Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде дарынды балалар жетерлік. Алған білімінің арқасында өз қатарластарынан оз шауып, бәйге алып жүргендердің бірі – Ернар Серік. Мектебіміздің 11 сынып оқушысы жуырда «Әл-Фараби» республикалық олимпиадасында жүлделі орынға ілігіп, 2-дәрежелі дипломмен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында өткен білім додасына Ернар қос бірдей кезеңнен өту нәтижесінде қатысып отыр. Алғашқы екі кезеңде онлайн арқылы берілген тест сұрақтары мен шешімі қиын есептерді шығару талабы қойылған. Бұл сындардан сүрінбей өткен Ернар ақтық кезеңде ғылыми жобаны қорғап, есеп шығарып, эссе жазған.
— Республикалық олимпиадаға қатысудан тәжірибем бар. Сондықтан қобалжығаным жоқ. Берілген тапсырмаларды мейлінше орындауға тырыстым. Мен бағымды сынаған «Информатика» пәні бойынша 70 бала ақтық сынға өткен екен. Солардың арасынан жүлделі 2-ші орынға ие болдым. Бір қызығы, 1-орын ешкімге берілмеді. Шамасы оған лайықты қатысушы табылмаса керек, — дейді шәкіртіміз.
Сонымен Ернар мектеп абыройын арттырумен бірге аталған оқу орнының грантында ұтып алды. Алайда студенттік өмірін ұлттық университетпен байланыстырғысы келер-келмесін әлі нақты шешпепті. Оны: «Жаныма жақын мамандықты таңдауға әлі уақытым жеткілікті. Дегенмен ІТ маманы болмаса физика саласының инженері болғанды қалайтын сияқтымын. Сол үшін жоғары білімді еліміздегі Назарбаев университеті немесе Санкт-Петербурдағы политехникалық университетте алсам деген ойым болған», -деген жауабымен түсіндірді.
Болашағы жарқын оқушымыз сұхбат соңында олимпиадаға даярлап, қолдау білдірген ұстазы Альмира Жұмабековаға алғыс айтуды да ұмытпады.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі