Home » Жаңалықтар » ЕРЕН ЕҢБЕКТІҢ ӨТЕМІ ЖӘНЕ ТЫҢ ЖОБАЛАР

ЕРЕН ЕҢБЕКТІҢ ӨТЕМІ ЖӘНЕ ТЫҢ ЖОБАЛАР

Тамыз кеңесі.

Павлодар қаласы Естай атындағы қалалық мәдениет үйінде Павлодар облысы педагогика қызметкерлерінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында тамыз конференциясы өтті. Оған: қала, аудандардың білім беру бөлімдерінің басшылары, білім беру саласының ардагерлері, облыс басқармаларының басшылары, ЖОО ректорлары, білім беру мекемелерінің директорлары, БАҚ өкілдері қатысты.

  • Біз — білім саласының күрделі өзгерістерге ұшырап, заманауи білікті

ұстаздардың жаңа легінің қалыптасуы және білім беру жүйесін қаржыландырудың тыңнан түрен тартқан қайта құру кезеңдерінің куәгерлері болып отырмыз, — деп бастады сөзін  Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы. Басшы  2017-2018 оқу жылындағы атқарылған жұмыстарға шолу жасап, сапалы білім беруде жаңа табысты стратегиялық бағыттардың тиімділігін атап, алдағы 2018-2019 жаңа оқу жылында іске қосылатын жаңа жобаларды таныстырып өтті. Соңғы жылдары қоғамда біршама дау тудырған білім берудегі көптілді меңгерту, жаңартылған бағдарламалардың бастапқы оң нәтижелері сандық көрсеткіштер арқылы сараланып, одан әрі жалғасын табатыны айтылды. Сәйкесінше, биылғы оқу жылынан бастап, кәсіби біліктілігін жетілдіріп, жаңа санатқа ие болған ұстаздардың табыс мөлшері 50 %-ға дейін артатыны мәлім болды.

  • Павлодар облысының ұстаздары республикалық, халықаралық білім беру және шығармашылық, ғылыми-зерттеу байқауларында жылдар бойы жоғары көрсеткіштерге ие болып, жүлделі жетістіктерімен қуантып келеді. Бүгінгі күні педагогтарымыздың 61,5 пайызы жоғары және І санатқа ие. Аттестациялаудың жаңа форматы ұстаздардың кәсіби біліктілігінің индикаторына айналды. Биыл аттестациядан өткен 1 757 мұғалімнің 46-сы шебер-педагог, 728-і зерттеуші-педагог, 540-ы сарапшы-педагог және 443-і педагог-модератор аталымдарының иегерлері атанды. ОЖІБ қорытындысы бойынша да біршама ілгерілеушіліктер байқалды: 4 сыныптар  ХІV орыннан VII орынға, 9 сыныптар ХІІІ орыннан VІІІ орынға және 11 сыныптар ХІ орынға табан тіреді. Ардақты ұстаздар! Бүгінгі үздік жетістіктеріңіз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін және алдағы жаңа оқу жылымен құттықтаймын!-деді Дінислам Болатханұлы.

Сондай-ақ, 1 қыркүйектен бастап, Павлодар облысының барлық мектептері мен білім беру ұйымдарында вариативтік компонент арқылы «Өлкетану» курсы енгізілмек. Мұнда балалар мен жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру және көптілді, соның ішінде мемлекеттік тілді тәжірибе жүзінде еркін меңгерту мақсаттары белгіленген. Алдағы уақытта оқушылардың функционалдық, қаржылық сауаттылығын арттыру да білім берудегі басты міндеттердің бірі ретінде қарастырылып отыр. Алқалы жиында білім беру мекемелерінде әкімшілік-шаруашылық қызметті есепке алу мен жоспарлаудың бұлтты ақпараттық жүйесі, жекеменшік бизнестің білім беру жүйесіне қатысуы, мектептегі медиация қызметтерін толыққанды жүзеге асыру жайында баяндамалар оқылды. Бұл — сыбайлас жемқорлықты болдырмаумен қатар, ұлттық педагогика негізінде оқушылардың педагогикалық-психологиялық және рухани тұрғыдан қорғалуына мұрындық болмақ.

Сонымен, тамыз кеңесі өзінің ең керемет, дәстүрлі әрі салтанатты марапаттау кезеңіне де келіп жетті. БжҒ министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев 2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша өңіріміздің білім беру саласына айырықша ерен еңбегі сіңген білім беру мекемелерінің басшыларына «ҚР Құрметті білім беру қызметкері» төс белгісін табыс етті. ҚР БжҒ министрлігінің республикалық «Дарын» ғылыми-орталығының кубогы халықаралық және республикалық олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсеткен Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған 8 лицей-мектебінің директорына табысталды. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев кәсіби-біліктілігімен ерекшеленген ұстаздар мен еңбек ардагерлерін аймақ басшысының Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады. Облыстық байқауларда 16 мекеме арасынан топ жарып, жеңімпаз атанған Павлодар қаласының №37 ЖОББМ-і Бас жүлдені жеңіп алып, 20 млн. 741 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлықты қанжығасына басты. Ал ауыл мектептері арасында орта білім беру мекемелерінің «ең үздігі» танылған Теренкөл ауданының №2 орта мектебі техникалық жабдықтар топтамасына ие болды. Павлодар облысы әкімінің 50 млн. теңге көлеміндегі гранты №96 «Радуга» сәбилер бақшасы, №8 мектеп-лицейі және Ертіс ауданының №2 жалпы орта білім беру мектебі мен Красноармейка агротехникалық колледжінің еншісіне бұйырды.

БАБЫКОВА Гауһар Қабдырқызы, Павлодар қаласының №8 мектеп-лицейінің директоры:

  • 50 миллион теңге көлеміндегі гранд, бұл — біздің дарынды балаларға арналған

№8 мектеп-лицейінің оқыту және тәрбиелеу жұмысының жеткен жоғары жетістіктері үшін беріліп отыр. Біздің оқушыларымыз облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда жыл сайын алтын, күміс, қола медальдарға ие болуда. Сонымен қатар, биыл 18 инновациялық жоба енгізілуде. Ал енді, осы қаражатты мектебіміздің техникалық базасын нығайтуға жұмсаймыз деп, жоспарлап отырмыз.

СӘРСЕНОВА Айнұр Тоқтарқызы, Павлодар облысы Ертіс ауданының №2 жалпы орта білім беру мектебінің директоры:

  • Облыс әкімінің бұл марапаттау бізге алғаш беріліп тұр. Соңғы 4-5 жыл

қатарынан біздің мектебіміз Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша 80 пайыз гранд иегерлері атанды, яғни 17 бала болса, 14-і, 20 бала болса, 16-сы, биыл міне, 25 баланың 20-сы гранд ұтқан болатын. Жылдағыдай, «Алтын белгі» үміткерлері өз білімдерін 100% дәлелдеп шықты. Бүгінгі марапатымызды осы көрсеткіштердің жемісі десек те болады.

 

Айгүл МОЛДАШ,

Павлодар қаласы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.