Home » Балабақша » «Есіл Сұлтаны» сайысы

«Есіл Сұлтаны» сайысы

Біз асыға күткен,сағына күткен іңкәр көктемнің жарқыраған күні…
Айнала жайма шуақты күйге енген мерекелі де берекелі күніміз Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №78 «Асыл» балабақшасында басталды.Қырдағы көз тартатын қызғалдақтар ғана жетіспеген қазақтың ақбоз киіз үйінің маңына жиналған жұрттың қарасы көп. Қаланың шуынан, кең сахараның төсіне еніп кеткендейміз…
Айналаға зер салып қарасаңыз, жүздері жайдары, көңілдері шат-шадыман жандар, алтыбақанда еркін тербелген балалар мен құрақ көрпесін жайып тастап жүн түтіп, киіз басқан әжелердің қасында тұлымшағы желбіреген қыздар.  Қамшы тоқып сынға түскен атқа мінер ұлдарымыз да жүгіріп жүр.
Қандай бақыт…
Думанды тойдың басты қонақтары  «Есіл сұлтаны» байқауында топ жарамыз  деп келген Есіл ауданындағы балабақшалардың ұландары.
Осыдан төрт жыл бұрын іргесі қаланған жаңа білім ордасын  басқаратын Ақбөпе Тұрсынқожақызы алғашқы болып далада думандата сайыс өткізген меңгерушілердің бірі.
Ата-аналармен ынтымақтастық орната отырып, болашақ елдің атқа мінер ер азаматын ата-баба мұрагері,  ұлтжанды, батыл, өнерлі етіп тәрбиелеуді мақсат еткен байқау өз дәрежесінде өтті.
Таза қазақ тілінде 12 топқа бөлінген 400-ден астам бүлдіршінге тәлім-тәрбие беріп келе жатқан 25 педагогтың жылы ұясы.Ғимарат іші талаптарға сай жабдықталып, ойын алаңдарына ағаш күркелер, құм алаңдары мен түрлі спорттық қондырғылар, тамаша гүлзарлар да орнатылған.  Осының арқасында қаланың зәулім тұрғын үйлерінің ортасында орналасқан балғындар мекенінің кішкентай келушілерін өзіне тартар жылуы бар.
 №15 «Дарын», №63 «Әсем-ай»,№64 «Асыл бөбек», №70 «Құлыншақ», №77 «Қошақан», №78 «Асыл» ,№82 «Айару» балабақшаларының үміт артқан мақтаныштары жиналды. Олар — Тұржанов Абылайхан, Сақтаған Мансұр, Бақыт Мәди, Алишер Дәуіржан, Абдуғали Асқар, Мұрат Иманғали, Қуанышев Айдын.
Сайыс басталмас бұрын аула ішіне «Әжемнің үйі ақ жайлау» студиясының жетекшісі Бакирбасова Гүлжан Жұмағалиқызының жетекшілігімен қыз балаларға шашақ жасау, ою-өрнек жапсыру, Досаева Гүлшат Сайлауқызының жетекшілігімен «Он саусаққа-он өнер» бөлімінде қамшы өруді көрсетті. «Ақылды бал бала» сенсорлық алаңында Наурызова Фарида Жұматайқызы балаларды өз қызықтарымен баурап алды.
Мойындарына ырымдап тұмар таққан ұландарымыз әуелі ақ жаулықты анадан бата алып сайысқа түсті.
Таныстыру, қолкүрес, асық ату, өз өнерін көрсету, сұрақтарға жауап беру сынды 5 бөлімнен тұрған сайысқа барлық қатысушылар дайындалып келген. Тек сайыскер үшін ғана емес ата-ана, тәрбиешілердің де тәлім тәрбиесі көрінетін бәсекеде шыққаннан бастап шашасына шаң жұқтырмаған шын жүйріктер болды.
Сайыскерлердің көпшілігі бүгінде қолға алған  ұлттық ойынымыз асықты қалай дәлдеуді білмейді. Оған себеп енді ғана өркен жайып келе жатқан ұлттық ойындарымыздың әлі де болса аталмыш балабақшаларда әліде ойын түріне енбегенінің дәлелі.Екінші бір олқылық баланы еркіндікке,көп ортасында өзін ұстауға,қысылмай сөйлеуге үйрету жағы көрінбеді. Оған себеп өнерлі балалардың сахнаны сирек көруінде болса керек. Үшінші қазақтың жаны қазақ тілінде білім алып жүрсе де балалардың тілге шорқақтығы, тіл тазалығына мән берілмеу тікелей ата-ананың қателігі деу дұрыс болар.
Сайыс болған соң шын жүйріктің суырылып алға шығары сөзсіз. Әділқазылар құрамында өзінің әділ шешімін білдірген білім беруді жаңғырту орталығы директорының орынбасары Сәуле Сайлауқызы,№86 «Зияткер» балабақшасының меңгерушісі Алмагүл Жеткергенқызының төрелігімен бас жүлдені №15 «Дарын» балабақшасының тәрбиеленушісі Тұржанов Абылайхан иеленді.
Жүлделі I орынды №78 «Асыл» балабақшасынан Мұрат Иманғали,№64 «Асыл бөбек» арнайы балабақшасынан Бақыт Мәди бөлісті. II орынға №70 «Құлыншақ»,№63 «Әсем-ай» балабақшаларынан Алишер Дәуіржан, Сақтаған Мансұр ие болды. III орынды №82 «Ай ару»,№77 «Құлыншақ» балабақшаларынан келген ұландарымыз Қуанышев Айдын, Абдуғали Асқар иеленді.
Барлық қатысушылар сыйлықтар мен мақтау қағаздарына ие болды.
Көптің аузында қалар,ата-аналардың назарын бұрған осындай сайысты ұйымдастыра білген балабақша меңгерушісі Ақбөпе Тұрсынқожақызымен қазақтың ұлттық салт-дәстүріне қанық,«Білім беру ісінің үздігі»,балабақшаның жүрегі ,инновация әдіскері Битекбаева Мариям Сүлейменқызымен жас болсада өз ісіне жауапты әдіскер Жылқыбай Гүлдана Әскербекқызы шын мәнінде тәрбиешілердің тәлімгері екендіктерін көрсетті.
Шараның өз дәрежесінде өтуіне ұйытқы болған ҚР еңбек сіңірген қайраткері музыка пәнінің жетекшісі Рамазанова Ғалия Ахметбекқызының қос жүргізуші Шынасылова Марал Бегімбайқызы, Сәмен Жолда,денешынықтыру нұсқаушылары спорттық сайыста төрелік еткен қос азамат Ғалымжан Жеңсікбай Бақытжанұлы, Тазабек Самат,сайыскерлердің жол нұсқаушысы болған ағылшын тілі пәні мұғалімі Абдыраманова Манап Еркінқызы сайыстың шын жанашырлары.
Береке-бірліктің арқасында, көптің көңілінен шыға білген байқаудың балалар мен ата-ана,балабақша педагогтары үшін де тәрбиелік мәні зор.
Өзгелерге өз істерін дәлелдеуге ұмтылмайтын, жарнама жасауға жаны қас балабақша меңгерушісінің өз ісіне деген жауапкершілігі ойға алған,алға қойған мақсатына жету жолындағы ізденісіне қуандық.Ұлттық құндылықтарымызды ардақтай отырып,еліміздің адамгершілігі мол,елжанды ұрпақ тәрбиелеп шығарсам деген арманы жүзеге асып келе жатқанына куә болдық.
Алдағы күндері де осы биіктеріңізден түспей, абыройларыңыз арта берсін.

 

Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы, «Білім айнасы» .

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.