Home » Мақалалар » АЛҒАШҚЫ САНДЫҚ  ФОРМАТТАҒЫ ОЛИМПИАДА

АЛҒАШҚЫ САНДЫҚ  ФОРМАТТАҒЫ ОЛИМПИАДА

 

????????????????????????????????????

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» -деп, XXI ғасырдағы білімнің алатын орнына айырықша тоқталған болатын.

Өйткені, білім беру саласы Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Бабаларымыз сонау бағзы замандардың өзінде «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» — деп бекер айтпаған. Білімді жас ұрпақтың бойында ұлттық рухымыз мәңгі сақталуы тиіс. Осы ретте Елбасы «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жыршылдығы, Құрманғазының күйлері және ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлардың барлығы біздің рухани байлығымыздың бір парасы ғана. Сондықтан, өткен тарлан тарих, жасампаз бүгінгі күн және жарқын болашақтың көкжиектері өзара үйлесімді сабақтасып тұрулары қажет» — деген болатын.

2018 жылдың 4 мамырында «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институты Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында Қармақшы ауданы, Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте КСРО білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы Сыр өңіріндегі сандық  форматтағы алғашқы Облыстық олимпиада өткізді.

Олимпиада оқушылардың Қазақстан тарихы пәніне деген интеллектуалды-шығарма­шы­лық қабілеттерін айқындау және дамыту, дарынды оқушы­ларды қолдау, оқушылар арасында ғы­лымға деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Сәден ағамыз жастайынан туған өлке мен туған ауыл тарихына, өңірден шыққан оқымыстылар, би-шешендер, ақын-жырауларға қатысты әңгіме, толғау-қиссаларды құлағына құйып, дастан-жырларды жадына  жаттап өседі. Онжылдық мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтты  аяқтап, Ақтөбе, Ақжар және Жаңақала ауылдарындағы мектептерде тарих және қоғамтану пәндерінен дәріс береді. Сабақ өту барысында кітапта жазылған жалаң оқиғаларды сол қалпында баяндай салмай, әрбір тарихи оқиғаны өмірмен тікелей байланыстыра түсіндіріп, оның өмірде қолданылуы жағына басты назар аударады. Бұл дегеніңіз қазіргі уақытта білім жүйесінде күн тәртібінен түспей тұрған оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың нақ өзі емес пе?

Сол кезеңде КСРО Білім ағарту министрлігі тарапынан дәрістерді арнайы кабинеттерде оқыту бағдарламасы қабылданып, республиканың барлық орта мектептерінде кабинеттік оқыту жүйесі кеңінен қолданысқа ене бастайды.

Осы бағдарламаның мақсатын алғашқылардың бірі болып түсініп, оны іске асырып, өзінің тәжірибесін барша­ға таратқан Қармақшының қиян шет­тегі құмдағы ауылы «Жаңақала» сов­хо­зындағы №185 мектептің мұға­лімі Сәден Нұртаев болды. Сәден Нұртайұлы кабинеттік оқу жүйесі жөні­ндегі іс-тәжірибесін көрсетуде алдымен ауданнан, сосын об­лыстан, онан кейін респуб­ли­ка­дан 1-орын иеленіп, 1971 жылдың 23 шілдесінде I Жалпыодақтық «Үздік оқу әдістемесі және оқу құралы» сайысында жеңіп шығып, КСРО Білім ағарту министрлігі жанындағы қазылар алқасының шешімімен министрдің орынбасары К.Ножко қол қойған Құрмет Грамотасына ие болады. Республиканың Орталық партия комитеті де ұлағатты ұстазды Одақтық білім сайысындағы үздік жетістігіне байланысты Құрмет Грамотасымен марапаттайды. Сәден Нұртаевтың кабинеттік жүйе және оның тиімділігіне  арналған мақаласы 3 миллион тиражбен Мәскеуден шығатын Одақтық «Наука и жизнь» жур­налында жарияланады.

Ол кездері партия және үкімет тарапынан білім саласына қалай көңіл бөлініп отырғанын мына фактіден көруге болады. Сәден Нұртайұлын 1965 жылы осы Ақжар ауылындағы №28 мектепке директор етіп тағайындарда Қармақшы аудандық партия комитетінің хатшысы А.Жанпейісов пен облыстық білім ағарту басқармасының басшысы У.Төралиев арнайы ұсыныс жасап, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ықсанов қаулыға қол қояды. Ағамыз бұл мектепті 1970 жылға дейін табысты басқарды.

Сол жылдардың өзінде ұлағатты ұстаз Сәден Нұртайұлы шәкірттерін ұлттық тамырдан ажы­рамауға, туған жердің тарихына асқан ынтызарлық және ыждағаттылықпен қарауға, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға тәрбиеледі. Мұндай кемел ойлы, кең кеуделі кісінің өнеге­сін насихаттау кейінгі ұрпақтың ұлт рухында бой түзеп өсуіне тигізетін үлкен әсері мол.

Олимпиаданың ашылу салтанатында сөз алған «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ директоры Б.Елеусінов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев және прокуратура генералы Б.Тәйімбетов оқушыларға ақ жол тілеп, туған жерге тағзым етудің үздік үлгісін көрсетіп, осындай ұлағатты шараға демеушілік жасап жүрген С.Нұртаев ұрпақтарына алғыс білдірді.

Мектепішілік, аудандық кезеңдерден жеңімпаз атанған 34 оқушы (9 және 10 сыныптардан 17-ден) облыстық олимпиадаға қатысты. Облыстық олимпиада 2 кезең бойынша өткізілді. I кезеңде қатысушылар ACTIVote құрылғысы арқылы берілген тест сұрақтарына бірнеше жауап нұсқалары ішінен желісіз радиопульттің батырмасын басу әдісімен жауап беруге мүмкіндік алды. Тест соңында қорытындысы экран бетіне автоматты түрде шығарылып, олимпиада ережесіне сәйкес жоғары балл жинаған 16 оқушы (әр сыныптан 8 оқушыдан) ақтық сынға жолдама алды. II кезеңде қатысушылар Power Point бағдарламасында жасалған деңгейлік тапсырмаларға жауап беру арқылы ұпай жинақтады. Ұпай қорытындысы бойынша олимпиада жеңімпаздары анықталды. Айта кететін жәйт, екінші кезең 100-ден астам жанкүйерге толы мектептің акт залында өткізілді.

Пәндік олимпиада қорытындысымен 9-сыныптар арасында I орынды Жалағаш ауданы №246 орта мектебінің оқушысы Ақниет Бақтиярова, II орынды Арал ауданы №62 орта мектеп-лицей оқушысы Р.Қайырла және III орынды Қармақшы ауданы №29 орта мектептің оқушысы Қ.Мырзағали жеңіп алды. 10-сыныптар сайысында I орынға Сырдария ауданы №129 орта мектеп оқушысы Исатай Келдібай, II орынға Қазалы ауданы №249 орта мектеп-лицей оқушысы Р.Әзілхан, III орынға Арал ауданы №57 орта мектеп оқушысы Ж.Жақсылықов ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, қаржылай сыйақымен марапатталды. Сонымен қатар, облыстық олимпиадаға қатысушылардың барлығына және оқушылардың жетекшілеріне қаржылай сыйақы мен Алғыс хаттар табыс етілді.

Асыл азаматтың ұрпақтары атынан баласы белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері Рзақұл Нұртаев соңғы үлгідегі оқу құралдарымен және интерактивті тақтамен жабдықталған тарих кабинетін ашып, мектеп ұжымына Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын және түрлі бағыттағы кітаптар табыс етіп, оқушыларға білім көшінің алдыңғы қатарында болуларын тіледі.

Облыстың әр түкпірінен келген оқушылар ұлағатты ұстаз С.Нұртаевтың өмір жолына қанық болып, тағылымы мол тарихшының тәлімге толы тағдырында жүргізген ғылыми зерттеулерін зерделеп, ұлы даланың ұлылығын ұғынып қайтты. Оқушылар Сыр бойында алғаш рет ұйымдастырылған сандық олимпиада болашақта бұдан да кең ауқымда өткізілетіне сенімді болып қайтты.

Бауыржан Елеусінов,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.