Қазіргі таңда оқушы – заман талабына сай ақпаратпен қаруланған, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға. Оның білімділік қабілеттерін одан әрі дамыту үшін мұғалімдер де жан-жақты ізденімпаз, шығармашыл болуы керек. Сабақ барысында «баланың өзін еңбектендіріп, бірлестіріп, өз бетімен білім тапқандай қылса», «жұмыстайтын материалдар даяр түрінде емес, балалар тәжірибе қылып, зерттеп, өз бетімен шешкендей, тұрмыс жұмбақ түрінде берілсе» (1929), Ж.Аймауытұлы, айтқандай, оқыту үдерісіне жаңа көзқараспен қарау керек.
Осы орайда биология сабақтарында жиі қолданылатын әдістерді жоспарлау кезінде неге көңіл аударған жөн екендігі жайлы өз тәжірибеме сүйене отырып ой бөліскім келеді. Қазіргі сабақ үстінде оқушының өзін еркін ұстауы, ойын еркін жеткізуі, өз бетімен ізденуі, қосымша материалдарды кеңірек пайдалануы көзделеді. Биология пәні өте қызғылықты, ерекше жан-жақты пән. Бұл пәнді оқытудың өзіндік ерекшеліктері бар екендігін жаңартылған бағдарлама бойынша өткен курстар барысында айқын байқадық. Қазіргі уақыт талабы болып отырған жаңа педагогикалық технологияның өзі жаңадан пайда болған жаңалық емес екендігін, оның негізі бұрын қалыптасқан, бірақ өзгерістерге ұшырап, зерттеліп, жинақталып, жетілдіріліп берілгендігі ұстаздар арасында талқыға салынды. Тақырып бойынша оқушыға сұрақ беру, жаңа сабаққа ойын аудару, осыдан келіп сабақтын сонында оқушының өзіне ереже шығарту, сабақты қорыту, балаларға бірінің білім деңгейін біріне бағалату, яғни оқушыны өзара байланыстыру мұғалімнің дәстүрлі сабақтан алшақтауына әкелетіндігі сөзсіз. Демек, жаңа технологияларды енгізу арқылы, оқу үдерісінің деңгейі көтеріледі, қазіргі заман талабына сай дамыған бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиеленеді.
Егер білім беру – білім, іскерлік, дағдыны игеру процесі мен нәтижесі болатын болса, оқыту – оқушылар бойында білім, іскерлік, дағдыны, ойлау тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған мұғалім мен оқушылардың өзара әрекеттесулерінің процессі.
Шығармашылық әрекет – оқушының өз жеке шығармашылық бағытын таңдау қажеттігін және шығармашылық өнім, нәтиже туғызуға бағытталған жауапкершілігін қамтитын әрекет.
Сондықтан қандай технологияны пайдаланған кезде де оқушының белсенділігі, мақсатқа ұмтылуы, ақпаратты өзі іздеп табу мүмкіндігі, шапшандығы мен еркіндігі, шығармашылдығы, өзара қарым-қатынастарында жағымды көңіл-күй болуы қамтамасыз етіледі. Қандай тақырып, сынып болса да мұғалімнің шеберлікпен жүргізген әрбір сабағы оқушы үшін мол білімнің көзі болуы керек. Үнемі ізденіп, жаңашылдықпен жұмыс істесе ұстаз бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбилейтіні сөзсіз. Яғни, өмір бойы оқу арқылы нарықтық қатынастар негізінде қалыптасып келе жатқан орта білім беру жүйесіндегі негізгі приоритеттердің бірі бәсекеге қабілетті оқушылардың мүдделерін қолдау болып табылады. Осыған орай әрбір мұғалімнің ең негізгі міндеті әрбір оқушының білім алуға деген қызығушылығын арттырып әрбір оқушының шығармашылық шабытының тууына жағдай жасау. Бұл мұғалімнің оны жүзеге асыру сапасына да көп байланысты болады.
Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан – жақты маман болу мүмкін емес.
Қазіргі педагогикада қолданыста жүрген жаңаша оқытудың бірнеше тиімді әдіс тәсілдерін атап көрсетуге болады: «Шеңбермен айналу». Мысалы: «Экожүйелер» тарауының «7.3.1.1 Жергілікті жер экожүйесі қоршаған орта факторларының тірі ағзалардың тіршілік әрекеті мен таралуын зерттеу», «7.3.1.3 Қоректік тізбектер және қоректік торларды құрастыру» тақырыбында сыныпты оқушы санына қарай топқа бөліп, «Өндірушілер, тұтынушылар, ыдыратушыларды анықтаңыз» тапсырмасын А-3 плакат таратып, әр топқа кестені толтыртып плакаттын шетіне әр топ түрлі фломастерлермен берілген сұрақтардың жауаптарын жазады, келесі топ тексеріп ауысады, егер жауаппен келіссе «жұлдызша» белгісін қояды, келіспесе толықтырады. Осылай әр топ тапсырмаларды орындап айналып шығу керек. Бұл әдіс оқушылардың пәнге деген қызығушылығының артуына, өзара ынтымақтасқан орта қалыптасуына, өзге пікірлермен келісуді мойындауға, өз ойын нақты жылдам тұжырымдап айтуға т.б. көптеген құндылықтарды игеруге ықпал етеді.
Келесі жұмыс барысында қолданатын интербелсенді әдіс «Ішкі және сыртқы шеңбер». Оқушылар ішкі және сыртқы екі шеңбер құрады. Балалар бір-біріне қарама-қарсы тұрып, өтілген тақырып бойынша бір-бірлеріне сұрақтар қояды. Сыртқы шеңберде тұрған оқушылар ауысып өздеріне жаңа жұптар құрады. Сөйтіп сұрақтар қою істері әрі қарай жалғаса береді.
Бұл әдісті өткен тақырыптарды қайталау кезінде немесе бекіту сәтінде пайдалануға тиімді.
Сондай ақ оқушыларды өмірде кез келген жағдаятқа дайын болу үшін тәжірибеде тиімді қолданылған тәсілдерден:
-«жеміс-жидек машинасы» бағдарламасы, мұнда сізде есімдерді енгізуге, оларды сақтауға және оқушыларды кездейсоқ тәртіпте таңдауға мүмкіндік болады.
— «қаламша» есімдерді балмұздақтардың таяқшаларына жазыңыз және жауап беру үшін кездейсоқ тәртіппен оларды тартып шығарыңыз
Д. А.Картбаева
«Өрлеу» «БАҰО» филиалы
«Алматы облысы бойынша ПҚБАИ»
«Инновациялық технологиялар және
ғылыми — жаратылыстану (гуманитарлық)
пәндерін оқыту әдістемесі»
кафедрасының аға оқытушысы