Home » Сценарийлер » Жасай бер, ана тілім – қазақ тілі!

Жасай бер, ана тілім – қазақ тілі!

Мақсаты: Оқушыларды тіл өнерін, тіл құдіретін құрметтеуге үйрету. Сөйлеу тілін жетілдіру, патриоттық сезімін оятып, тілін сүюге, ардақтай білуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: қанатты сөздер жазылған плакаттар:

«Ана тілі жоқ жерде ұлт жоқ».

Шыңғыс Айтматов.

«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды ұмыту».

Бауыржан Момышұлы.

«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді».

Ғабит Мүсірепов.

«Әркімнің туған тілі – туған шеше, оған бала міндетті сан мың есе».

С.Мұқанов.

«Тіл – ұлттың жан дүниесі».

Л. Толстой.

Кітап көрмесі: «Ана тілім – ажарым, асыл мұрам»

1-жүргізуші:

Қайырлы күн, құрметті ұстаздар мен оқушылар!

2-жүргізуші:

Бүгін сіздердің назарларыңызға «Жасай бер ана тілім – қазақ тілі» атты тәрбие сағатымызды ұсынамыз.

1-жүргізуші:

Бұлт сейілді, төніп тұрған тіліме,

Шуақ шашсын, күн күлімдеп көгімде.

Қанат жайып қалықтағым келеді,

Баба тілін қастерлеген жерімде.

Тіл тұғырын ұмытуың керек пе?

Халық сөзі рух береді жүрекке

Ана тілді бағаламай өтсеңіз,

Өзге тілің ұлтымызға тірек пе?

Ана тілі – адам болып жаралғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі.

Жататын биіктерде өлшемі тым,

Біртұтас тауларымның –

Бөлшегісің.

Тағы да тіл жайында толғанайын,

Жазуға құдіретім, келсе күшім!

Түсермін от пен суға мен сен үшін,

Жатса да көп шындықты

Көмкеріп күн …

Тіл мен діннен жұртты бездіргенде,

Аспаным қақыраған,

Теңселіп шың!..

Тәуелсіз, нұрланды елім, азат күннен,

Аңсаған азаттықты,

Қазақпын мен!

Кешелер, қайғымды айтып күңіренсем,

Жыр жазам, мен осынау –

Ғажап тілмен!

Шаттық шеңберін құрып, Қадыр Мырза Әлидің өлеңін айту.

Ана тілің арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!

-Балалар, енді қолымызды ұстап, алақан жылуы арқылы бір-біріңе жылы лебіздер айтып, тәрбие сағатымызды бастайық.

Еліме тыныштық тілеймін!

Күніміз жарқын болсын!

Аспанымыз ашық болсын!

Нанымыз көп болсын!

Қайғымыз жоқ болсын!

1-оқушы:

Ана тілді құрметтеген бар адам,

Ең қымбатты асылына балаған.

Бойымызды билеп алған құдірет

Анамыздың ақ сүтімен тараған.

Елдің бәрі құрметтеген дана да

«Тіл – тірліктің шырағы!» деп санаған.

2-оқушы:

Ана тілі – әрбір ұлттың, ұлыстың мақтанышы, көзінің қарашығындай көретін қазынасы, асыл мұрасы.

«Тіл – ұлттық белгі, халықтық мұра, дүниетаным құралы». Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл — халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы.

Адамдық мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз – ана тіліміз!

Қазақ тілі – дүние жүзіндегі ең бай, беделді де, бейнелі тілдердің бірі.

3 оқушы:

Қазақ тілі туын биік ұстаған,

Қазақ тілі кең далама ұқсаған.

Қазақ тілі – мәртебелі, еңселі,

Құрметтеп отыр бүгін ел сені!

Көрініс: «Тіл – қарым-қатынас құралы». (5-сынып оқушылары)

1-оқушы: Мен саған «осы тіл не үшін керек?» деген сұрақты қойғым келіп отыр.

2-оқушы: — Досым-ау, тіл бір-бірімізбен сөйлесу, түсінісу үшін қажет қой. Мұғалім «Тіл – қарым-қатынас құралы» деп түсіндірді емес пе?

1-бала: — Жарайды, тіл – қарым-қатынас құралы-ақ болсын, онда адамдардың бәрі бір ғана тілде сөйлеп, түсінісе бермей ме? Ана тілі деп бөлгені несі?

3-бала: Ой, айтқышбегім-ай. Кез келген адамның өз анасы болатыны сияқты дүние жүзіндегі халықтардың да өз анасы, өз тілі, өз Отаны бар емес пе?

4-бала: — Балалар, ана тілі дегеніміз – ананың ақ сүтімен бойға дарыған өз анамыздың тілі ғой. Ал ана деген – бәрінен қастерлі, аяулы асыл жан.

5-бала: — Мен сендерге Әли Әпекұлы деген ақынның ана тілі туралы мына өлеңін оқып берейін:

Ана тілім – бала шағым өркенім,

Ана тілім – болашағым, ертеңім,

Ана тілім – сайын далам, жер, көгім,

Ана тілім – арман, ойым, өрнегім.

Ана тілді білмесем,

Шат-шадыман күлмес ем,

Жер бетінде сайраңдап,

Қазақ болып жүрмес ем.

6-бала: — Керемет екен. Ал Әбділда Тәжібаев атамыздың мына өлеңі естеріңде ме?

Туған тілім – тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сыр ойдағы.

Өссе тілім – мен де бірге өсемін,

Өшсе тілім – мен де бірге өшемін.

7-бала: — Ақын апаларымыз да тіл туралы тамаша өлеңдер шығарған. Тұрсынхан Әбдірахманова деген әрі ғалым, әрі әнші, әрі ақын апамыз былай депті:

Ана тілім – бәрін сөйлер шежірем,

Тілсіз нені білдіре алам, не білем?!

Тілім барда ғана мынау ғаламның

Кілтін табар саналысы сезінем.

О, адамдар, қадіріне жетіңдер,

Ана тілің – анаң, сыйлап өтіңдер!

8-бала: -Дұрыс-ақ, бірақ кейде өзінің ана тілін сыйламайтын, білгісі келмейтіндер де кездесіп қалады. Олар туралы не айтар едіңдер?

9-бала: — Әрине, адамның бәрі бірдей емес, түсінігі төмен, білімі таяз жандар болатыны рас, ондайлар жайлы қырғыз ақыны Сарногаев былай деген:

Ана тілін білмеген –

Ақылы жоқ желік бас.

Ана тілін сүймеген –

Халқын сүйіп жарытпас.

10-бала: — Ал халқымыздың кемеңгер жазушысы Ғабит Мүсірепов атамыз: «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін өгей ұлдар ғана менсінбейді» деген, сондықтан өз тілімізге, өз ұлтымызға өгей болмайық, достар!

11-бала: — Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Ол тек отбасы, ошақ қасының ғана тілі емес, мемлекеттік тіл ғой.

12-бала: Иә, иә, оның рас. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған жаңа Конституцияда қазақ тілі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі болып бекітілді. Ал 1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» Заң қабылданып, оның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» екені жазылды.

13-бала: — Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Көп ұлтты мемлекет үшін мемлекеттік тіл өте қажет. Мемлекеттік тіл – көп ұлтты елдің барлық халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы.

14-бала: — Олай болса, қазақ тілін жете білу арқылы біздер өнер мен білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне жетіп, өз халқымыздың өткен-кеткенін зерделеп, оны әлемге таныта аламыз. Өз тілімізді құрметтеу арқылы басқа тілді үйреніп, мәдениетін қадірлей аламыз!

Бәрі: Ана тілін қастерлеп, құрметтейік!

1-оқушы:

Ана тілі қазағымның қаймағы,

Тілің сенің өміріңнің айғағы.

Бүгін біздің ортамызға,

Білгірлері 5-сыныптың шығады.

Таныстыру. 5-сынып оқушылары.

І топ: «Жасұлан» тобы.

ІІ топ. «Жасқыран» тобы.

Біздің топ: «Жасұлан».

Біздің ұранымыз: «Тіл бар жерде — өмір бар».

Біздің өлеңіміз:

Кіршіксіз қардай сақтайық,

Қазақтың тілін ғаламат.

Ана тіл – арым, иманым,

Аманат, саған, аманат.

Біздің топ: «Жасқыран» тобы.

Біздің ұранымыз: «Сүйемін туған тілді – қазақ тілін».

Біздің өлеңіміз: Тіліміздің бұлағы,

Тірліктің ел жүрегі.

Ана тілін сүйеміз,

Отан үшін күйеміз.

1-жүргізуші:

Ана тілін сөйлетейік биіктен,

Бабам сөзін қайта әкем тірілткен.

Кейінгі жас естіп өскен үлгі алсын,

Ана тілім бастау алған бірліктен.

І бөлім: Ана тілім – ардағым.

(Тіл туралы өлең жолдарын айту — оқушылар кезекпен).

2-жүргізуші:

Тілді үйрену — өз ұлтыңды тану. Ұлттық тілді білу ұлт ділін, қасиетін, мінезін, ой, жан-дүниесін, сырын білу екенін, халықтық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту болатынын естен шығармайық. Ғабит Мүсірепов ағамыз: «Қасиетті қазақ тілінің болашағы жоқ дегендердің көмейіне құм құйылсын!» — деген.

ІІ бөлім: «Бабалар аманаты». Нақыл сөздердің мағынасын ашу. (Әр топқа 2 нақыл сөзден таратылады).

(Тіл туралы әңгімелерді мазмұндау).

2-жүргізуші:

Бұлт сейілді, төніп тұрған тіліме,

Шуақ шашсын, күн күлімдеп көгімде.

Қанат жайып қалықтағым келеді,

Баба тілін қастерлеген жерімде.

ІІІ бөлім: «Сиқырлы қоржын» (Қожанасыр қонаққа келеді).

  • Уа халайық, амансыңдар ма?
  • Қош келдіңіз ата келіңіз.
  • Мен балаларға сұрақтар қойып көрсем қайтеді?
  • Балалар тіл туралы қандай мақал-мәтелдерді білесіңдер?
  • (Мақал-мәтелдер айту кезекпен).
  • Жарайсыңдар балалар, дайындықтарың жақсы екен. Оқуда алда болыңдар!

1-жүргізуші:

Тіл тұғырын ұмытуың керек пе?

Халық сөзі рух береді жүрекке

Ана тілді бағаламай өтсеңіз,

Өзге тілің ұлтымызға тірек пе?

ІҮ бөлім: «Бәйге».

(Қазақ тіліне байланысты әр топқа сұрақтар қою).

  1. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жыл? 1991 жыл.
  2. Қазақстан Республикасының тұңғыш Ата Заңы қашан қабылданды ? 1993 жыл.
  3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қандай тіл? Қазақ тілі.
  4. Ана тілі үшін, елі үшін құрбан болған азаматтарды атаңдар. Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин т.б.

2-жүргізуші:

Тілім менің!

Жауға айбарым, ұраным туым менің!

Найзасымен тең ұстап ана тілді,

Намысымды қорғады сырым менің.

Ү бөлім: «Шешендік өнер». (Алдын ала берілген тақырып бойынша ой толғау). Тақырыбы: «Ана тілі – асыл қазынам».

1-жүргізуші:

Тілім менің!

Осы тілде шежірем, жырым менің,

Асан Қайғы арман, Қорқыт күйі –

Тағдырыммен тамырлас мұңым менің.

ҮІ бөлім: «Әдебиет әлемі». Шығармашылық жұмыс. (Оқушылар тілге байланысты 1 шумақ өлең шығару)

Тақырыбы: «Тілім – менің байлығым»

2-жүргізуші:

Ана тілім — жүрегісің анамның,

Жүрек – ана, мен өзіңнен жаралдым,

Сағат сайын саулығыңды тілеймін,

Сенсіз маған керегі жоқ ғаламның.

ҮІ бөлім: «Ойлан, тап». Ой бөлісу (дебат өткізу).

Сұрақ: Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін не істеу қажет деп ойлайсыңдар?

1-жүргізуші:

Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз – тіліміз. Ана тілімізді құрметтей білейік! Ата-бабамыз ежелден үш нәрсені бойтұмардай қасиет тұтып, қадірлеп өткен. Ол – ел, жер және тіл. Ана тілі – әр халықтың төл белгісі.

Артық болмас білгенің …

Тіл сырына саяхат: 7»А» сынып оқушысы Амирханова Айым..

Мысалы: Әл-Фараби 70-ке жуық тіл білген.

Көрініс: «Ата өсиеті».

2-жүргізуші:

Қазақстан елінің тілін өркендететін, дамытатын елдің түлектері сендер боласыңдар. Әрдайым туған тілімізді құрметтеп, ардақтап, биік шыңға көтере берейік! Мемлекеттік тілді дамытуға ат салысайық, жас достар!

Бұл жанды тіл – менің азат тілім,

Жадымда талмай самғар қанат тілім,

Жыр-қуат, сөзі – ана уызындай,

Жасай бер, Ана тілім – Қазақ тілім!

Молдабаева Жайнагул Жумабаевна

Қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі

Көкшетау қаласы білім бөлімің мемлекеттік мекемесі

«№7 орта мектебі»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.