Home » Мақалалар » Ет-жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін

Ет-жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін

Өлең сөзінің байыбына терең мән беріп, сөз өнерінің құдіретін, әдемілігін, нақышын келтіріп, сөз кеңістігін байытқан ақынның көркемдік әлемі мен талғамы биік болары сөзсіз. Ұлы ғұлама, дана аталарымыз өлең өнерінің мазмұн-мәніне жоғары талаптар қоя білген. Сөздің өлең сөзіндегі орнын жақсы түсінген. Сөз – құдіретті. Сөз – бір әлем. Сөз – адам өмірін айшықтайтын, адам танымын танытатын, кеңітетін құрал. Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөз бар. Яғни берекеттің бір ұшы, берекенің қадір-қасиеті де осы «Сөз» деген ұлылықтан шығып отыр.

         Неше ғасырлық тарихқа, шежіреге бай халқымызда қара қылды қақ жаратын әділдігімен бір руды, одан қалса, бір ауылды басқарып отыратын ақсақал қариялар, одан билер мектебі қалыптасқан кезде «Сөз» құдіреті өз мәнін жоймаған. Ақты ақ деп, қараны қара деп, әділдікпен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін кесіп айтқанда, жүгірген баласынан еңкейген қартына дейін тағы да «Сөз» құдіретіне бас иген. Халқымызда «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды» деген даналы сөз осыдан қалса керек.

         Сөздің адам баласының жан дүниесіне әсер ететін дара қасиеті де баршылық. Сондықтан сөзді басқа атаумен энергия, құбылыс, толқын, күш-қуат, нұр, яғни әсер ретінде танығанымыз дұрыс. Бұл сөзімізге өзіміздің ойшыл, кемеңгер аталарымыздың сөздері мысал бола алады. Даналықтың иісін сезіп, дәмін татқан ұлы Абай, Шәкәрім  аталарымыздың жүрекке ерекше әсер беріп, бойды шымырлата, ойды қозғалта айтқан өнегелі өсиеттері мен қазыналы сырға толы сөздері адам баласының жанын жадыратары сөзсіз.

         Ұлы Абай атамыз сөздің орны мен мәнін, талабын былай өрнектеген:

Ақылмен ойлап білген сөз,

Бойына жұқпас, сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырды қуалар.

Ақынның сөзге қойған талабы – жүрекпен сезіну, жүрекпен қабылдау. Сөздің мәнісін тек ойлап қою емес, ақылмен ойлап шешкеннің өзі аздық етеді. Сөзді жүрекке сездіртсе, яғни жүрек сүзгісінен өткісе ғана айтпақ ой дәл болып, мақсатқа жетеді. Ал жүрек таразысынан өткен сөз жұдырықтай жүректі іске қоспай, әсер етпей қоймайтыны сөзсіз. Себебі жүрек – бүкіл дененің басқарып тұрған патшасы.

Бұл турасына даналықтың дариясын кешкен Шәкәрім атамыз:

Осы сөзді дұрыс деп,

Жүрек соқты, құптады.

Түзу істі бұрыс деп,

Ол жасырып тықпады,- дейді.

Яғни тізгіні тағы сол жүрекке беріп тұр. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айырып, бүкіл сұрақтарына тек жүрек дұрыс жауап бере алады.

Енді осы жүректі іске қосып, оған ойлануға, ақылмен шешіп, әрекет етуге көмектесетін бірден-бір жәрдемші, ықпал етуші – шын жүректен шыққан сөз. Жүректен шыққан сөз жүрекке барып жетеді демекші, бұл ойды Шәкәрім атамыз:

Сыртқы сөзің шын болса,

Іштің толған жын болса,

Жүрегінде мін болса! — десе,

 

Абай атамыз:

Ет-жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,

Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін,

Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма?

Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін.

Бұл сырлы шумақта айтар сөзің жүректен шықпаса, құр тілмен сөз айтуға хақын жоқ дейді. Себебі келер зиянның тең жартысы жүректен шықпаған құр ауызбен, құр тілмен айтылған беталды сөз. Бүкіл жамандық атаулы осы тілден табылады. Егер біз тілімізге абай болмасақ, адамдар арасындағы барлық дұшпандық пен жауыздық әр уақыт тілдің кесірінен басталады. Сондықтан да дана халқымыз «Тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады» немесе «Басқа пәле – тілден» дейді.

Бір хикаяда патша бір дана адамды сынау үшін екі түрлі тағам пісіріп беруін, бірі өте дәмді, ләззатты, екіншісі өте дәмсіз, мазасыз болуын өтінеді. Ол адам екі тағамды да тілден пісіріп, патшаның алдына алып келеді. Патша: «Бір нәрседен пісірілген екі тағамның бірін «жақсы» және бірін «жаман» деп ұйғаруының себебі неде?» — деп сұрайды. Сонда әлгі дана: «Ей, патшам, адам ұрпағын жақсылыққа, жоғары дәрежеге жеткізетін де – осы тіл, керісінше, жамандыққа ұрындырып, басына пәле болып, құртатын да – осы тіл. «Қызыл тіл – көгерген басты жоқ қылады» деген нақыл сөз осыдан шақса керек-ті», — деп жауап береді. Осы турасында әулиелердің сыр сөздерінде де: «Өз тілің өзіне қорған және өз тілің өзіңе бәле» деп келеді. Тіл – адам баласының аса маңызды қарым-қатынас құралы. Адамның иманды не имансыз екеніне куәгер болатын және жүректегі құпия сырларды түгел көрсетіп тұратын айна. Шәкәрім атамыз:

Сөнген ойды жандыруға,

Жан берерлік сөз керек, — дейді.

Шынында да, қарапайым өмірде біреуге үлкен махаббатпен, жылумен сөз айтсаң немесе өзіңе, мейлі, ол әке-шеше, туыс-бауыр болсын, досың болсын, тіпті танымайтын бейтаныс жан болсын маңдайыңнан сипап, жылы сөз айтса, жаның жадырап, ерекше бір сезімге бөленесің. Рухың асқақтап, айналадағы адамдарға, өзіңді қоршаған жаратылысқа махаббат көзімен қарап, бүкіл әлемді құшағына қысып, сол жүрегіңдегі қуанышпен бөліскің келеді. Осындай күйді кешкізетін тағы да – сөз құдіреті.

Сөз мәнісін білесің,

                                             Ақыл-мизан өлшеу қыл, — дейді Шәкәрім атамыз.

Әр сөзінің түбіне шын көңілмен, жақсы мен жаманды ажыратушы ақыл таразысына салып, өлшеп кессең, өзіңе сырлы әлемнің есігін айқара ашасың.

Сөздің даралық, әсерлік қасиеттерін айшықтай келе осындай үлкен жаңалықтарға тап болуға болады. Келтірілген мысалдардан, аталарымыздың сыр сөздерінен сөздің рухани қару екендігіне көз жеткіземіз. Сондықтан бір-бірімізге, айналадағы қоршаған заттарға махаббат көзімен қарап, жылы сөз арнауға міндеттіміз. Сонда ғана өміріміз мәнге, мағынаға толы болмақ.

Караров Асылбек Махсутбекович
№69 мектеп-гимназия
тарих пәнінің мұғалімі
Астана қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.