….От кештіңдер, қып-қызыл шоқ кештіңдер!
Аяр жаумен аянбай өштестіңдер.
Көзін жоймай гитлершіл жендеттердің,
Беттен қайту, бел шешу жоқ дестіңдер….
(Е.Нүсіпбеков)
Аса құрметті де ардақты біздің ардагерлеріміз, баршаңызды алда келе жатырған «9 мамыр — Жеңіс күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Жеңіс күні — адамзат аңсап күткен қастерлі күн. Бұл Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қазақтың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүкті, аты аңызға айналған батыр ағамыз Бауыржан Момышұлын, осы соғыста ерлік көрсеткен ата-апаларымыздың, әкелеріміздің есімін қашанда мақтанышпен айтамыз. Олардың ерліктері біздің жадымызда әрдайым сақталмақ. Өйткені олар бізге осындай алтын күннің астында бейбіт өмір кешуді қасық қаны қалғанша күресіп, сыйға тартты. Алайда, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны күннен күнге, жылдан жылға азайып барары сөзсіз. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында ағымдағы оқу жылында бой көтерген «Дарын» мектеп-лицейінің бір топ оқушылары мен ұстаздары, Өркен шағын ауданында тұратын
1926 жылы дүниеге келген, қан майданда шайқасқан Ұлы Отан соғысы ардагері 92 жастағы Бөбекбаев Қуанбай атаның үйіне барып, айтулы мерекемен құттықтады. Қуанбай ата 8 ұл-қызды тәрбиелеп, бүгінде немере, шөбере сүйіп отырған, көптеген медальдармен марапатталған ардагер. Ол оқушыларға майдандағы басынан кешкен оқиғаларын қысқаша айтып берді. Оқушылар мен ұстаздардың ұсынған сый-сияпатына ризашылығын білдірген Қуанбай ата, алақанын жайып ақ батасын берді. Ардагер атамен кездескен оқушылар, көңілдері бір серпіліп қайтты. Бұл мереке — әр кезде де батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен елдіктің нышаны. Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі, ал құрметті ардагерлеріміз — болашақ ұрпақтар үшін жарқын үлгі болып қала береді. Мамырдың мамыражай күндерімен келіп жеткен мерекелеріңіз тағы да құтты болсын, ардақты ардагерлер! Өздеріңізге Тәңірдің шексіз қолдауын тілейміз!
Исатаева Алмагуль Макишовна
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы,
«Дарын» мектеп-лицейінің ұйымдастырушы педагогі