Home » Жаңалықтар » Жаңартылған бағдарлама –табысты болашақ кепілі.

Жаңартылған бағдарлама –табысты болашақ кепілі.

Оқушының мүмкіндігін барынша аша алатын, оқушының қызығушылығын, икемділігі мен қабілеттілігін толықтай есепке алуға жағдай құра алатын жаратылыстану-математикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын зияткерлік мектептер жүйесінің  бағытында  жұмыс  жасау  бүгінгі  күннің талабы  болып  отыр.

Осы мақсатта желтоқсан айының 7 жұлдызы күні Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің практик мұғалімдерінен құрылған шығармашылық топ мүшелері, яғни: бейінді эксперименталды жұмыс бойынша директордың орынбасары Н.Т.Рыспекова, бағдарламалық жабдықтау маманы Қайыргелді Сабитов,   қазақ тілі пәнінің мұғалімі А.А.Жусупова, математика пәнінің мұғалімі Эсентай Өнер, биология пәнінің мұғалімі Ш.А.Даурыкбаева, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Г.Б.Сатжанова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі С.А.Юцевичутене, орыс тілі пәнінің мұғалімі Ж.М.Алтынбекова, «Өнер» пәнінің мұғалімі Өнерхан Маратбек, мектеп психологы М.М.Тусупова, кураторлық жұмыстарының жетекшісі А.Г.Жұмабекова және Киевка №2 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің мұғалімдер ұжымы бірлескен «Сабақтарда топтық жұмыстарды ұйымдастыру» тақырыбында практикалық семинар өткізді.

Семинар барысында пилоттық мектептің 2-сыныптарында дүниетану (А.К.Кусаинова, А.А.Жусупова), математика (С.С.Исабекова, Эсентай Өнер), жаратылыстану (А.К.Кусаинова, Ш.А.Даурыкбаева), өзін-өзі тану (С.С.Исабекова, Г.Б.Сатжанова), ағылшын тілі (М.А.Султанова, С.А.Юцевичутене), орыс тілі (А.Ж.Назымбекова, С.С.Кайдарова, Ж.М.Алтынбекова), музыка (К.С.Аужанова, Өнерхан Маратбек) пәндерінен командалық сабақтар өткізді. Сонымен қатар Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің жетекшілігімен «Білім берудің жаңа мазмұнын енгізу үдерісінде оқушыға үздіксіз психологиялық қолдау көрсету», «Бала дамуының дағдарысты кезендері және педагогикалық қолдау көрсету» коучинг сессиялары және «Тілдік пәндерді оқытуда инновациялық тәсілдерді қолдану» тақырыптарында шеберлік сабақтары өткізілді.

Өткізілген сабақтарда топтық жұмысты ұйымдастыру бойынша ғана емес, сондай-ақ оқушылардың ынтымақтастық дағдыларын дамыту бойынша да, балалардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес әдіс-тәсілдер ұсынылды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары коучингтер өткізу барысында мұғалімдерге үнемі оқыту мен оқуды қалай жақсартуға болатынына байланысты әдіс-тәсілдер туралы айтып түсіндірді.

Аталған іс-шараға ауданымыздың басқа да мектептерінен бастауыш сынып мұғалімдері қатысып, тәжірибе алмасты. Бұл тек нәтижелі жұмыс қана емес, бір мақсат, бір мүддедегі педагогтардың қарым-қатынастан алған оң әсерлері мен өз білімдерімен бөлісуге дайындықты шынайы қолдау болды.

Өз ісінің шебері, білікті де білгір маман, Назарбаев Зияткерлік мектебінің бейінді эксперименталды жұмыс бойынша директордың орынбасары Н.Т.Рыспекова Зияткерлік мектеп және пилоттық мектеп мұғалімдердің  барлығын ұйымшылдықпен жұмыс жасауға біріктіріп, өз ортамызда ынтымақтастық ортаны қалыптастыра білді. Семинар барысында түрлі әдіс-тәсілдерді, оқытудың жаңаша формаларын қолдану арқылы әр сабақты бір-біріне ұқсамайтындай етіп жоспарлаған мұғалімдер оқушыларға берілген тапсырмаларды өз бетінше орындатып, нәтижеге өздерінің қол жеткізуіне бағыт-бағдар беріп, оқушылардың талмай жұмыстануына жетекшілік жасады. Жұмыс үдерісінде оқушылар компьютерлік технологияларды пайдалану, материалдарды іздеу, ақпаратты сыни бағалау, топтың басқа мүшелерінің қызметін ұйымдастыру, әртүрлі пікірлерді есепке алу, өзара құрмет, әріптестік, сахналық шеберлік, сөйлеу мәнерін дамыту сияқты жұмыс түрлерін көрсетсе, кейбір оқушылар дағдыларды қабылдай алды. Олар бір-бірінен үйренді, бір-біріне құрметпен қарады, себебі оларды ортақ іс біріктірді.

Семинарға қатысушылар эксперимент сыныптарында өткізілген әр сабаққа зор ықыласпен, аса қызығушылықпен қатысып, жаңа мазмұнды білімнің тиімділігін түсініп, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін тәжірибелік тұрғыда меңгеріп, нәтижеге бағытталған сабақтарды жоспарлауды үйренді. Өткізілген практикалық семинар бастауыш сынып мұғалімдеріне не берді? Күтілген нәтиже қандай? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатындағы кері байланыстар мұғалім мен оқушы арасында, оқушы мен оқушы арасында, мұғалім мен мұғалім арасында жүзеге асырылды.

«Семинарда өткізілген әр сабақ өте қызықты мәліметтерге толы болды. Жаңартылған бағдарламада басты назарда ұсталып отыратын төрт дағды, яғни: оқылым, жазылым, тыңдалым мен айтылымды дамыта отырып сабақ мақсаттарын құру, жаңаша әдіс-тәсілдермен берілген сабақ бұрынғы  дәстүрлі сабақтарға  қарағанда өте тиімді. Аудан орталығында ұйымдастырылған осындай семинарлар білім беру саласына оң әсер беретініне сенімдіміз», «Семинарда бастауыш сынып мұғалімдері, оқушылар өздеріне қажетті мол рухани байлық ала алды, теория  түрінде де, тәжірибе түрінде де өздеріне қажетті өте мол қор жинады. Осындай практикалық семинарлар жиі өткізіліп отырса нұр үстіне нұр болар еді», «Сабақ беруді түрлі әдістермен қызықты етіп өткізу, берілген төрт дағдыны үнемі назарда ұстап отыру, білім саласындағы тың өзгерістерді танып-білу, үнемі жаңалыққа ұмтылу қазіргі таңда аса маңызды.  Осыған орай мұғалімдерді бағдарламаның барлық қыр-сырымен терең таныстырып, өте мазмұнды бірлескен практикалық семинар өткізген Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектеп мұғалімдеріне және пилоттық мектеп ұжымына алғыс білдіреміз» деген жағымды ойлар мен тілектер   семинардың оқушылар мен ұстаздар қауымы үшін ойдағыдай өткендігін дәлелдеді.

Семинардың соңғы бөлімінде «Жаңартылған білім беру жүйесіне көшу жағдайында оқу-тәрбие жұмысын жаңаша ұйымдастыру» тақырыбындағы «Дөңгелек үстел» өткізілді. Дөңгелек үстел барысында орта және қысқа мерзімді жоспарлау ерекшеліктеріне тоқталып, білім мазмұнын жаңарту аясында критериалдық бағалау жүйесі талқыланды.

Семинар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – тірегім, елім деп соққан жүрегім» тақырыбындағы, мектептің барлық оқушыларының қатысуымен орындалған флешмобпен   аяқталды.

Өткізілген семинар екі мектеп ынтымақтастығының ауқымды мүмкіндіктерін көрсете алды. Осындай бірлесіп сабақ өткізу мұғалімдердің біліктілігін арттырып, тәжірибесін молайтуына үлкен көмек деп санаймыз.

 

К.Д.Жанкуатова

Киевка №2 жалпы орта білім беретін

қазақ мектебінің директоры

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.