Жаныңда жүр жақсы адам
Өңірімізде ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі – 30 жылға жуық «Павлодар Алюминийі» АҚ-да мінсіз қызмет етіп, жүздеген жастардың металлургия саласындағы кәсіби іскерлігі мен шығармашылығын шыңдаған білікті тәлімгер, өндірістік оқыту шебері әрі Павлодар өңіріндегі Туризм және спорт саласының ілгерілеуіне тер төгіп жүрген ағамыз Базарғали Алиев.
— Мен Павлодар Алюминий зауытына 1988 жылдың сәуір айында келдім. Сөйтіп, алғашқы жұмыс күнімді аппаратшы-гидрометаллург маман ретінде үшінші телімде бастадым. О кезде Юрий Николаевич Миронов деген шеберіміз, Николай Николаевич Коптелев деген бригадиріміз және Владимир Николаевич Филипов пен Александр Андреевич Шнайдер тәлімгерлеріміз болатын. Осы кісілердің арқасында қара металлургияның қыр-сырын танып, нағыз металлургтерге тән іскерлік, еңбекқорлық, шеберліктің не екенін үйрендім, — деп әңгімесін бастады ол. Бастапқыда, жұмысқа ІІ санатпен қабылдандым, екі жылдан кейін ең жоғарғы 5 санатқа көтерілдім. Үш жылдай жай жұмысшы, 1991 жылдан 1994 жылға дейін «аға металлург» және басқа да жауапты қызметтерді атқардым. Тек 1994-1998 жылдардан бастап, цех шебері ретінде жеке ауысымды басқардым. 1989-1991 жылдары өндіріс саласы бүтіндей жаңа технологияға көшті. Осыған байланысты, кәсіпорын басшылығының жолдамасымен жас мамандар өзге зауыттарға барып, тәжірибе алмасатын болды. 1991 жылға дейін маған да бірқатар зауыттардың озық тәжірибесімен танысу мүмкіндігі туды. Меңгерген жаңалықтарымды басшылықпен ақылдаса отырып, қалайда өндірістің пайдасына жаратуға тырыстым. 2001 жылдан 2012 жылға дейін денсаулығыма байланысты жай жұмысшы қызметін атқаруыма тура келді. 2011 жылы цех басшысы Аманғали Аубакировтың ақыл-кеңесімен, өндірістік оқыту нұсқаушысы ретінде жаңа қызметке ауыстырылдым. Қазіргі кезде кәсіпорынның жаңадан ашылған оқу орталығында жас мамандарға кәсіптік технология жөнінде дәріс беремін. Бұған қоса, өндіріске қажетті: ілгіштіктер, кранды жерде басқару, т.б. жұмыстарды оңтайлы орындаудың әдіс-тәсілдерін де меңгертіп келемін, — дейді ардагер ұстаз Базарғали Алиев.
Сұхбатымыз «ап» дегеннен, жараса кетті. Базарғали ағай біліміділігімен қатар, парасатты, мінезі ашық-жарқын, қарапайым жан екен. Әңгімесін тыңдай отырып, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тамаша нақылды тұп-тура осы кісілерге арнап айтқан-ау… — деген ойға қалдым.
Кейіпкеріміз өзінің «Қазақстан Алюминийі» АҚ зауыты секілді әлемге танымал алпауыт кәсіпорында еңбек етіп жүргенін мақтаныш етеді. Ол зауыттың болашағы бүгінгісінен артық болмаса, кем түсуі мүмкін емес» — деген пікірде. Өйткені, осы күнге дейінгі игерген ең озық технологиялар мен ғылыми жетістіктерді жас мамандардың одан әрі ілгерілете түсетініне кәміл сенеді. Тәлімгердің сөзімен айтқанда: «Ынталы, қажырлы еңбек әлі де болса өз құндылығын жоғалтқан жоқ». Қазіргі кезде жастарды сонау 1994-1998 жылдармен салыстыруға болмайды». Байырғы сом жүректі, болат білекті металлургтердің орнын бүгінде үш айлық әскери жаттығудан өткен политехникалық, түсті металлургия колледждері мен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің металлургия және машина құрастыру бөлімдерін бітірген өте зерек, талпынысы зор жас мамандар алмастыруда. Соңғы үш жылдың ішінде Базарғали ағай басқаратын ауысымдағы 30-35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 42%-ға жеткен. Өткен жылы өндіріске орта және жоғары білімді 78 маман қабылданса, биыл 54 маман тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Жүгі ауыр жауапкершілікті таңдағандардың ең төзімді, ең шыдамдылары ғана жұмыс орнында тұрақтап қалады. Өндірісте жасақталған жастар ұжымы қарқынды жетістіктерге қарыштап қадам басуда. Тәлімгер топ ішінен дараланып келе жатқан жас шәкірті – Есболат Дамирден көп үміт күтетінін айтты.
— Бұрын Кеңестік дәуірде өндірістік тәжірибе алып жүрген жастарға кәсіпорындар тарапынан аз да болса жәрдемақы төленетін. Бүгінде еңбек етуге құлшынып тұрған білімді жастарымызды пайдалы іске ынталандыратын еді, сол мүмкіндіктен айрылып қалдық. Егер, мүмкін болып жатса, сол мәселенің түйінін шешуге тырысар едім, — дейді ол жігерленіп.
Базарғали Алиев облыс өңірінде салауатты өмір салтын насихаттаушылардың қатарынан. Оның спортқа деген қызығушылығы алғаш мектеп қабырғасынан басталыпты. Дзюдомен шұғылданып, бірталай ірілі-ұсақты жарыстардың жеңімпазы атанған. Кейін туризммен айналысып жүріп, Кеңес үкіметінің бірқатар танымал қалаларын да аралайды. Қиыр шығыстағы Сахалин, Амур облыстары және Кросноярск, Батыс Карпат, Прибалтика, Ленинград облыстарында да болып, Кавказдағы Эверест шыңына шығу бақытына ие болған. Қазірдің өзінде бос уақытын таза ауада серуендеп, альпинистік және тасқа өрмелеу жаттығуларына арнағанды ұнатады. Спорт саласындағы жетістіктері де аз емес. 2001, 2002 жылдары Жасыбайда өткен республикалық «Ертіс меридианы» туристер слетінің чемпионы, ІІІ орынды жүлдегері атанады. Спорттық бағдарламалар аясында «І санаттағы төреші» деген дәрежесі тағы бар. 2001 жылы досы Сергей Владимирович Кремермен бірге «Вертикаль» балалар мен жасөспірімдердің туристік клубын ашқан. Кейіннен оларға жаттықтырушы Оксана Дьяченко қосылып, «Вертикаль» турклубының ісі өрге басады. Аталмыш команда – бүгінде облыстық, республикалық сайыстарда жүлдегер атанып жүрген жас спортшылардың ең мықты, ең беделді командаларының бірі.
— Клубта 50-60 шақты жасөспірім тәрбиеленуде. Команда 2003 жылы тұңғыш рет қысқы спорт жарыстарына қатысып, 5-ші орынмен қанжығаларын майлап қайтты. Содан бері олар бірде-бір қала, облыс, республика деңгейіндегі спорттық шаралардан шет қалып көрген емес. Неше дүркін жүзден жүйрік атанып, жеңіс тұғырына да көтерілді. Қазіргі кезде топ мүшелері Лесозавод мөлтек ауданында орналасқан «Балалар мен жасөспірімдердің спорт және туризм орталығында» спорттық шеберліктерін шыңдау үстінде, — дейді спортсүйер ағамыз.
Тәлімгер ұстаз жас балаларды жаңа табыстарға жетелей жүріп, әрдайым өзінің ақылшы ұстаздары – Юрий Николаевич пен Николай Николаевичті ризашылықпен еске алатынын айтты.
— Ал, әріптесім Анна Егоровна болса: «Ешқашан ренжіме, біреу ренжітер болса, қолыңды жоғары көтер де түсір, бәрі өз орнына келеді» дейтін еді. Мен үшін жақсы адамдармен жүздесіп, оларды жақынырақ танудың өзі баға жетпес бақыт тәрізді. Қызмет барысында талай атақты адамдармен кездесіп, дәмдес болдым. Алайда, мен үшін танымал шебер Асығат Әлкенов, «Ақсу ферроқорытпа зауыты» АҚ-ның кәсіподақ төрағасы Николай Сухотерин, спорттағы әріптесім Сергей Кремер және кезінде өзімнің тренерім болған, 1980 жылы Эверест шыңын бағындырған 25 альпинистің бірі Әлібек Валиевтер – ең атақты тұлғалар болып қала бермек. Әсіресе, Николай Сухотериннің мәдениеттілігі мен адамгершілігіне тәнтімін.
Әр жұмыстың өз ерекшелігі, өз ауыртпашылығы бар дегендей, металлург атану – екінің бірінің қолынан келе бермейтін кірпияз, мінезді қызмет. Жазатайым қателессең болды, өмір бойы өкініште қалуың ғажап емес! Сондықтан, қауіпсіздік шараларын бұлжытпай орындау мұндағы әр жұмыскер үшін аса маңызды шаруа.
— Әлі есімде, 1990 жыл болатын. Осында жұмыс істеп жүргеніме екі жылдай ғана, әлі ысылып болмаған кезім. Станоктағы жылжымалы тиектің ұстамай қалатынын кім білген? Оның ішінде клинкетка деген болады, сол сынып қалған екен. Әлгі тиек не жабылмайды, не қозғалмайды. Содан асығып-үсігіп жүріп, флягті ашып қалғанымда қалай болғанын білмей де қалдым, ондағы ыстық су үстіме ақтарыла кетті. Екі аяғым бірдей күйіп, екі айдай емделуге тура келді. Кейде техникалық процесстің өзінде қауіпсіздік ережелерін бұзудан немесе адамның қатысуынан тыс оқыс өзгерістер болып тұрады. «Мылтықтың өзі бір жылда бір атылады» дейді ғой, сол сияқты, — дейді өндіріске келген алғашқы жылдарын еске алып. Иә, о кездері кейіпкеріміз білгенінен білмегені көп, қатардағы көп жастың бірі болатын. Бірақ, ауыр еңбектің қызығы мен шыжығын қатар бөлісіп, оның нағыз кәсіби маман болып қалыптасуына өлшеусіз еңбегі сіңген әріптестеріне айтар алғысы шексіз.
— Цехтің ішінде биіктігі 34 метр, сыйымдылығы 1800 кубтық аппараттар тұрады. Ал
бір батарейдің бойында 14 аппаратқа тарайтын ауа бар. Ол тоқтаусыз айналып тұруы керек. Бір күні сол циркуляцияға ауа бармай қалды. Жылжытпа тиек жарылып кетіп, жұмыс тоқтап қалды. Мен не істерімді білмей, қатты әбігерге түстім. Содан тездетіп жігіттерді жинап ақылдасып, 20 минуттың ішінде құрылғы жұмысын қалпына келтірдік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ұжым боп бір тәулік бойы ерлікке пара-пар іс атқардық. Үсті-басымыз құбырлардан бораған лас шаң-тозаң мен қап-қара күйеден көрінбейді. 6 атмосфералық қатты қысыммен келген ауаны жылжымалы тиектерді жауып, басқа жаққа ауыстырдық. Алайда, қиындықпен бетпе-бет келген тұста мені жалғыз тастамай, істі соңына дейін бірге жеткізген со кездегі аға буын өкілдерінің ұйымшылдығы мен жауапкершілігіне қайран қалдым.
Еселі еңбек ескерусіз қалмайды. 2014 жылы зауыттың 50 жылдық мерейтой салтанатында білікті тәлімгер, өндірістік оқыту шебері Базарғали Алиев отпен «ысылып», қайратпен «қақталған» көпжылдық еңбегі үшін Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың «Алғыс хаты» және «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамотасымен марапатталды. «Өмірімдегі ең үлкен қуаныш сыйлаған басты жетістігім – міне, осылар деп ойлаймын!», — дейді нұсқаушы.
Базарғали аға өзіне отбасының әрдайым қолдау танытып отырғанын алға тартты. Зайыбы екеуінің ендігі арманы – сонау Мәскеу жерінде шаңырақ көтеріп, еңбек етіп жүрген екі ұлы мен немерелерінің қызығын көру.
Айгүл МОЛДАШ
«Білім Айнасы» газеті