Home » Білім және тұлға » ЕҢБЕКПЕН ЕРЛЕГЕН ҰСТАЗ

ЕҢБЕКПЕН ЕРЛЕГЕН ҰСТАЗ

Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстазға ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген екен.
Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір шәкіртке деген қамқорлықтың, ағалық сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан-дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емей, немене?! Сондай қасиеті мол кәсіптің иесі — ардақты ұстаз Әлімхан Кадырбаев.
Әлімхан Өтешұлы Қадырбаев 1965 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданы Шыңбұлақ ауылында дүниеге келген. 1972-1982 жылдары Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте білім алды. 1982 жылы Жамбыл гидромелиративтік (ДГМСИ) институтына түсіп, оны 1987 жылы тәмәмдаған. Сол жылы Дүйсембаева Гүлжан Пәрімбекқызымен отау құрып, Атырау қаласында жұмысын жалғастырады. 1989 жылы Қаратау қаласына қайтып оралып, НДФЗ зауытында бөлім бастығы қызметін абыроймен атқарады. 1993 жылы Жамбыл облысы Б.Момышұлы ауылына көшіп келіп, Д.А. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясына технология пәні мұғалімі болып орналасады. 2004-2008 жылдар аралығында ТарПИ-де кәсіби оқыту мамандығы бойынша қосымша білім алады.

Әр адамның өмір жолы әрқалай қалыптасатыны секілді олардың болмыстағы мән, ғұмырдағы бақыт туралы түсініктері де әрқалай болып келеді. Әлімхан Өтешұлы батылдық танытып, буыны жаңа беки бастаған тұстан оқытушылық қызметке тартылып, тәжірибені теориямен байланыстырып, шәкірттер жүрегінен жол таба білді. Оның ширек ғасырға жуық ұстаздық қызметте елеулі шәкірттер қатарын баптап, бақытқа кенелуін – тынымсыз еңбектің мәуелі жемісі деп білемін. Себебі Әлімхан ағамыз саналы ғұмырын, білімін, жігер-қайратын тәуелсіз еліміздің тал бесігінде тербеліп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың саналы да білімді азамат болып қалыптасуына арнап келеді.

Ол мұғалімдердің дәстүрлі тамыз Кеңесінде белгіленген тақырыптар бойынша көрме жұмысын нақышымен ашқаны үшін және мазмұнды болғаны үшін бөлім басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ мектеп-гимназияда өткен «Жыл мұғалімі-2006» байқауында І орынды иемденген. Ал 2007 жылы жас ұрпақ тәрбиесінде қол жеткен табыстары мен шығармашылық жетістіктері үшін мақтау қағазымен марапатталған.
Әлімхан Өтешұлы жас ұрпаққа білімі мен тәрбие беру ісіне белсене атсалысқаны үшін, сондай-ақ мектептің жабдықтау, безендіру, жөндеу жұмыстарына сүбелі үлес қосқаны үшін бірнеше Алғыс хат, марапаттарға ие болып келеді.
Мектепте машинист-тракторист мамандығы бойынша 1000-нан астам шәкірт тәрбиелеп шығарған Ә.Кадырбаев шәкірттеріне қамқорлық жасаудан жалықпайтын ұстаз. Ол әрбір шәкіртінің өзіндей парасатты, ізденімпаз, еңбеққор болғанын қалайды. Бір қарағанда қаталдау көрінгенімен, шындығында мінезі жұмсақ, сырбаз, бауырмал Ә.Өтешұлының ұшқын шашқан отты жанары жылылыққа толы. Сол себепті барша шәкірттері Әлімхан ағамен жиі-жиі дидарласып, тәжірибесімен бөлісуге құштар.

Ә.Ө. Кадырбаевтың өмірлік жары – Гүлжан Пәрімбекқызы 30 жылдан астам уақыттан бері аудандық ауруханада мейірбике болып қызмет жасап келеді. Шәкіртіне ұлағатты ұстаз, жарына сүйеніш, отбасында ардақты әке бола білген Әлімхан Өтешұлы бүгінде жары Гүлжанмен 5 перзент пен қылығы тәтті немерелер тәрбиелеп отыр.
Үлкен қызы Мақпал ЖОО ойдағыдай бітіріп, Жанат есімді жігітпен шаңырақ көтеріп, екі ұл өсіріп отыр. Қазіргі таңда АҚШ-тың Бостон қаласында білімдерін жетілдіруде.
Ұлы Манас қызылордалық Анара атты аруға үйленіп, Ақниет деген тәтті қыздың әкесі атанды. Бүгінде өз саласының үздігі атанып, капитан шенін иеленген Манас отбасымен Астана қаласында тұрып жатыр.
Қызы Аяжан Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың 5 курс студенті. Ал Аружан, Мәриям атты қыздары мектебінің үздік оқушылары, ата-анасының қолқанаттары.
Әр шәкіртінің келешегінен кемелдікті күтетін Әлімхан аға, жасаған дүниелеріңіз шәкірттеріңіздің кәдесіне жарап, ғұмырлық азық болсын! «Таулар шөгеді, өзендер суалады. Таланттан туған дүние ғана мәңгілік құдірет болмақ. Өнердің ішінде де кем талант, кетік талант, жетік таланттар болады» депті бір ғұлама. Сіз сол кетік таланттан жетік талант жасай білдіңіз. Лайым шәкірт шаттығына бөленіп, ұстаз ұлағатын сезіне беріңіз!
Шәкірттерін сапалы біліммен қаруландырып, кемелді келешегіне дұрыс бағдар беруде өлшеусіз еңбек сіңірген Әлімхан Өтешұлының отбасына бақ пен құт, әулетіне амандық, деніне саулық және ұстаздық еңбегіне берекелі жеміс тілейміз!

Гүлжазира ЕРТАСОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Білім айнасы»,
Астана

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.