«Еңбек түбі береке,
Көптің түбі мереке». 2017 жылдың 20-қазанында білім саласында ерен еңбегі сіңген Республикалық атақ-даңқы бар ұлағатты ұстаз, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Байқоңыр кеңшарының тумасы Байулова Гүлназия Сабырқызының туған күні өміріндегі ең ерекше айтулы күндерінің бірі болып, көпшілікпен мерекеге ұласты. Себебі, аянбай еңбектенген маңдай тердің арқасында өзі қызмет атқаратын Астана қаласы Дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінде құрметтеліп зейнеткерлік демалысқа шығып отыр. «Зерде» мектебінің тарихы мен Гүлназия Сабырқызының кәсіби кемелденуі тығыз байланысты десек артық болмас. Бүгінде мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. «Жылдарым менің, жылдарым…» деп аталған мерекеде әрбір жылдың сырлары мен жырларын қозғап, тоғыз жылғы жеткен жетістіктері мен еңбек жемістерін зор ықыласпен жарыса да мақтана жеткізген қонақтардан-ақ бұл кісінің абыройын біле беріңіз. Мамандығы жоғары санатты география пәні мұғалімі озық тәжірибелі ұстаз әрі географиядан Республикалық атаулы мектептің беделді мүшесі. Үздік қызметкердің әрбір жылда «Зерде» оқушыларының ғылыми жоба, олимпиада, ҰБТ-ға дайындықтарын жіті қадағалап, біліктілігімен, ұйымдастыру қабілетімен жоғары көрсеткішке ие болатыны кәсібилігінің дәлел. Мектеп директоры Гүлназия Сабырқызының өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтынын тілге тиек етті. “Республикалық деңгейде үздік бестік, үштікке кіріп, 2013-2014 жылдары осы мектеп түлектерінен 15 «Алтын белгі», 4 «Үздік аттестатпен» Республика бойынша 1 орын алғанымыз – осы кісінің үлесі” деп сөз жалғады.
«Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез», — деп Абай атамыз білім мен көркем ойдың көкірегі бітеу, қараңғы адамға емес, көкірегінде көзі бар талапты адамға бітетінін толғаса, сондай тұлғаның бірі Гүлназия Сабырқызының кез келген мәжілісте сөз сөйлеп, пікірін тыңдата білетін қасиетімен «Зердеге», оның ішінде, жас мамандарды даярлау мен баулу, ары қарай ұстаз болып қалыптасуларына ықпал етіп жүргенін айтпай кетуге болмас.
Бүгінгі мерекелік іс-шара аталмыш мектеп директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Қаршыға Сайлаукул Сламбекқызының үлкен жауапкершілік пен жүргізушілік бастамасымен, туған күн иесінің қуанышын бөлісуге келген қонақтарды атап өтуімен басталды. Құттықтауға Білім басқармасынан, Географиядан Республикалық атаулы мектептің мүшелері, Астана қаласы мектеп директорлары, видео материалмен алыстағы жақындары – ата-анасы, ата-енесі, туған-туыстары, балалары және шәкірттері белсене қатысты.
Дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектеп директоры Жәнібекова Әлия Жәнібекқызы: «Бүгінгі мерекелік жиын Байулова Гүлназия Сабырқызының туған күніне арналып отыр. Бұл – ұжымның кәсіподақ ұйымымен бірге жасаған мерекесі. Басты мақсат – Гүлназия Сабырқызының өткен жылдарынан бір естелік болсын деп, өзіне жақын, өзі жақсы көретін жандардың басын қостық. Бұл, негізінен, шақырылған қонақтар, видео құттықтаулар тосын сый ретінде ұсынылды. Сонымен қатар, мереке иесінің өнегелі өмірін ұстаздардың, оқушылардың арасында үлгі еткіміз келді. Өйткені, басшылық қызметте қанша жыл отырған адам өмірде де, отбасында да үлгілі, тәлімді адам екенін көрсеткіміз келеді».
Айтулы мерекенің басты ерекшелігі – биылдан бастау алған жаңалығын айтсақ, Назарбаев орталығының «Бейбітшілік әлемі» қоғамдық бірлестікке ұсыныс жасап, озат ұстазға Ы. Алтынсарин атындағы қоғамдық қордың медалін тарту еткені, ерекше сый-құрметпен жеткізген ілтипаты жадымызда сақталатын естелік болары сөзсіз. Сонымен қатар, Гүлназия Сабырқызының 2015 жыл ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісі, географиялық атаулы мектептің 25 жылдық мерейтойы төс белгісімен марапатталғандығын кейіпкеріміздің мерейінің үстемдігі деп баға бердік. Жоғарыда «тосын сый» деп атап өткен қонақтардың бірегейі кешегі шәкірттері – бүгінгі қанаттарын кеңге жайған өзіндік орны бар беделді азаматтарының тілектері Гүлназия Сабырқызының жанын жадырата түсті. Осындай шәкірттердің ұстаздарын ұмытпай келіп, жүрек жарды тілектерін арнағанын естіп-ақ, Гүлназия Сабырқызын ерекше көретіндерін сезесің. Тіпті, іс-сапарда жүріп алтын уақытынан сәлем жолдаған шәкірттерінің бірі, қазіргі Республикалық ғылыми-танымдық «Білім айнасы» газетінің бас редакторы Қатшабаев Қуантай Амантайұлының арнайы тілегі видео материал ретінде көрсетілді. Осындай жылы лебіздердің бірі Гүлназия Сабырқызының оқу-ісі жөнінде директор орынбасары қызметіне әбдене лайықты деп таныған, осы мектептің бұрынғы директоры, бүгінде №73 мектеп-лицейінің басшысы болып тағайындалған Байтажикова Құралай Амангелдіқызының тілегі былайша өрбіді: «Мерейтой иесіне зор денсаулық, жанұясына амандық, шығармашылық табыс тілейміз. Әлі де болса «Зерде» тарихында биік белестерге қол жеткізері бар, білікті маман ретінде жұмыс істей берсе дейміз». «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген осыдан шықса керек. Әрине, дүркіреп өткен мұндай мерекелік жиынды концерттік бағдарламасыз елестете алмаймыз. Ұйымдастырушы тарапынан ән де айтылып, би де биленді. Қуаныш иесі Байулова Гүлназия Сабырқызы мұндай жоғары деңгейде өткен мерекенің әсерімен былайша бөлісті: «Зейнеткерлікке шығамын дегеннен толқыныста болдым. Енді, 37 жыл мұғалімдік қызметте болған соң қимастық бар. Бірақ, ары қарай жұмыс істегім келеді. Егер де менің жұмыс жасағанымды қалап жатса, мен әлі де болса берерім бар деп ойлаймын. Үлесімді қосқым келеді. Бүгінгі іс-шара өте ұнады. Мені құттықтап келген барлығына, мектеп әкімшілігі ұйымдастырған директорға, оқу-ісі жөніндегі орынбасарға рақметімді айтамын!».
Мұстафина Жансая Алибекқызы
Білім айнасы
Астана қаласы