Home » Мақалалар » ЖАН АҒАМА САҒЫНЫШ

ЖАН АҒАМА САҒЫНЫШ

Эссе

1974 жылы 29-қаңтарда Өзбекстан Республикасы Науайы облысы, Кенимех ауданы, Мамықшы ауылында Жарбосынұлы Қожабайдың отбасында сегізінші ұл болып Жарбосынов Қожабайұлы Қорғанбай дүниеге келген еді. Ол бала күнінен өте зерек, білімді, өнерге жақын болып өседі. М.В.Ломоносов атындағы № 12 орта мектебін 1981-1991 жылдар аралығында  үздік тәмамдап, алтын белгі иегері атанады. Жас жігіт қуанышы қойнына сыймай жоғары оқу орнына Науайы облысындағы, Әлішер Науайы атындағы Институтқа физика-математика мамандығы бойынша   оқуға түседі. Ол оқып жүріп «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей, өзбек тілі мен орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгереді. Оның білімділігі сонша ол оқу орнын 1996 жылы  үздік аяқтайды. Қорғанбайдың білімін бағалаған ұстаздары, оған сол оқу орнында мұғалім болып қалуын сұрайды. Облыстық Институтта қазақ, өзбек балаларына математика мен физика пәндерінен сабақ береді. Сол жылдары компьютер енді шығып жатқан кез еді. Науайы атындағы Институтының басшысы алғыс хатын берген кезінде, оның еңбекқорлығы мен талантына бас иетінін тілге тиек еткен еді. «Білікті, білімді, шығармашыл, данышпан, ұстаз» деген екен. 1996-2002 жылдар аралығында білікті ұстаз болып қызмет атқарады. Әлі күнге дейін есімде, нағашым Қорғанбай домбыра, гитара аспаптарымен күй ойнап, ән айтқан кезінде барлық жұрт, үндемей тыңдай қалатын. Сол сәтте әжемнің айтқаны есімде «Бұл бала әкесіне тартып, өнер мен білімге біршама жақын болды»,- деп көзіне жас алғаны. Баламын ғой көп сөзді түсіне бермеймін, енді ойласам әжем күйеуі Қожабай атамнан ерте айырылып қалған екен. Атамыз 49 жасында өмірден озған екен. Еміс, еміс есімде бар, ол «Аға-жеңешем», «Анама» деп  одан көп басқа да өлең шығарып, ән салатын. Осы әндерін қазіргі күнде оның баласы Шыңғыс пен жиені Жомарт домбыраға сүйемелдеп орындайды. Тағдырдың жазуымен 2002 жылы көктем айында  Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Қамысыт ауданы, Қарабатыр аулына ағаларымен  4 ағайынды болып көшіп келеді. Сол ауылда Қарабатыр орта мектебіне мұғалім болып жұмысқа тұрады. Ол ауылда да елге сыйлы, білікті, білімді ұстаз ретінде ел көзіне түседі. 2004 жылы ең алғаш ҰБТ шыққан кезде нағашымның сыныбы ең бірінші болып математика пәнінен ең жоғарғы көрсеткішпен Республика бойынша орын алып барлығы жоғары оқу орнына түседі. Нәтижелі білімінің жемісін көрсете білген соң оған аудан әкімі алғыс хаты берілді. Қарабатыр орта мектебінде 2002-2007 жылдар аралығында мұғалім болып жұмыс істейді. 2007 жылы Елордамыз Астананың Степнагорск қаласына көшіп барып «Қазақ алтын компаниясында» экономист қызметі бойынша жұмыс атқарады. Сөйтіп, ол қалада көп уақыт өтпей жанұясында бізге белгісіз түсініспеушіліктер, нәтижесінде, ол қайта Қарабатыр ауылына анасы Өлместің жанына келеді. Көп ұзамай Қостанай облысы, Рудный қаласында лицейде 2009 жылы математика және информатика мамандығы бойынша жұмыс істей бастайды. Бұл жерде отбасына деген сағынышын ешкімге білдірмей, әйел, бала-шағасына деген құштарлық күннен-күнге күшейе түседі. Дегенмен, өмір өз дегеніңді жасамайды ғой.

Ол бір күні қарапайым, салмақты ақылды да сымбатты өзінен 2 жас кіші Салтанат атты қызды кездестіріп, жас балаша ғашық болады. Сол сәт әлі есімде жас жұбайлар сияқы бірге жүретіні көз алдымда.Туыс-туғандар жиналып құдалық өткізіп шағын отырыс жасады. Ең қызықты да, көңілді күндерінің бірі, ертегідей сезімде бақытты ғұмыр кешеді. 2009 жылдары Салтанат аяғы ауыр болып, бақыты еселене түседі. Бақыттан басы айналып, еш нәрсеге көңіл бөлмей, өмір сүре береді. Таңғы сағат 7 кезі білем, ағам Жайнарбек маған естірткені есімде. «Нағашымыз Қорғанбайдан айырылып қалдық»,- деді. Сол сәтте қандай жағдайда болғанымды сөзбен айтып жеткізу қиын. «Ол қалай болды» деп сұрасам. Жұмысынан келе жатқан сәті еді. Артынан аңдып келіп, екі кісі тап беріп жабыса жұлмалап, бойшаң жігітке күші жетпеген соң, қулықпен қылмыскерлер мойын тамырын бөтелкенің басы сынығымен кесе салыпты. Үйде күтіп отырған жұбайы Салтанат іздеп есік алдына шығады. Көз алдында жерде қанға былғанып жатқан күйеуін көрген ол, есінен айырылып құлап қалады. Жай адам болса да мынадай жағдайда есіңді жинай алмайсың ғой. Айы-күні жетіп отырған әйелге өте ауыр болады. Дәрігерлер бір күнде бір уақытта, екеуі мен қоса іштегі нәресте өмірін де сақтауға арпалысып жатады. Әйелі мен қызы Әселдің өмірін сақтап қалғанымен, нағашымды сақтап қала алмапты. Себебі, қылмыс болған жерде көп қан жоғалтыпты. Жарбосынов Қорғанбай Қожабайұлы 2010 жылы 24 қыркүйекте қылмыскерлердің қолынан келместің кемесіне осылай мініп кетті.

Арманын тауса алмай кеткен алдаспандай ардақты аға, білікті ұстаз, сүйікті жар туралы қанша айтсада аздық етері сөзсіз. Алайда, қапияда жақынымыздан айырылмайық!

 

Мнайдарова Аякөз Сисенбайқызы,
СҚО, Дружба ауылы, Тимирязев ауданы,
«Интернационал орта  мектебі» КММ
қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.