Home » Білім және тұлға » Жақсы адам ғана жақсы ұстаз бола алады…

Жақсы адам ғана жақсы ұстаз бола алады…

Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық – адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен «ұстаз» деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Жақсылық атаулыны ішкі жан-дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімділік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын жанның бірі –  менің ұстазым, Жоғары  аграрлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы Гүлмира Мұхамбетқалиева Шалгезқызы деп мақтанышпен айта аламын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, осындай ұстазды маған кездестірген тағдырға ризашылығымды білдіремін.

Шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, шығармашылық еңбек үстінде оған қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу – ұстаз қызметінің тағлымды өлшемі, ізденіс нәтижесі. Ұстаздық дарын үздіксіз ізденіс көрігінде шындалса ғана мәуелі табыс тезірек тұлғаланбақ, оқушы санасында ұстаз қалдырған із ұзақ сақталмақ. Гүлмира Шалгезқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша оқушыларды шығармашылыққа баулып, олимпиадаға, көркем сөз байқауына, сайыстарға дайындап, шәкірттері талай облыстық жүлделі орындарды иеленді. 2013 жылы Метальникова Надежда Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастырған орыс ұлты өкілдері арасындағы «Тіл – татулық тірегі»  байқауында — І орын, 2014 жылы облыстық «Тіл тарланы» байқауында — ІІ орын,   2014 жылы Жұбан Молдағалиев  атындағы облыстық ғылыми-әмбебап  кітапханасында  ақынның 95 жылдық мерейтойына арналған облыстық «Жұбан оқулары» байқауында Губарь Александр – Бас жүлде, Савчинков Владислав 2016 жылы Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған ұлты орыс жастар арасындағы қазақ тілі білгірлеріне арналған «Тіл-парасат» облыстық байқауында — ІІ орын, 2017 жылы «Қадыр Мырзалиев оқулары» байқауында — ІІ орын, осы жылы «Абай оқулары» байқауында — І орын, 2017 жылы БҚО білім басқармасы ұйымдастырған өзге ұлт өкілдері арасындағы «Тіл – татулық тірегі» байқауында Галдин Сергей — І орын алса, өзім 2018 жылы Гүлмира Шалгезқызының жетекшілігімен облыстық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған қазақ тілі пәнінен арнаулы оқу орны шәкірттері арасында өткізілген пәндік олимпиадада жүлделі І орынды иелендім.

Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет. «Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі – оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы, – деп ақын Ғ. Қайырбеков жырлағандай, сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Осындай жолы мен жөні бөлек аяулы ұстаздарымыз – шәкірттерінің мақтанышы ғана емес, бүкіл ел мақтанышы!

Құрметті, Ұстазым! Сізді бәріміздің қамқоршымыз, шәкірттеріңіздің жылы жүректі ұстазы болғаныңыз үшін мақтан етеміз! Қоғамның әрбір жаңалығын жылы қабылдап шәкірттердің бойына жеткізе білгеніңізбен қатар, бойыңыздағы бар жинап-терген біліміңізді оқушылардың санасына сапалы етіп сіңіре білдіңіз, балаларыңыздың білімді, парасатты болып шығуын мақсат еттіңіз. Ол арманыңыз өзіңіздің ерен еңбегіңіздің арқасында орындалды. Біз соған шын жүректен қуанамыз. Сізге әлі де шығармашылық жұмыстың жемісін жеп, біздің қызығымызға кенеле берсін деп тілейміз.

Динара Бөлекова,
Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің
СТ-621.1 топ студенті,
Орал қаласы, БҚО

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.