осы оқу барысында жаңа мазмұнда оқыту бойынша дәріс-тренингтер тыңдап, жаңартылған білім беру мазмұнының тиімділігінің зор екенін  түсіндім. Жаңартылған білім беру бағдарламасының басты мақсаты – ХХІ ғасырдың өзгермелі әлемінде табысты болуға қабілетті, жоғары өнегелі, шығармашыл және сыни тұрғыда ойлана алатын тұлғаны тәрбиелеу, оқыту және дамыту болып табылатынын ұқтым. Жаңа оқу бағдарламасының ерекшелігі – спиральді қағидатпен берілуінде және оның ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталғандығында екен. Коммуникативтік дағдылар: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды басшылыққа ала отырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға болады. Оқушылар білімінің критериалды, яғни қалыптастырушы және жиынтық бағалау тәсілдерімен бағалануы оқушылардың ойлау қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың ғылыммен айналысуға деген ынтасын арттыратыны сөзсіз. Яғни, дарындылар дараланады, таланттылар танылады.

Қазақ тілін қастерлеген, әдебиетті аялаған қазақ тілінің маманы ретінде курстан менің алғаным өте көп. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының өрелі істері үнемі өрісін тауып, үздіксіз ұйымдастырып келе жатқан түрлі курстар, оның ішінде  жаңартылған білім беру мазмұны бойынша өткізген осы курс та менің жаңаша оқыту жөніндегі бар сауалдарыма жауап тауып берді. Себебі, институт директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі, профессор Бауыржан Елеусінов басқаратын бұл мекеме облыс мұғалімдерінің жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сапалы білім алып, әлемдік кеңістікпен байланысуына зор мүмкіндіктер жасалып, келешек ұрпақ инновациялық дамуда өзге елдермен бәсекеге қабілетті дәрежеге жету үшін тынымсыз еңбек етуде. Өзім дәріс алған 160 сағаттық курс аясында «Өрлеу» тренерлерінің осы бағытта өте тәжірибелі екендігін сөзімен де, ісімен де таныта алатын толымды тұлғалық қабілеттерін таныдым. Бізге дәріс берген әрбір ұстаз-тренер «жанамын деген жүрекке от беретін», шығармашыл жандар.

Сол мамандардың ішінде курстан көп жаңалық алуға деген құштарлығымды арттырып, дәріс берген тренер Бекенов Шыңғысқа айтар алғысым мол! Ол «Жас келсе-іске» деген халық даналығының шындығын бар болмысымен дәлелдеген маман. Ең бастысы, «Тәртіпке бас игеннің құл болмайтынын, тәртіпсіз ел болмайтынын» талап еткен тренердің алдында отырған әрбір тыңдаушы — дәріс алушыны жеке жұлдыз, шығармашылық шабыттың иесі деп тануы, сенім артуы бізді биіктерге жетеледі, сенімге селкеу түсірмеді.

Өз мектебімізге бара сала тәжірибе алаңында танылуға деген тұлпар-талаппен тағы да қанаттандық. «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады», — деп Жүсіп Баласағұни бабамыз айтқандай, тренеріміз бізге өте әділ және білімді ұстаз бола білді.

Бұл курс менің жаңа әдіс-тәсілдердің тиімді екеніне көз жеткізуіме зор септігін тигізді. Қазақ ағартушысы А.Байтұрсыновтың «Мұғалім түрлі әдісті бола білуі керек» деген сөзінің керемет дәлдікпен айтылғанын оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін меңгеру барысында тағы да бір еске түсірдім. Өз мектебімнің болашақтағы кемелденген, өркендеген, жаңаша мазмұндағы бет-бейнесі мен сыни тұрғыда ойлай алатын білімді шәкірттерінің сұлбасын тануыма көмектесті.

Тиімді оқыту бағдарламасы бойынша сабақ жоспарлауда мұғалім басты назарда неге мән беру керек, мұғалімнің өз сабағының жоспарын мақсатты құруда қандай әдіс тәсілдер тиімді — осының бәрі оның  кәсіби шеберлігін одан әрі жетілдіруіне септігін тигізеді.

Жаңартылған бағдарлама өте өзекті, себебі бүгінгі партадағы, бүгінгі замандағы оқушылардың сұранысы мүлдем өзгеше. Біз болашақта осы бағдарламаны меңгерте отырып, балаларда өз таңдауының қалыптасқандығының куәсі боламыз деген үлкен сенімдемін.

Осы курстан бұрын менің «білгенім — бір тоғыз, білмегенім — тоқсан тоғыз» болса, бүгінгі күні, өзіме сыни көзқараспен қарай отырып, оқушыларыма коммуникативтік дағдыларды қалыптастыра отырып, оларға «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының құндылықтарын дарыта отырып оқыту басты назарда болатынын білдім.

Шоқан Уәлихановтың «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін, ең алдымен, азаттық пен білім қажет» деген керемет сөзін тілге тиек ете келе, «Өрлеу» біліктілік арттыру институтының атқарып жатқан толағай жұмыстарына сәттілік тілей отырып, жаңа заманға сай педагог ретінде көзқарасымды өзгерткені үшін, рухани жаңғыру, жаңаша білім беру жолында жаңарғаным үшін алғысымды білдіре отырып, «Өрлеу» өрлей берсін, жарқын, жақсы жұмыстарымен жарқырай берсін деймін.

Құрманаева Ботакөз Бақытжанқызы

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы

№152 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.