Home » Ашық сабақтар » «Жастар және табиғат –ортақ болашақ!» (сыныптан тыс шара)

«Жастар және табиғат –ортақ болашақ!» (сыныптан тыс шара)

 

Мақсаты: Оқушылардың қоршаған ортаға деген махаббат құндылықтары жайлы түсініктерін кеңейту.Шығармашылық қабілеттерін, жақсылық жасай білу іскерліктерін, ойлау қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізе білуге дағдыландыру.
Табиғатты қорғауға, елін, жерін сүюге, мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелеу,экологиялық тәрбие беру, Табиғат-Анаға сүйіспеншілікпен қарауға жетелеу.

Күтілетін нәтиже: Оқушылар  еліміздегі  экологиялық  жағдайлар  туралы біледі және табиғатты қорғауға өздері қандай үлес қоса алатындары туралы ой қорыта алады.

Барысы:

Өткен заманның данышпандары мен ойшылдары қаншама рет әлемнің кереметін атап айтуға тырысты: табиғат болмысымен және адам қолымен жаратылған  кереметтерді санап келді. Жеті кереметті қайта-қайта айта берді, біраз ізденіп, сегізіншісін тапты. Ал бізге бүкіл әлемге белгілі жалғыз-ақ кереметтің кереметін ешқашан еске алмады. Бұл керемет – біздің ғаламшар. Ауасымен тіршілікті қалыптастырушы және сақтаушы. Ештенеге тең  келмейтін, ең күшті,  құпиялы және таңғажайып. Әзірге жалғыз-ақ себебі: Күн жүйесіндегі басқа планеталар тіршіліксіз, ал мекен еткен планетасы бар жұлдызды біз әлі таппадық.  Ең күшті себебі: оның құпиясы адамзатты ертеден толғандырып келеді, ғаламшардың пайда болу тарихы және тіршіліктің пайда болуы, сана-сезім мен өркениеттің болашақ дамуы.

Бұл керемет – табиғат. Адам – оның бір бөлшегі. Табиғат адамға бәрін береді. Адам табиғатпен ажырамас байланыста. Табиғаттың жағдайына адамзаттың да жағдайы байланысты. Табиғатты сақтау – адамзаттың тіршілігін сақтау. Сабағымыздың  эпиграфы ретінде Антуан де Сент-Экзюперидің сөздерін алып отырмын «Таңертең тұрып, жуынып, өзіңді ретке келтірдің бе, бірден өз планетаңды да ретке келтір».

«Мейірімділікті табиғаттан үйрен» тренингі

Әр оқушы қасындағы көршісіне табиғатқа қатысты бір сөзді қосып жақсы тілек айтады.

Мұғалім бастайды: бұлақтай мөлдір, таза бол, әрқашан айың оңыңнан тусын дегім келеді.

Мультфильм «Адам және ғаламшар»

Бұл көргендеріңіз мультфильм болғанымен, мағынасында өзекті мәселе, терең ой жатыр. Көре отырып өздеріңізге қандай ой түйдіңіз? Неліктен сізге бір экологиялық мәселелерді көтеретін деректі фильм немесе табиғатты қорғауға үндейтін ролик көрсетпей, мультфильм көрсетті деп ойлайсыздар?

Табиғат тазалығы – адам денсаулығының кепілі. Алуан түсті гүлдер алқабы, сайраған құстар, бұлақ сылдыры, биік таулар, жарқыраған күн, таза ауа адамдарға саулық пен қуаныш сыйлайды.

Қазақ халқының табиғатты, қоршаған ортаны, жан-жануарлар мен құстарды аялағаны соншалықты, тіпті сонау ашаршылық жылдарының өзінде үйдің іргесіндегі аққан судың балығына да, ұшқан құсына да, жүгірген аңына да ешбір зиянын келтірмеген. Көшпенді халық жиі-жиі, жаз бойы қоныстарын ауыстырып, сол қоныстанған жердің топырағы тозбасын, өсімдігі өлмесін, шабындығы жапырылмасын деген оймен әрбір би халықты жаңа қоныстарға алдын ала бағыттап отырған.
Табиғат алдында өздерін жауапты санаған, барлық жан-жануарларды киелі санап, өзен, көл жағалауларын таза ұстап, бұлақ көрсе көзін ашып, жастайынан өз әулеттеріне, балаларының санасына сіңіріп, бойларын үйреткен.
Табиғат арқылы адам бойына сұлулық пен әсемдік дамыту идеясы қазақ ағартушылары мен жазушыларының, ақындарының еңбектері мен өлеңдерінде толық көрсетілген. Мысалы, Абай мен Шоқанның, Жамбыл мен Ыбырайдың, Мағжан мен Сәкеннің, Ілияс пен Қасымның, Кәкімбектің өлең-жырларынан көркем жазылған табиғат суреттерімен танысып жан рухына бөленуге болады.
«Табиғатпен тілдессем». М.Аяғанова. «Табиғаттан ешқашан қаша алмайсың, Әуел баста егіз боп жаралғансың» деген өлең жолдарынан нені түсінесіңдер?
«Ол ауырса сенің де ауырғаның, Ол сауықса, сенің де сауыққаның» дегенді қалай түсінесіңдер?
«Табиғаттың қабағы қашан да ашық, Сезбесе егер адамнан қауіп барын» деген өлең жолдарына көзқарастарың қандай?

1-оқушы. Өкінішке орай табиғатты қорғаудың маңыздылығын барлығы бірдей түсіне бермейді. Табиғат бізге қауіп сигналдарын жібере бастады, өзгере бастады. Бұл өзгерістерге кінәлі, әрине, адамдар, адам қолымен салынған заводтар мен фабрикалар, электростанциялар, көліктер және де қалалар.
2-оқушы. Көптеген қалаларда атмосфералық ауа зиянды заттармен мөлшерден артық ластанған. Әсіресе ластанғандарға Алматы, Тараз, Өскемен, Зырян, Риддер, Теміртау, Шымкент қалалары жатады. Тұрғындардың денсаулығының нашарлауы 43-45 % ауа ластануымен байланысты.

3-оқушы. Семей өңірінің топырағының радиоактивті заттармен ластануы адам денсаулығына әлі де болса әсерін тигізіп келеді. Бұл өзгерістер адамзат баласына және биосферада тіршілік ететін барлық тірі ағзаларға мутагендік өзгерістер туғызады. Биологиялық және экологиялық өзгерістер жер бетінде бола берсе, биосфераның табиғи теңдігі бұзылып, жер бетіндегі барлық жан-жануарлар жойылып бітуі мүмкін.

4-оқушы. Каспий, Арал бассейндеріндегі экологиялық жағдай мақтанарлықтай емес. Орал және Іле, Сырдария және Нұра өзендері өнеркәсіп қалдықтарымен ластанып келеді. Ауыз су, тыныс алатын атмосфералық ауа, қажетті азық-түліктің неше түрлі улы қосылыстарымен ластануы адамдардың иммуналдық-гендік жүйесін бұзатыны белгілі. Табиғат заңдылығы – өте қатал заң.

5-оқушы.Өркениетті дамыған елдерде барлық экологиялық жағдайларға жауапты түрде қарайды. Завод, фабрика, ЖЭО-тарда түтін шығатын трубаларына сүзгілер қойылып, қала ішінен шығатын барлық қоқыстар, қала сыртындағы арнайы салынған пештерде өртеніп, ол басқа пайдалы іске, бұйымдарға пайдаланылады. Ірі қалалардың көше бойында желдеткіштер орнатылады, бірнеше экологиялық лабораториялар жұмыс істейді
— Осы айтылғандардың қайсы сізге ерекше әсер етті?

Экологиялық апат, бұл сөз тіркесі қазір барлығына таныс. Адамзаттың алдында  көптеген шешілмеген проблемалар тұр, бірақ ең маңыздыларының бірі – экология  және денсаулық. Адамзат өз қажеттілігіне табиғаттан жыл сайын ондаған мииллиард тонна заттар мен материалдарды алып отыр, дәлірек айтқанда тартып алып отыр. Ал соның орнына жерге 20 млрд. тонна зиянды қалдықтарды қайтарады. Экология қазіргі дәуірде адамзатты толғандырып отырған маңызды проблемаға айналды. Табиғатты, қоршаған ортаны жою арқылы бүкіл қоғамды, тіршілікті жойып жіберуге болатынын көптеген елдер түсіне бастады. Біздің өмір сүріп отырған дәуірімізде техникалық құралдармен қаруланған кейбір елдер мен адамзат баласының жер планетасын аз уақыттың ішінде құртып жіберуі онша қиындыққа түспейді. Сондықтан бүкіл әлем халқының ортақ үйі жер планетасын – адамзат баласы біріге отырып экологиялық апатқа қарсы тұрып, жер анамызды сақтап қалу бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселе.

22 сәуір – бүкіләлемдік табиғатты қорғау күні болып тағайындалған. Дүниежүзі бойынша табиғатты қорғауға бағытталған көптеген ұйымдардың бар екенін білеміз.

Гринпис («Жасыл әлем») — Бүкіл дүниежүзілік табиғат қорғау ұйымы. 1970 жылы кұрылған. 17 мемлекетте топтары бар, 2,5 млн. Адам мүше.

ФАО – БҰҰ-ның ауыл шаруашылық және азық-түлік проблемаларымен айналысатын органы. Өзінің тікелей міндетінен басқа жануарлар дүниесі мен ормандарды қорғау ісімен және қоғамдық табиғатты қорғау ұйымдары мен ұлттық парктердін қызметкерлерінің білімі мәселесімен айналысады.

ВОЗ — Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы. Ғаламшардағы адамдардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәселесімен және медициналық қызметкерлердің білімімен айналысады.

МСОП — Халықаралық табиғатты қорғау және табиғат ресурстары ұйымы.

ВФОП — Бүкіл дүниежүзілік табиғатты қорғау қоры. Дүниежүзілік фауна мен экожүйені сақтау проблемасымен айналысады; халықаралық жастар курсын, лагерьлер мен табиғат қорғау клубтарын және т. б. шараларды ұйымдастырады.

ВВФ — ғаламшар тоғайларын қорғаудың халықаралық интернационалды жастар қоры; Даниядағы жастардың «жасылдар қозғалысы» — Некст стол .

«Робин Вуд» — германиялық жастардың «қышқыл жаңбырларға» қарсы күрес жүргізетін экологиялық қоғамы.

Әсіресе, жастардың экологиялық проблемаларды басты назарда ұстап, оларды шешуге атсалысып отырғаны қуантады. Дүниежүзі бойынша осындай жастар ұйымдары туралы дайындалған ақпаратқа құлақ салайық. Бүгінгі таңда Қазақстанда да жастар ұйымдарының белсенділігі артып отырғанын байқауға болады. Елбасымыздың қолдауымен құрылған «Жасыл ел» жастар қоғамы жылдан жылға өз қызметін арттырып келеді. Қазақстанда жастардың бастауымен жүргізіліп жатқан істер туралы тыңдайық.Сіздер де бүгінгі оқушылар, келешек жастар, еліміздің экологиясын, өзіміз өмір сүріп жатқан табиғатты қорғауға бүгін де үлес қоса аласыздар. Сіздер де осындай табиғатты қорғауға бағытталған ұйым құрдыңыз деп есептейік. Әзірше, сіздің барлығыңыздың ортақ үйіңіз оқып жүрген мектебіңіз болғандықтан, осы мектебіміздің, мектеп ауласының, мектеп маңының экологиясын қорғаумен айналысатын ұйым құрдыңыз деп есептейік. Топтарыңызбен бірігіп отырып сізге мынадай жұмыстарды орындауды ұсынамын:

1 топ: Ұйымның атына, эмблемасына жарнамалық үндеу жасауыңыз керек.

2- топ: Ұйымның атқаратын жұмыстары жоспарын құруыңыз керек

3-топ: Болашақта өз мектебіңізді қандай етіп көргіңіз келеді? Өз арманыңыздағы мектептің сұлбасын құруыңыз қажет.

Балалар, осы жасаған жұмыстарыңыз арқылы сіздер де қазірден бастап өз айналаңызды қорғауға, табиғатты сақтауға, экологиялық мәселелерді шешуге өз үлестеріңізді қоса алатыныңызға коз жеткіздіңіз бе? Демек үйіміздің, қаламыздың, еліміздің, ғаламшарымыздың экологиясын сақтау әрқайсымыздың қолымыздан келеді екен. Сабағымызды  аяқтай келе, мына аңызды тыңдап көруге шақырамын.

Ертеде бір данышпан өмір сүріпті. Ол бәрін біледі екен. Ал бір адам оны көре алмапты. Елдің көзінше оның да бірдеңені білмейтінін дәлелдегісі келіпті. Бірде көп адамдар отырған жерде әлгі адам алақанына бір көбелекті қысып ұстап тұрып, данышпаннан «Айтшы данышпаным, менің қолымдағы қандай көбелек, тірі ме, өлі ме?» деп сұрайды. Ол өзі ішінен «Егер тірі десе — мыжып жіберемін, ал егер өлі десе — онда қоя беремін» деп ойлап тұрады. Данышпан болса, сәл ойланып тұрып «бәрі сенің қолыңда» депті.

Мен де сіздерге осы данышпанның сөздерін қайталағым келіп отыр (оқушыларға тілек айта отырып, әр қайсына көбелектер сыйлаймын):

Егер сен болашақта таза, ешқандай зиянды заттармен ластанбаған ауамен тыныстағың келсе, бәрі сенің қолыңда.

Егер сен болашақта әдемі, көрікті қалада серуендеп жүргің келсе, бәрі сенің қолыңда.

Егер сен болашақта таза мөлдір бұлақтың суынан шөліңді қандырып ішкің келсе,бәрі сенің қолыңда.

Егер сен болашақта өзеннің тұнық суына шомылып, еркін жүзгің келсе, бәрі сенің қолыңда.

Егер сен болашақта ғажайып табиғат аясында жақындарыңмен демалғың келсе, бәрі бүгін сенің қолыңда!

Осындай тілекпен сыныптан тыс шарамызды аяқтап, барлыңызға қатысқандарыңызға рахмет деймін.

 

 

Закура Асқарқызы Мурзагалиева,
№6 ЖББОМ-нің
химия және биология пәндерінің мұғалімі,
Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы, БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.