Home » Ашық сабақтар » Ерлік істері – ұрпаққа үлгі

Ерлік істері – ұрпаққа үлгі

Мақсаты: Ұлы Отан соғысы, оның зардаптары, Ұлы Жеңістің мән-маңызы туралы мағлұмат беру. Отан үшін жан қиған аталар мен апалардың, қазіргі таңда арамызда жүрген ардагерлеріміздің  ерліктерін үлгі ете отырып, оларды құрметтеуге тәрбиелеу. Отансүйгіштікке, елжандылыққа, батылдыққа шыншылдыққа баулу.

Көрнекіліктер: бейнеүзік, плакат, батырлардың  суреттері.

Қазақстан Республикасының Гимні орындалады.

Тәрбиеші: «Ешкім де ұмытылған жоқ, еш нәрсе де ұмыт қалған жоқ». Осынау сөздер Жеңіс күнін мерекелеу кезінде жиі айтылады, осынау сөздер соғыста қаза тапқандар ескерткіштеріне де қашалып жазылған. Біздің ауылымызда да Отан соғысына өз ауылымыздан қатысқан ардагерлерге арналған саябақ ашылып, онда ардагерлерге арналған ескерткіш тақта қойылды. Ескерткіш тақтада Талдыбұлақ ауылынан соғысқа аттанған жауынгерлердің аттары жазылған.

 

Тәрбиеші: Әрқайсысымыз үшін жақын да қымбат мереке – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні. Жеңіске жету жолында қазақстандықтардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан соғысы тарихындағы жарқын беттерге айналды. Сондықтан Жеңіс күні әрқайсысымыздың жүрегімізге жақын.

Өкінішке орай, уақыт сол ұлы оқиғаларға қатысушыларды біздің қатарларымыздан алып кетіп  жатыр. Олар азайған үстіне азайып барады. Бірақ ешкім де ештеңені ұмытпауы тиіс! Себебі бұл – біздің  тарихымыз, біздің мақтанышымыз, біздің даңқымыз!

 

Кек қайтарып фашистен,

Соғыс бітті жеңіспен.

Жеңдік  жауды  күресте,

Жасалсын  той  мереке!

 

Хор: «Жауынгер сапқа тұр»

 

Тәрбиеші:

Жеңіс деген – жақсылықтың сыңары,

Жігер менен құштарлықтың құралы.

Күрескердің арманы мен ұраны,

Қуаныш  пен  мерекенің  бұлағы.

Әлихан

Соғыс жалмап аға-іні, бауырды,

Зар жылатты тыныш жатқан ауылды.

Жалғызынан айырыпты ананы,

Әкесінен айырыпты баланы.

Ибраhим

Қайтпаған жауынан,

Қаhарман Бауыржан.

Қанішер фашисті,

Қырды ол мыңдаған.

Фариза

Мәншүк апай – батыр қыз,

Ардақтаймыз атын біз.

Ұқсап Мәншүк апайға,

Өсіп келе жатырмыз.

Алихан

Жеңіс  келді ән болып,

Келді ауылға сән-көрік.

Жеңіс келді алақай,

Ұмытылмас мәңгілік!

Асылбек

Жүйрік озар әйгілі,

Күні бүгін бәйгенің.

Ура, ура балалар!

Тоғызыншы май бүгін!

Дархан

Елге қауіп төнбесін,

Егестен адам өлмесін!

Есен-аман болайық!

Енді соғыс болмасын!

Қайсар

Жеңіс күнін қарсы алайық бәріміз,

Жеңіс күнін тойлайық жас-кәріміз.

Осындай бір бейбіт өмір сыйлаған,

Ардагерлер, ағаларға мың алғыс!

 

 

 

Ән: «Әрқашан күн сөнбесін!»

 

Тәрбиеші:  Жеңістің  туы жалтылдап,

Жығылмай мәңгі тұрады.

Сол тумен өскен аршындап,

Ерлердің бізбіз  ұланы!

 

Бүгінгі Ұлы Жеңіс күніне арналған тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Келіп тамашалағандарыңызға көптен-көп рахмет. Көріскенше сау болыңыздар!

 

 

Лунара Жасылбекқызы Курманова,
ЖББ Талдыбұлақ орта мектеп-балабақша кешенінің
шағын орталық тәрбиешісі,
Сырым ауданы, БҚО

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.