Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт-оқуда.
Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та,
дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та,
бір ғана оқудың арқасында аламыз.
Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз-оқу.
Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман.
Міржақып Дулатов
Бір ғасыр бұрын өз халқына дабыл қағып, дала қоңырауын соққан ұлт көсемдерінің айтып кеткен, кемеңгерлікпен болжап сөйлеген сөздерінде қаншама көріпкелдік пен шындық, ұлылық пен даналық жатқанын зерделі көкірек сезіп те жатқан болар.
Оқусыз, білімсіз күнің қараң деген көзі ашық дана халқымыз қашанда ұрпағын оқу мен білімге, өнер мен еңбекке, кәсіпке баулып, мақалдатып, ойлы мақсаттарын түйіндеп отырған.
Бүгінгі күннің өзектілігі сол, шәкірттерге мақсатты білім беру. Бұл жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін жол. Мұндай сара жол жаңаша ойлай алатын, ұрпақ ұйытқысы, болашақтың ұлт зиялылары мен көшбасшыларын тәрбиелеуші білікті, білімді, ақылды, мейірімді, еңбекқор ұстаздар, мектеп мұғалімдері болуы шарт.
Ұлтымыздың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин «Мұғалім – мектептің жүрегі, мұғалім – өскелең ұрпақ пен қоғам арасын байланыстырушы» — деп көрсеткеніндей, Ушинскийдің «Мұғалім – өзін жетілдіріп отырғанда ғана мұғалім, өзін жетілдіруді тоқтатқан күннен бастап мұғалім емес» — деп айтқандай, бүгінгі күні мұғалім үшін жан-жақты біліммен қарулану ерекше бір серпімділікпен заман талабына айналды. Жаңаша ойлай алатын ұстаздар мақсаты – оқушылардың оқуға, білімге деген құштарлығын арттырып, өзін өзі басқарып, бағалай біліуге, сыни көзқарастарын дамытуға баулу. Қарапайым тілмен айтқанда, оқушыларды сындарлы оқытуға үйрету, әлемдік білім кеңістігіне қол жеткізу, жаңаша инновацияланған білімнің негіздерін үйрету, кең ауқымды дағдыларға үйрету, функционалды сауаттылықтарын дамыту.
Мұғалім алдына қойылған осынша міндеттер мен мақсаттардың жемісті нәтижелері еліміздің білім беру саласының жарқынды болашағы ғана емес, ұстаздардың өздерінің қоғамдағы мәртебесінің өсуінің бірден-бір көрсеткіші деп білеміз. Әрине, жаңаша ойлай алатын білікті мұғалімдерді жұмылдыру, барынша жағдай жасап, ұстаздарының мәртебесін көтеруге мектептің қосар үлесі де ерекше. Осы бағытта біздің мектептің жетістіктері мақтана айтарлықтай.
Күләш Бәйсейітова атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернаты халықаралық музыкалық білім стандарттарына сай жаңаша білім беру көшіне ілесе отырып, өзіндік даму жолын жаңғыртып келеді. Әйгілі түлектерімен әлемге танымал білім шаңырағы биылғы жылы өзінің шежірелі 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Қазақ музыка өнерін дүние жүзіне танытып, дамыған елдердің алдыңғы қатарлы білім ордаларында білім алып, іс-тәжірибелерін жетілдіріп жүрген мектеп түлектері өз ұстаздарының мәртебесін биіктетіп келеді. Бұл педагогикалық ұжымның талмас тыным сағаттары мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде жүзеге асып, абыройын көтеріп отырған ұлы іс.
Шеберліктің шыңына жетіп, қаншама өркениетті елдердің оқу үдерісін бақылай отырып, өз ұжымының педагогтарының білімін шыңдап, жетілдіріп, өркениетке ұмтылған білім ордасының басшысы, еліміздің Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры, мектеп директоры – Абдуллаев Оңдасын Абдуллаұлының еңбегі ерекше орын алады. Бүгінгі таңда 70 жасқа толып отырған ұлы тұлға 35 жыл ұжымды басқарып, 50 жыл педагогикалық шығармашылық қызметін атқарып келеді. Осы жылдар ішінде қазақ музыка өнерінің шарықтап дамуына оның қосқан үлесі орасан зор. Бүгінгі таңда мектепті бітірген түлектеріміз қазақ музыка өнерінің сан алуан саласында абыройлы қызмет атқарып, көптеген халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары асқан өнерлерімен Тәуелсіз Қазақстанның атын алыс-жақын шет елдерге паш етіп келеді. Бұл да болса ұстаз мәртебесінің жеткен биік шыңы!
Жаңашыл, талапшыл, білгір көшбасшының, көпке үлгілі ұжымның халқына берері әлі де көп деп білеміз. Мектептің ардақты ұстаздарын келе жатқан төл мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық табыстар, биік мәртебе, отбасылық бақыт тілейміз.
Мусрепова Меруерт Сейсенқызы
директордың оқу жөніндегі орынбасары,
Сванқұлова Замзагүл Құдайбергенқызы
қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі
Алматы қаласы, Күләш Бәйсейітова атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған
мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернаты