Адам баласының қоғамда бағалануы, дәріптелуі, ардақталуы – тікелей оның адамгершілік қасиеттеріне байланысты. Егер ол айналасындағыларға қайырымды, адал болып, бүкіл қарым-қатынастарын адамгершілік тұрғысынан реттейтін болса, нағыз адамгершілігі мол жан болып, қоғамдағы сыйлы бағасын да, орнын да иемденеді.
Жақсылық – адамның ойы, ниеті, іс-әрекеті. Жаман пиғылдардан аулақ болып, қай кезде болса да адамға қол ұшын беріп көмектесетін, жанашырлық танытатын адамды жақсы адам дейміз.
Жаны жайсаң, көңілі ашық, шәкірттердің ұлағатты ұлы ұстазы ретінде ел мәртебесін асқақтатып жүрген, сабырлы мінез, сырбаз қалпынан, қарапайымдылығынан айнымайтын, адамгершілігі мол, жүрген ортасына сыйлы, мейірімді де қайырымды, асау асуларды бағындырып, оны игі істерге бағыттай білген адам. Осы орайда Сүйінбай Аронұлының:
Жақсы адам – елінің серкесіндей,
Халқының қалың жүнді көрпесіндей.
Жақсы болар баланың жүзі жылы,
Орыстың күймей піскен бөлкесіндей.
Жақсының айтқан сөзі тиянақты,
Түйенің аумайтұғын өркешіндей,
Жақсыға үлкен-кіші бәрі жақсы,
Жасынан бірге өскен еркесіндей, – деген жолдары ойға оралады.
Биіктігі де, тереңдігі де, кеңдігі де бір басынан табылатын Баян Бурубаеваның өмірбаянына көз салсақ, оқу орнын тәмамдағаннан бастап мектеп өміріне араласып, осы білім заңғарының ұшар басында қалықтаған жан. Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған Баян Бурубаевнаның да көктемі мен жазы, қыруар күзі жас ұрпақты тәрбиелеуге арналған. «Ұстазым менің ұстазым, өзіңмен өткен қыс, жазым» деген ыстық махаббат осындай ұлағатты ұстаздарға арналса керек.
Жаңа құрылған мектеп, тәжірибесі аз жас ұстаздар, оқушыларға керекті жағдай, дұрыс білім беру сияқты көптеген, шешілуге тиісті түйіні қиын істердің басы-қасында болып, ел қатарлы мектеп атану міндетін атқаруда
Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды орта мектебі тарих пәні мұғалімі, директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Баян Бурубаевнаның қажырлы еңбегі мен ақыл парасат қасиеті зор табыстарға жеткізіп еді. Целиноград қаласындағы педагогикалық институтты бітірген жас ұстаз еңбек жолын Новоишимка совхоз-техникумында сабақ беруден бастаған еді. 33 жыл мектеп қабырғасында қызмет атқарған.
2013 ж. ҚР Білім және ғылым министрлігі Қосымша білім департаменті Алғыс хаты, Облыс әкімінің Алғыс хаты, 2015жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының Алғыс хаты, 2016, 2017 жыл облыстық білім басқармасының Алғыс хаты, 2017 жылы аудан әкімінің Құрмет грамотасы, 2015 аудандық білім басқармасы Мадақтамасымен марапатталған жоғары санатты ұстаз. RWCT мұғалімі деген атаққа ие болды.
Өз білімін, тәжірибесін бөлісуде алдына жан салмайды. 2016 ж облыс деңгейінде мастер-класс, 2018 ж. облыс деңгейінде мастер-класс облыстық, Ұлттық оқу конференцияларында баяндамалар жасады.
Көп жылғы еңбегінің жемісі мен жеңісін көру – ол да бір ғанибет. Өзі білім берген көптеген шәкірттері бұл күнде еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп, ел құрметіне бөленуде. Ұстаз еңбегі шәкіртімен бағаланатыны аян.
Баян Бурубаевнаның да шәкірттері осындай тамаша жетістіктер көрсетті.
Республикалық экологиялық форумда ғылыми жоба бойынша ІІ орын ғылыми жобалар жарыстарында Қайрат Салтанат ІІ орын, 2011 жылы Астана қаласы Мемлекеттік Мұрағаты ұйымдастырған «Тәуелсіздік қойнауында» атты конкурста Жұмабекова Мақпал алғыс хат, 2012 жылы Семей қаласында өткен оқушылардың экологиядан VІ Республикалық ғылыми жобалар олимпиадасында Асқарова Гүлдана мадақтама қағазы, 2013 жылы Ақтөбе қаласында өткен Республикалық Ғылыми-практикалық конференцияда 10 сынып оқушысы Жанузаков Мирас ІІІ-орын, 2014 жылы облыстық ғылыми жобалар жарыстарында Жанузаков Мирас 10-сынып оқушысы ІІ-орын, 2015 жылы Қарағанды қаласында өткен ҚР Шағын Ғылым Академиясы ғылыми-практикалық конференциясында Жанузакова Гүлмира ІІ-орын, 2015 жылы облыстық слет ғылыми жоба бойынша Аужанова Жанел ІІІ-орын иеленген мақтанарлық оқушыларының саны көп. Ғылыми шығармашылықпен айналысуда оқушылары осындай көрсеткіштер көрсетсе, білім жағынан да қалысар емес. Аудандық пәндік олимпиадада:
2012-2013 оқу жылы ІІІ-орын Жанузаков Мирас 9-сынып.
2013-2014 оқу жылы ІІІ-орын Тегіс Қадырбек 8-сынып ІІІ-орын Жанузаков Мирас 10-сынып
2014-2015 оқу жылы І-орын Тегіс Қадырбек 9-сынып.
ІІІ-орын Аужанова Жанел 9 сынып
2015-2016 оқу жылы – І-орын Аужанова Жанел 10-сынып
2016-2017 оқу жылы – І-орын Аужанова Жанел 11-сынып
2017-2018 оқу жылы – І-орын Асылбек Дархан 8-сынып
Облыстық пәндік олимпиада:
2016-2017 оқу жылы – І-орын Аужанова Жанел 11-сынып
Облыстық экологиялық слет:
2016-2017 оқу жылы – ІІІ-орын
2017-2018 оқу жылы – ІІ-орын
Еңбегің жанды деген осы емес пе?! Мектептің ғылыми-әдістемелік жұмысын басқаратын Баян Бурубаевна ұстаздарды да алға тартып, үйретіп отырады. Мысалы, математика пәні мұғалімі Дауыл Ұлан облыстық, республикалық деңгейде конкурстарға қатысып, жүлделі орынға ие болды. Оқушылары да биік жетістіктерге жетуде.
Өнегелі де ардақты жан Ахметова Баян Бурубаевна – үлгілі отбасының қамқоршысы. Отағасымен тату-тәтті өмір сүріп, екі перзенттерін ұяға қондырған бақытты ата-ана. Білім беру саласында жыл танбай еңбек еткен жайдары да жайсаң ұстазға біз ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат пен амандық тілейміз.
Қорыта айтқанда, шарапатынан халқына шашу шашып, шәкірт тәрбиелеу жолында еңбек етуге бүкіл саналы ғұмырын арнаған ұстаздың қай тілеуі де хақ. Өз келешегіне өз қолымен жол салып, адал еңбегімен жете алған біртуар қазақ перзентінің өмір жолы мен өнегесі кейінгі жеткіншіктерге адастырмас шамшырақтай бағдар болары сөзсіз.
«Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Бірінші байлығым – халқым деп білген, ойы биік, сөзі де, ісі де ірі, жаны мен қолы бірдей таза, кішілік пен кісіліктен жаралған, періште пейілді, тұғыры биік тұлғаға денсаулық, ұзақ өмір тілейміз.
Баян Бурубаевнаның осындай дәрежеге жетуі дана Абай атамыз айтқандай өзінің ыстық қайраты, нұрлы ақылы, жылы жүрегінің арқасы деп білеміз. Ойымның соңын «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп аяқтағым келеді…
Г.Жакенова
Ақмола облысы, Целиноград ауданы,
Қоянды орта мектебі орыс тілі пәні мұғалімі