Home » Балабақша » Ерте, ерте, ертеде…

Ерте, ерте, ертеде…

Білім саласы: Коммуникация
Ұйымдастырылған оқу қызметі: Драма

Мақсаты: Балаларды ертегінің мазмұнын дұрыс түсініп, сұраққа толық жауап беруге үйрету. Ертегі кейіпкерлерінің іс-әрекетін сезіну және одан әсер алу. Ертегі кейіпкерлерінің ішкі күйі мен іс-әрекетін сахнада ойнай отырып, бейнелей білуге дағдыландыру, сахнаға деген қызығушылық әрекеттерін және әртістік қабілеттерін дамыту. Өздерінің тиесілі рольдеріне еніп, оны іскерлікпен, үлкен шығармашылықпен орындауға тәрбиелеу. Ертегі кейіпкерлерінің мінез құлықтарын дауыс ырғағымен дәл айта, көрсете білуге баулу.
Көрнекілігі: Жасанды бұталар, гүлдердің, аралардың, құмырсқалардың, кірпінің, алмақұрттардың, тоқылдақтың киімдері, алма ағашының суреті.

Балалар  шаттық  шеңберге тұрып,  амандасады.

Кел балалар күлейік,

Күлкіменен түлейік.

Қабақ шыту не керек?

Көңілді боп жүрейік – деп бір біріне тілек айту.

Тәрбиеші: Балалар бүгін біз ертегілер туралы әңгімелейміз.

Ертегі-халқымыздың ертеден бері келе жатқан мәдени мұраларының бірі, ауыз әдебиеті. Ертегіні мазмұнына қарай, әр алуан ерекшеліктеріне қарай бірнеше түрге бөлуге болады.
— жануарлар жайында (суреттерін слайд арқылы көрсетіледі)
— қиял-ғажайып ертегілер
— шыншыл ертегілер т.б.

Ал, балалар, қараңыз
Таңғажайып бар аңыз.
Ертегілер еліне,
Қыдырып бірге барамыз.
Ну орманға енеміз,
Әсем гүлдер тереміз.
Көңілді боп әрқашан,
Тату болып келеміз.
Ал енді жолдарды қысқарту үшін сіздермен ойын ойнайық.

Ойын: «Ғажайып текше» деп аталады.

Шарты: Мен текшені қазір лақтырамын. Қай аңның бейнесі шықса сол аңның жүрісін салып жүреміз және ол аң қандай ертегіде кездесетінін айтуымыз керек.

Сергіту сәті:
Орманға барсақ түлкі бар,
Сайға барсақ қоян бар.
Байқаңдар қар астында,
Ұйықтап жатқан аю бар.

Балалар қимылмен көрсетеді.

Ал енді балалар кәзір мен сендерге жұмбақтар жасырамын, сендер мұқият тындап, жауабын табуға тырысындар.

Жұмбақтар:

  1. Ұшады, қонады,

Гүлдердің қонағы.

Қысыңда көрінбей,

Жазыңда болады.

Түр-түсі сары ала,

Не нәрсе?            (ара)

  1. Мұрны бейне түйме,
    Үсті толған ине. (кірпі)
  2. Қатар-қатар қара нар,

Аспанменен бара бар,

Алды биік, арты жар.     (Құмырсқа)

  1. Өзі сондай нәзік,
    Су құйсаң кетеді.
    Алақанын жайып.       (Гүл).

Қызықтыру сәт:

Жұмбақтың шешуін тапқан кезде — Әуен естіледі (сол кезде балалар бір жерге жиналып, ертегі кейіпкерлеріне айналып кетеді). Балалар, оқу қызметімізге  ертегі кейіпкерлері қонаққа келіп отыр екен.

Ертегіден халқымыздың тұрмыс-салтын, әдеп-ғұрпын білеміз.
Онда шындық оқиға мен қиял-ғажайып оқиға аралас келіп отырады.
Балалар сендерді «Ормандағы ғажайып оқиға»  ертегісінің қойылымын тамашалауға шақырамын.
Ертегіні тамашалау.
Жүргізуші:

Ерте, ерте, ертеде,

Ғажап орман бар екен.

Сәуле шашқан көркіне,

Көз тоймайтын жер екен!

Би: «Гүлдер»

Орман іші жазықта

Тіршілігін жасайды

Жануарлар мен жәндіктер

Қысқа азық жинайды.

Би: «Орман тұрғындары» (аралар, құмырсқалар, кірпілер)

Ән: «Көңілді еңбекқорлар»

  1. Аралар:

Таң ата сап, күн бата,

Еңбек еттік аптыға.

Гүлден шырын аламыз,

Балға толы ұямыз.

Ля-ля-ля-ля, балға толы ұямыз.

  1. Құмырсқалар:

Сап құрамыз жиналып,

Қызу жұмыс біз үшін.

Шыбық, қурай жинап ап,

Толтырамыз үй ішін.

Ля-ля-ля-ля, толтырамыз үй ішін.

  1. Кірпілер:

Теріп жеміс, саңырауқұлақ,

Кептіреміз, қақтаймыз.

Қыстың қамын ерте ойлап,

Інге азық сақтаймыз.

Ля-ля-ля-ля, інге азық сақтаймыз.

Жүргізуші:

Әнін айтып, би биледі,

Еңбекқорлар көңілді.

Қысқа толы азығы,

Кеуде толы көңілі.

(Билеп жүріп, ағаш басында ілініп тұрған жалғыз алманы байқайды.)

Кірпі: Ооо, алма ғой, керемет!

Кептіріп алсақ болар ед.

Құмырсқа: Жо-жоқ, кірпі қоя тұр,

Алма бізге бұйырып тұр.

Ара: Шіркін, оның қызылын,

Татып көрсек шырынын.

Кірпі: Достар, бекер дауды қояйық.

Құмырсқа: Біз алманы бәріміз бірге таптық.

Ара: Олай болса, тең бөлісіп алайық!

Бәрі бірге: Келістік.

Достар жабыла бірігіп,

Алма ағашын қоршады.

Ары бері кеп сілкіп,

Түсірмей оны қоймады.

Кенет қызыл  алмаға

Жан біткендей болады.

Ішінен жыбырлаған алма құрттары шығып, билей жөнеледі.

Би: «Алмақұрттар»

Түбірдің артынан тоқылдаған дауыс естіледі.

Би: «Тоқылдақ»

Тоқылдақ кішкентай алмақұртын алып кетеді.

Ән:  (Тоқылдақтың орындауында)

Көңілдімін мен бүгін.

Қандай сәтті осы күн!

Іздегенім алдымнан

Шыға кетті өздігін.

Дастарханды жаяйын,

Асқа әзір тағамым,

Көзім тоймас қарасам

Тез дәміңді татайын.

Алмақұрттары кішкентай бауырларын тоқылдақтан құтқару үшін көмекке достарын шақырады.

Алмақұрттары:

-Достар, достар, көмектесіңдер!

-Кішкентай досымызды  қалай құтқарамыз?

Тоқылдақ: Бұл не шу? Не деген дауыстар? Маған түкте ұнамайды?

Мені тек ғажап сиқыр ғана таңқалдырады. Ал сендер оны жасай алмайсыңдар! Ха-ха-ха!

Алмақұрттары ақылдасып, бір ойға келеді.

Әдемі сиқырлы әуенмен құрттар көбелекке айналады.

Би: «Көбелек»

Көбелектердің көркіне таң қалған  Тоқылдақ:

Қандай ғажап, керемет!

Таңқалдырды көбелек.

Дос болайық бәріміз,

Ән айтайық дөңгелеп! – деп, әнге қосыла кетеді.
Ән: «Дос болайық бәріміз».

Аяқталды ертегі,
Ертегі сырды шертеді,
Еңбекті сүй балақай
Дос қадірін біл деді.
Күтілетін нәтиже:
Білуі: Ертегінің мазмұнын дұрыс түсініп, сұраққа жауап бере білу керек.
Меңгеруі: Ертегі кейіпкерлерінің ішкі-күйімен іс-әрекетін түсіну керек.
Жасай алуы: балалар өздерінің тиесілі рөлдеріне еніп, оны іскерлікпен сахналай алу керек.

Сатимбекова Жұлдыз Ағзанқызы

МКҚК «№169 бөбекжай-балабақшасы»

Екінші санатты тәрбиеші
Алматы қаласы Жетісу ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.