Home » Жаңалықтар » Ержүрек Киікбай батыр

Ержүрек Киікбай батыр

«Туған жер» арнайы жобасының аясында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі облыстағы ең танымал тарихи ескерткіштерді жарықтандыру сериясын жалғастыруда.

Киікбай батыр мазары.

Киікбай Байқараұлы (1693-1741) – ХVІІІ ғ. жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерен ерлік көрсетіп, елімізді жаудан қорғау жолында батыр атанған. Қазақ-жоңғар шайқасында қаза тапқан, ержүрек жауынгер Киікбай батырдың мазары 275 жыл бұрын тұрғызылған. Қазақ халқында әр рудың көші жүретін өз жолы болған. Қазақтар бүкіл өмірін көш үстінде өткізген халық, сондықтан да Киікбай батыр туралы әртүрлі тарихи естеліктер қалыптасқан. Жергілікті халық Киікбай батырдың ата-тегі найман-бағаналы-жырық дейді. Алайда Батыс Моңғолиядан келген қандастарымыз Киікбай батырды керей руына жатқызады. Қазіргі кезде көлемі дөңгелек мазардың алдыңғы бөлігі жартылай сақталған, қарама қарсы қабырғасы бұзылған және құмған тастармен толтырылған. Ескерткіштен жақын жерде Киікбай адыры бар. ХХ ғ. аяғында Киікбай батырға арналған тағы бір мазар қойылған. Қабырғасы дөңгелек жаңа үлгіде тастан қаланған мазар орта ғасырдағы ескерткіштерге ұқсайды. Жоғары жағы жартылай ашық, жалпақ кең көлемде төңкерілген ислам рәмізін растайтын жарты айдың белгісі күмістелген. Ескерткіш тақтада жазылған: «Байқараұлы Киікбай. 1693-1741 жж.» батырдың әкесінің аты мен өмір сүрген жылдары сәйкес. Осы жерде өткен ғасырдың 50-жылдарында ХVІІІ ғасырдағы қазақ жауынгерінің сауыты табылды. Кездейсоқ табылған бұл сауыт қазіргі кезде Атбасар тарихи-өлкетану музейінде сақталуда.

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.