Мемлекет басшысы жариялаған Жастар жылы аясында Оралда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – 11 наурыз күні Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығында өткен «Мақал-мәтел – сөз мәйегі» атты қалалық байқау.
Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен өткізілген шараның мақсаты – жастардың тіл мәдениетінің деңгейін көтеру, сөздік қорларын байытып, ой-өрісін кеңейту, «Мәңгілік ел» патриоттық актісін, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру.
Байқаудың іріктеу кезеңіне қаладағы орта мектептердің оқушылары, арнаулы-кәсіптік лицейлердің, политехникалық, экономикалық және ақпараттық технологиялық, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждерінің, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері қатысты. Ал қорытынды кезеңде үміткерлер мақал-мәтелмен өзін таныстыру, мақалдың жалғасын табу, белгілі бір тақырыпқа мақал-мәтел тауып айту, блиц-сауал, мақалдың мағынасын ашу бойынша сөз шеберліктерін сынға салды.
Қазылар алқасының төрайымы, танымал ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан Қыдырниязова шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. – Біз әлі күнге тілімізді өз тұғырына қондыруға ұмтылып келеміз. Еліміздің Тіл туралы Заңында мемлекеттік тіл – қазақ тілі, оған қоса орыс тілі де қолданылады деп көрсетілген. Сол себепті екі тілді қатар қолданып жүрміз. Бүгінгі сайыста мақал-мәтелді жарыса айтқан жастарды көріп қуанып тұрмын. Мұның өзі – жетістік, – деген тіл жанашыры қазақ халқының ықылым заманнан өлеңдетіп, мақалдатып сөйлейтін шешендігі өскелең ұрпақтың бойына дарығанын мақтанышпен жеткізді.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұханғалиевтің айтуынша, байқаудың алғашқы кезеңіне 34 жас қатысып, 13-і үлкен сынға жолдама алыпты. Сол 13 үміткер шешуші кезеңде мақал-мәтел сайысына түсіп, өздерінің шешендік өнерлерін байқатты. Нәтижесінде бұл сайыста №49 орта мектептің оқушысы Нұрбибі Қуанышқалиева жеңіске жетті. Ал екінші және үшінші орындарды Ж.Досмұхамедов атындағы Орал жоғары педагогикалық колледжінің студенті Айнара Нұрғалиева мен №48 орта мектептің оқушысы Айбар Кәкімжанов өзара бөлісті. Барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.
Жастар жылына орайластырылған ауқымды шаралар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы», Орал